Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ішкі және сыртқы саясаттарын жетілдіре түсудің айшықты міндеттері нақты көрініс тапты. Әсіресе Президент еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетуді, олардың еңбегін бағалауды, насихаттауды тапсырған болатын. Бүгінде елімізде түрлі салада миллиондаған адамдар маңдай терін төгіп жүр. Қарапайым жұмысшыдан бастап, басшыға дейін респбуликамыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Олардың арасында жол сапасын бақылау мамандары да бар.
Соңғы жылдары Қазақстан жолдарында едәуір жақсару бар. Көлік министрлігінің мәліметінше өткен жылы республикалық маңызы бар жолдардың 90 пайыздан астамы стандартқа сәйкес келетіні анықталған. Бұл жол саласындағы мамандар еңбегінің нәтижесі. Дәл осы салада аянбай етіп етіп жүрген Шымкент қаласының тұрғыны Қайрат Шакиров. еңбек жолын қарапайым қызметкер болып бастаған Қайрат бүгінде жол жамылғысының сапасына жауап беретін ірі кәсіпорынның филиалында зертхана меңгерушісі және жетекші сарапшы лауазымдарында абыроймен қызмет атқарып жүр. Жол саласында 21 жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман.
«Жол құрылысы нағыз ер азаматтарға лайықты сала деп есептеймін. Өз қарым-қабілетіңді сынап көруге болады. Оның ішінде басшылық, ұйымдастырушылық қабілетті де. Бұл мамандыққа математика аса қажет. Себебі жол құрылысы тек құрылыс материалдарымен ғана өлшенетін сала емес. Оның барлығы есеп қисапппен атқарылатын жұмыстар. Зертханада біраз жұмыстарды үйрендім. Материалдарды көзбен көріп, іздендік. Мұның барлығы тәжірибенің арқасында деп ойлаймын»,- дейді ол.
Жол сапасын тексеріп, жаңдайын бағамдап, ақауларды анықтау сарапшының күнделікті басты міндеті. Қандайда бір кемшіліктер анықталған жағдайда ақау тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады. Мамандардың сөзінше соңғы 20-30 жылда жолдардың жағдайы мен сапасын бақылау әдістері жақсарыпты.
«Бізде жол саласы өте жақсы дамып келе жатыр. Құрылыс кезінде жол сапасына оң әсер беретін полимерлік қоспалар қолданылады. Ал автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау және диагностика әдістері жақсарып келеді»,- дейді Қайрат Шакиров.
Айта кетсек 2023 жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы әлемнің 130-ға жуық елі қатысқан халықаралық бағдарламаға енген.