Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің

a5f39336-74fc-4dae-b668-59d6afadc064.jpg

Бүгінгі таңда Түркістан облысының аумағында 1 ғана ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесі жұмыс атқарады.  

Осы аталған мекемеде аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар мен қылмыстардың қайталануы кезінде бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген 400-ге жуық сотталған жазасын өтеуде.  

Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің экстремизм және терроризмге қатысты баптары бойынша 14 азамат сотты болған. Бұл сотталғандардың басым көпшілігі интернет желісінің құрбаны болғандар. 

Соның бірі осы мекемеде жазасын өтеуші Азамат Қайырғалиев: мектеп қабырғасын орташа бағамен оқып, 9-шы сыныптан кейін Орал қаласындағы колледждің бірінде «салық ісі» мамандығы бойынша оқуға түстім. Қаладағы мешіттерге барып жүріп дінге деген қызығушылығым арта түсті. Кейін ауылға қайтып келген соң, намазхан сыныптас досдарым себеп болып 2012 жылы ораза айында намаз оқи бастадым. Бәрінен бұрын анам қатты қуанып еді. Себебі оған дейінгі өмірімде көшеде, ішімдік дегендей, үйге түннің бір уақытында келетінмін. Осылардың бәрінен намазға жығылған соң тыйылдым. Жұмыстан басқа уақытта үйдемін. Осыған анашым қатты қуанып еді, ол қазір болса жылап отыр. «Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» демекші намазға жығылуымның арты түрмеге қамалуыма дейін әкеп соқты. Оны кім ойлаған?! Кінә өзімнен.

Алғашында мешіт имамдарынан намазды Абу Ханифа мазһабы бойынша үйреніп, оқи бастадым. Достарымның ықпалымен Сауд арабиясының шейхтары Абдулуахаб, Альбани     деген адамдардың кітаптарын  оқып, мәзһаптан бас тартып, намазды «сүнна» бойынша оқи бастадым. Интернет желісінен араб елдерінің шейхтарының жағымсыз уағыздарын тыңдап, мешіт имамдарын адасқан, бидғатшы (дінге жаңалық енгізуші) деп айыптадым. Имамдардың айтқанын тыңдау былай тұрсын, оларға ұйып намаз оқымайтын болдым. Себебі тыңдаған уағызшыларым оларға деген жаман көзқарсымды қалыптастырды. Дәстүрлі көзқарастың орнына радикалды көзқарастар пайда болды. «Мұсылман мен кәпірдің айырмасы намаз» деген хадисті тікелей түсініп намаз оқымайтын адамдарға мұсылман емес «кәпір» деп олармен соғысу керек, оларды өлтіру сауап, сол жолда шаһид болуды дұрыс деп жүрдім. Қазақ елін «кәпірлер» елі, жер бетінде шариғатпен үкім ететін ислам мемлекеті болуы тиіс. Өзін мұсылман деп санайтын адам сол елге хижрат етіп (көшіп) барып, сол жақта өмір сүру керек деп ойладым. Сөйтіп жүргенде Сирия жерінде Ирак пен Шам өлкесінде ислам мемлекеті құрылды деп интернеттен жар салды. Олардың іс-әрекетін күні бүгінге дейін қолдап келдім. Сол жаққа кетіп қалуды ойлап жүрген күндерімде болды. Бірақ отбасымды анамды қимадым. 2016 жылы жаз айларында Ақтөбе қаласында Ирак пен Шамдағы ислам мемлекетін қолдап жүрген бір топ адамдармен қарулы қақтығыс жасады. Бірнеше адам қайтыс болды. Олардың әрекетін дұрыс деп ойладым және солай айтып жүрдім. Кейін Ақтөбедегі жағдайды сегіз адамның бастамасымен Орал қаласында қайталау мақсатында ниеттеніп жүрген кезде көп уақыт өтпей қамауға алындым. ҚР ҚК-нің бірнеше баптары бойынша айыпталып, он бір жылға бас бостандығымнан айырылдым. 

Қазіргі уақытта Түркістан обылысындағы ИЧ-167/9 мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Оңалту жұмыстарын жүргізетін мекеме қызметкерлері мен имам-теологтардың діни танымдық түсіндіру жұмыстары арқасында көп нәрселерді түсініп жатырмын. Сирия жеріндегі жағдай діни жағдай емес саяси қарулы қақтығыс екенін түсіндім. Бидғат, такфир, хижрат, тағут мәселелерінің кең мағыналарын түсінбей, тікелей түсініп радикалды көзқарастарда болғаным надандығым екенін ұқтым. Бір адамның ғана айтқанын тыңдап, көзсіз еріп кетуге болмайтынын, Құран аяттары мен хадистердің мағынасыналарының астарлы мағыналары бар екенін айтып, тікелей түсінбеу керектігін білдім. Дін мәселесінде ҚМДБ-на жүгіну міндеттігін түсіндім. Мекеме қызметкерлері мен имам-теологтарға айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта адасқан көзқарасымнан қайтып, тура жолға нық тұратын мақсатым бар. Отбасыма тезірек оралып, жылап отырған анамды жұбатып ризашылығын алсам деймін, - деп көз жасына ерік берді. 

2019 жыл басынан бүгінгі таңға дейін ИЧ-167/9 мекесіне жалпы саны 103 рет діни ұйымдардың өкілдері келіп, радикалды идеологияға иммунитет қалыптастыру және радикалсыздандыруға бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Осы орайда 3 желтоқсан күні Қазақстан діни мұсылмандар басқармасына қарасты Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Арман Қуанышбаев пен Үсен Сауырбаев ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіндегі сотталғандарды топтық және жеке түрде қабылдады. Яғни сотталғандарға «Еліміздегі діни ахуал», «Абу-Ханифа мазһабының біздің елге енуі», «Мемлекет пен дін және зайырлы мемлекеттің түсінігі» төңірегінде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.   

Бірігіп жүргізілген ақпараттық түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде жазасын өтейтін теріс діни ағымды ұстанатын 9 сотталғанның діни көзқарастары түзеліп, оңалту жұмыстары оң нәтижесін беруде. 

Тура жолдан адаспайық, Отанды сүю иманнан екенін ұмытпайық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкент: Онлайн дәрістерді жергілікті телеарналар да көрсетеді
  • Шымкенттегі блок бекеттерде ыстық тамақ берілуде
  • Шымкентте 26 мың 308 колледж студенті қашықтықтан оқып жатыр
  • Шымкенттегі балабақшалар жұмысын тоқтатқанмен қызметкерлердің жалақылары толық төленеді
  • Шымкенттегі 213 білім беру ұйымы қашықтықтан оқыту форматына көшеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер