Кітапхана – рухани байлық

Еліміздің болашағы жарқын болу үшін,ең алдымен ұрпағымыз білімді,рухани деңгейі жоғары болуы қажет.Ол үшін адам көп оқып, көп ізденуі керек.Түсінген адамға кітап-баға жетпес байлық. 

Screenshot_27.jpg

Қазақ халқы кітапты қасиетті, құдіретті зат деп түсінген. «Кітап-білім бұлағы,білім-өмір шырағы», «Кітаппен кеңес-білімдімен теңес» деп кітапты жоғары бағалаған.

«Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген ұлылардан қалған сөз бар. Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, идеология мәселесіне көп көңіл бөлу керектігін баса айтты. Сондай-ақ, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтіп, арнайы тапсырма берді.

«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деді Президент.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасында «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімі жасақталды. Оған қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1770 шығарма енді. Оның 76 пайызы отандық, 24 пайызы әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері. Отандық шығармалар қатарына Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев сында қаламгерлердің шығармалары енді. Ал әлем әдебиетінің тізімінде Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Александр Островский, Вальтер Скот, Михаил Лермонтовтың еңбектері бар. Тізімді жасақтау үшін арнайы құрылған комиссия қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары, мектеп кітапханашылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ескерді. Жасақталған тізім ішінде көне классикалық әдебиет, тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілері бар. «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту.

Кез келген ақпаратты алу үшін ғаламторға жүгінетін көптеген жастардың кітап оқуға ынтасы жоқ. Мұның бірден бір себебі бала ерте жастайынан ұялы телефон, түрлі планшет, гаджеттермен өседі. Дегенмен әрбір ата-ана кітаптың бала миының өсіп, дамуына, рухани өсіп жетілуіне зор үлесі бар екенін білуі тиіс. Баласының дамып, жетістікке жетуін қай ата-ана оң көрмесін. Бірақ ол кітап оқымай, болмайтын дүние. Кітап оқу миға жаттығу секілді. Заманына сай қазір кітапты электронды нұсқада оқи аламыз. Бірақ қағаз парақтап, әр сөзіне үңіле оқығанға жетпейді. Осы кезде баланы көптеген кітаппен танысуына септігін тигізетін кітапханалардың жөні бөлек. Осы орайда Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің жәй-күйімен танысып қайтқан болатынбыз. Мұндағы жаңа формат, оқырман мен кітапханашы арасындағы ерекше қатынас жас оқырманға ұнары анық.

Заманауи жаңғырған балалар кітапханасы әрі кітап оқып, әрі демалып, өзара байланыс пен дамудың ордасы болған. Әдеттегі сөрелер орнына түрлі-түсті орындықтар орналасқан балалар залы, оқу залы, жасөспірімдер залы, сонымен қатар, жұмыс жасау залы сияқты жанға жайлы бөлмелерге бөлінген. Кітапхана меңгерушісі Фарида Абдрахманқызының берген мәліметінше, кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 418 046 дананы құраса, оның ішінде балалар әдебиеті – 390 492 дана. Кітапхана мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге, жылына жалпы 392 мыңдан астам келушіге қызмет көрсетеді. Кітапхана қоры көркем шығармалармен, мектеп бағдарламасына қосымша балаларға арналған анықтамалық әдебиеттермен, танымдық, сала жанрлары бойынша балалар әдебиеттері мен қиял-ғажайып, шытырман оқиғалар, ертегілермен толықтырылған. Тіпті балаларға ойын алаңшасы да қарастырылған. Ең кішкентай оқырманға сөйлейтін, әуенді кітаптар қойылса, сәл үлкендеріне 3Д, 4Д кітаптары қолжетімді. Кез-келген гаджет қосымшасы арқылы кітаптың беті тіріліп, түрлі әлемге жетелей кетеді. Ал классикалық әлем әдебиеті, фантастика, қазіргі проза, комикстердің өз оқырманы бар. Әсіресе балалар арасында достық, ғажайып пен магия оқиғасы бейнеленген Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» кітабының қазақша нұсқасы танымал екен.

Балаларға қызмет көрсететін қалалық кітапханалардағы кітап қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша отандық, шетелдік ақын-жазушылардың әдебиеттерімен толықтырылады. Оның басым бөлігі көркем әдебиеттер болса, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға оқырман сұранысына орай танымдық кітаптар алынады. Дегенмен кітапхана қорында шет елдік баспа кітаптары көп болып шықты.

Кітапхана 14 жасқа дейінгі балаларға арналған, дегенмен одан жоғарыларға да кітаптар табылады. Қала аумағында 14 бөлімшесі бар. Кітапхана маңындағы мектеп оқушылары орталыққа кітап іздеп қана қоймай түрлі іс-шараларға қызыға келеді. Кітапханада оқу үрдісін жаңғырту, жастарды қызықтыру мақсатында «Айна», «Жақсы адам мен жарты сағат», «Кел сырласайық қыздар» клубтары жұмыс істейді.

