Зейнеп Ахметова: «Әдет-ғұрпың мен қазақтық қасиетің ғана ұлтты сақтап қалады»

Зейнеп Ахметова қазақ еліне халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Б.Момышұлының келіні, тәлімгер, этнограф, жазушы, қоғам қайраткері ретінде жақсы таныс. 

Screenshot_22.jpg

Оның ұлттық тәрбиелік мәні зор өсиетті сөздері мен әңгімелерін жастар ғана емес, үлкендер де ұйып тыңдайды. Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы жас ұрпаққа ұлықтап, көркем түрде жеткізіп келе жатқан Бауыржандай батырдың келіні Зейнеп апаның ұлттық құндылықтарды зерделеп, оқырманға әр жазбасында айтып келе жатқаны мәлім. 

«Қай ұлттың болсын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы - сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар - бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ-мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы - әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты» дейді бір сөзінде. 

Биылғы Шымқалаға сапарында «Қайырымды қала құндылықтары» жобасы аясындағы «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» атты кездесу өткізді. Кездесуді  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашты. Ел анасы жиналған көпшілікпен екі сағаттан аса емен-жарқын сырласып, естеліктері мен ғибратты, өнегелі әңгімелерімен бөліскен болатын. 

Жиынға мектеп оқушылары, қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, педагогтер мен өзге де сала қызметкерлері қатысты. Әсіресе, кездесуге келген жастардың қарасының көптігі қуантты.

Сырласу кешінде Зейнеп апа алдымен Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер айтты.

– Атаның келіні деген атақты көтеріп жүру оңай емес. Сосын осынша мақтау-мадақты мен өзімнен өткізіп, атаға айтылып жатыр деп қабылдаймын, – деп бастады Зейнеп апа әңгімесін. – Атамыз «Балам, ұлттық құндылықтарды, ұлттың қадір-қасиетін мен саған айтам, сен балаңа айтасың. Ол өзінің баласына айтады. Сөйтіп, бір әулетте қазақтың қадір-қасиеті сақталады» дейтін. Үстелді тарс еткізіп ұрып: «Көзіме тура қара. Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айтқын. Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба. Жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа. Қатарыңнан ассаң да, халықтан аспайсың, халықтың алдында басыңды иіп жүр» дейтін. Сол өсиетпен шамам келгенше ел-жұрттың алдында басымды иіп, үйде отырып-ақ, қазаққа, халыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігімді тигізіп, ұлттық рухтың өзегінен жастарға нәр беріп, солар білсе екен деп жүрмін. Былай қарағанда, кімге кім келін болмай жатыр. Небір атақты адамдардың келіндері бар. Бірақ, оларды ешкім де білмейді. Мені біледі. Көшеде кетіп бара жатсам таниды, суретке түседі. Соның бәрі менің ерекшелігім дейсіздер ме? Оның барлығы атаның биік рухы, қасиетті әруағы. Біраз жыл болса да, сол кісінің қолына су құйып беріп, шайын қайнатып, үлгі-өнегесін тыңдағанымның арқасы, сол кісінің сөздерін жастарға жеткізуге тырысқаным үшін ғана мені халық танып, біліп жатыр. Олай болса, бұл үлкен жауапкершілік... Аманат арқалаған адаммын дейтінім сол,– дейді Зейнеп Ахметова.

Батырдың келіні ұлттық дәстүрімізге қайшы әдеттерді қатаң сынап, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл аудару қажеттігін атап өтті. Қоғамдағы дін мәселесіне қатысты пікірін айтты. «Батыста заң басым, заңға қарсы ешкім тұра алмайды. Шығыс дінге бағынады. Мұсылман мемлекетіміз деп шариғат заңына бағынады. Заң да, дін де қорқытып, сескендіреді. Бірақ екеуінде де «ұят» болады деген сөз жоқ. «Ұят» қазаққа ғана тән ұғым. Қазақ бір ғана ұят боладымен көп нәрсені шешкен. Алдымен қазақсың, содан кейін мұсылмансың. Егер дін ұлттың үстіне шығатын болса, ұлт жойылады. Олардың түпкі мақсаты сол. Олар «Аллаға серік қосып тұр» деп келінге сәлем етуге де тыйым салады. Құранның қай жерінде «Үлкенге құрмет көрсетпе» деп жазулы екен?! Солар жылда Меккеге барғанда қара тас қағбаны жеті рет неге айналып жүр? Ол серік қосқан емес пе? Қара тасқа саусақтың ұшын тигізу үшін аяғының астындағы адам мыжылып жатса да, қарамайды. Рас, Қағба – қасиетті жер. Дүниежүзі мұсылмандары бас қосатын жер. Бірақ, ол Құдай емес қой. Қазақтың қызы күйеуге шыққанға дейін басына орамал салмаған. Қазақтың небір сәулетті бас киімдері мен ұзын етек, ұзын жең киімдері, жабағайлары бар. Бірақ соңғы кездері қара киіп, тұмашаланғандарды жиі кездестіреміз. Олар қазақтың емес, араптың киімін насихаттап жүр. Қазақтың өз салты өзіне жеткілікті. Бүгінде біздің салт-дәстүрімізге «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп шабуыл жасалып жатыр. Неше түрлі тыйымдарды шығарып жүргендер бар. Қазақта «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деген керемет сөз бар. Өкінішке қарай, бізде кейде сол ықтырма болмай жатыр. Ол ең алдымен сенің тілің, сол тіл арқылы таралатын ұлттық қадір-қасиетің, менталитетің, салт-дәстүр, әдет-ғұрпың. Біз қаласақ та, қаламасақ та, жаһандану заманы жан ұшырып келіп жатыр. Бір уыс қазақ жұтылып кетпес үшін не керек? Әрине, тосқауыл керек. Ол – айтып өткенімдей, сенің тілің, салт-дәстүр, әдет-ғұрпың мен қазақтық қасиетің. Осы ғана ұлтты сақтап қалады деп ойлаймын, – дейді Халық Қаһарманының келіні.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Страницы истории шымкентского городского драматического театра
  • Русский драматический театр Шымкента: источник знаний и нравственных ценностей
  • Кошкар ата: целебные родники древнего мавзолея
  • Маршрут по «пушкинским местам» Шымкента
  • Городище Шымкент: частичка древней истории посреди мегаполиса
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер