Қоғам алға дамып жатса халық арасында «бізді мемлекет асырауы тиіс» дейтін түсінікпен өмір сүретіндер бар. Мұны масылдық дейді. Шын мәнінде дамуға бет бұрған қоғамда мұндай көзқарастың болуы жақсы емес. Мамандар мемлекетте мұндай патерналистік көңіл-күй мен масылдық психологияның болуы мемлекеттің дамуын тежеп, азаматтық бастамалардың іске асуына кедергі келтіретінін айтады. Өйткені, олар мемлекет тұрғыны ретінде әрі сол елдің арақасүйер азаматы екенін сезінбейді. Сондай-ақ азамат ретінде арқасында үлкен жүк тұрғанын, елдің болашағы үшін жауапты екенін аңғармайды.
Көптеген мемелекет халқына әлеуметтік көмек көрсетеді. Бізде де сондай. Алайда осы әлеуметтік көмекті уақытша қолдау деп емес міндет деп түсінетіндер де бар. Әлеуметтік көмек азаматтардың дағдарыстан шығып, жұмысқа орналасып, табысы тұрақтанғанша берілетін жәрдем деп қабылдаған дұрыс. Осындай көмектің арқасында белгілі бір уақыт ішінде аяққа тұрып кетіп жатқан жандада жоқ емес. Олар масылдықты артқа тастап, алға ұмтылған жандар.
Осы орайда Шымкентте 13 мыңнан астам отбасы дағдарыс жағдайынан шықты. Бұл мәлімет Отбасының цифрлық картасы жүйесінен алынды. Аталған картада 84 өлшемшарт негізінде отбасыларды әл-ауқат деңгейі бағаланады.
Цифрлық картаның мәліметтері мемлекеттік органдар мен аудан әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ өңірлердегі жағдайды талдауға көмектеседі.
Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтері бойынша 2024 жылғы 1 тамызда «D» және «E» санаттары, яғни дағдарыс және мүшкіл санатындағы отбасылардың саны 81 091 отбасыны құраған еді. Жыл соңына дейін бұл санаттағы отбасыларды 5 пайызға (1 241 отбасыға) төмендету жоспары бекітілген болатын. Нәтижесінде, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 17,9 пайызға төмендеп, 13 241 отбасы дағдарыстан шығып, әлеуметтік тұрғыдан жақсарғаны белгілі болды.
Ағымдағы жылдан бастап, осы картаның деректері бойынша «D» және «E» санаттарындағы, яғни дағдарыс және мүшкіл жағдайдағы отбасылардың санын азайту мақсатында аудан әкімдіктерінің көрсеткіштері бағаланатын болады.
Осылайша аудан аудан әкімдері, тиісті мемлекеттік органдармен бірге, отбасыларды қиын немесе мүшкіл жағдайдағы (D, E) санаттардан жақсартылған санаттарға ауыстыру шараларын жүзеге асырады.