– «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен тең». Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың рухани дүниесін байытуға атсалысып, дүниетанымын кеңейтудің маңызы зор. Біздің кітапханалар жүйемізде «Өзің оқы, өзгені қызықтыр» атты арнайы жоба түзілген. Жоба аясында балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында түрлі іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, бұл іс-шаралар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай түрлі бағытта ұйымдастырылады. Мәселен театрландырылған қойылымдар, рөльдік және әдеби ойындар, мәнерлеп оқу, байқаулар, интеллектуалдық ойындар, викториналық сайыстар түрінде. «Ертегімен есейемін» жобасы да жемісті болды. Отбасылық кітапхананың ерекшелігі, балалардың зейінін кітап оқуға бұру үшін арнайы тәртіп қарастырылған. Оқырман келгенде телефонын арнайы ұяшыққа қалдырады. Әжелер немерелерімен келіп, ертегі оқып кетеді. Осылайша бала біршама уақытын смартфонсыз өткізеді. Ал, кітапханашылардың жас оқырман үшін барын салып, кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруға жұмсаған күш-жігерлері кітапханаға деген сұраныстың артпаса, кемімегенін көрсетеді, – дейді Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Сауғамбаева.

Кітапхана бөлімшелерінде мерейтойлық әдеби кештер үзбей өтіліп тұрады.  Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы, Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына ұйымдастырылған кештер оқыцрмандар есінде қалады. Осы сияқты Астана күні, Домбыра күні секілді мерекелер кітапханада атаусыз қалмайды.

– Кітапхана ұжымы үнемі ізденісте жүреді. Ұжым болып жаңа бағдарламалар мен техникаларды меңгеріп, алға ұмтылады. Әсіресе жабдықтау бөлімінің мамандары мақтауға лайық. Барлық кітапты жатқа білеміз десек те болады. Кейде балалар кітапхана қорында жоқ кітаптарды сұрайды. Қазір балалар талғампаз. Мысалы бүгін бірнеше кітаптар тізімін жабдықтау бөліміне тапсырдым. Олардың ішінде Харуки Муракамидің бірнеше кітабы, Михаил Лабковский, Ханья Янагихара секілді авторлар бар. Келешекте бұл авторлар да біздің сөрелерден табылып қалады деп сенеміз. Біздің мақсатымыз кітапханаға жазылған әр оқырман қайта айналып соқса, әр оқыған кітабынан бір ой түйсе, – дейді кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Наталья Перевалова.

Кітап бұл руxани байлықтың кілті. Кітап оқыған адам білім көкжиегі кең, сөздік қоры бай, мәдениетті, байсалды, тез шешім қабылдауға бейім, өз пікірін еркін жеткізе алатын болады. Жалпы жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға көмектеседі.

Әлем бойынша жапон халқы кітапты ең көп оқитын елге жатады. Жәй қарапайым күншығыс елі тұрғыны жылына 170 кітап оқыса, ғылым жолын қуған азаматы жылына 240 кітапқа дейін оқып тауысады екен. Ал, 14-15 жасар жеткіншек бір жылда 70 кітап оқиды деген дерек бар. Олардың дүкендеріне бір жылда 25 мыңнан астам кітап сатуға түседі екен. Әрбір жапондыққа 11 кітаптан келеді. Күншығыс елінде бірнеше мыңнан астам баспа үйі бар, жылына шамамен 500 миллион дана кітап өнімдерін шығарып отырады. Егерде жаңа технологияның барлық түрі осы бір елде ойлап табылып, жасап шығарылып, өзге де өркениетті елдерге таратылатынын ескерсек, жапондықтардың кітапқұмарлығына сүйсінбеске шараң жоқ. Олар қолына кітап алып, оқуды мәдениеттіліктің негізгі түріне айналдырған. Қазіргі кезде әлемнің ғалымдары мен дәрігер психологтары кітапты көп оқыған адамның ойлау қабілеті, ақылы да, мәдениеті де жоғары болатынын дәлелдеп отыр. Жапонияда өсіп келе жатқан жастардың кітап оқып, білім алуына айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінде Жапония балалардың кітап оқу белсенділігін қолдау туралы арнайы Заң шығарған жалғыз ел болып отыр. Ол жерде ауқымды ұлттық саясат жүргізіледі. Олар балалармен тікелей жұмыс істейтін кітапханаларға арнайы қолдау білдіреді. Жапаонияда балалардың кітап оқуын бақылайтын әлеуметтік институт қалыптасқан. Сол себепті мәселенің жүйелі шешімі қарастырылған. 2001 жылдан бастап Балалардың кітап оқуын қолдау туралы Заң қабылданған. Оның басты мақсаты балалардың оқу қабілетін арттыратын негізгі принциптерді жүзеге асыру. 23 сәуір Жапониядағы балалардың кітап оқу күні болып белгіленген.

«Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», деді Мемлекет басшысы.

Келешекте «Балалар кітапханасы» жобасы балалар әдебиетінің дамуына жаңа серпін беріп, қазақ баспаларынан сапалы кітаптар шығады деп сенеміз.

Айта кетейік, қазіргі күні еліміз бойынша мектептердегі балалар әдебиетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Страницы истории шымкентского городского драматического театра
  • Русский драматический театр Шымкента: источник знаний и нравственных ценностей
  • Кошкар ата: целебные родники древнего мавзолея
  • Маршрут по «пушкинским местам» Шымкента
  • Городище Шымкент: частичка древней истории посреди мегаполиса
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер