Шымкент қысқа дайын

Шым.jpg

Бүгін Шымкент қаласы бойынша авариялық-құтқару және қалалық жол қызметтерінің қыс мезгіліне дайындығы жөнінде баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ. 

Аталған брифингте белгілі болғандай, «2019-2020 жылдары қыс мезгілінде төтенше жағдайларға дайындық туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 31 қазандағы №948 бұйрығына сәйкес қыс кезеңіндегі төтенше жағдайларға байланысты жағдай қиындаған кезге Шымкент қаласы ТЖ департаментінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілген. Олар – 49 техника және жеке құрамнан 297 адам, оның ішінде «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ – 30 техника және жеке құрамнан 200 адам; жедел-құтқару жасағы – 17 техника және жеке құрамнан 90 адам; медицина апаттар орталығының филиалы – 2 техника және жеке құрамнан 7 адам. 

Сондай-ақ, Шымкент қаласы аумағынан ұзындығы 34 шақырым республикалық маңызы бар жолдарының авариялық-қауіпті учаскелерінде жол-көлік апаттарында жедел түрде медициналық көмек көрсететін 3 жол медициналық-құтқару пункттері жұмыс жасайды. Ал, қыс мезгілінде көшелерді қардан тазалау және құм себу жұмыстарына 4 мердігер мекемелер «ЛТД Тұрмыс», «Байтерек ЛБ», «Югдорсервис», «NURTAU servis» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмылдырылады. Шымкент қаласында қыс мезгілінде көшелерді қардан тазалау және көшелерге құм себу жұмыстарына 151 техника мен 1181 жеке құрам дайындыққа келтірілген. Одан бөлек, көк тайғаққа қарсы инертті материалдардың қоры 19307 м3 – құм, тұз – 1738 тонна құрап отыр. Жалпы қыс мезгілінде 25 бағытта ұзындығы 2976,6 км құрайтын 225 көшеде жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында қыс мезгілінде төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты қабылдау үшін 129 жиналу эвакуациялық пункті дайындыққа келтірілген.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Шымкент қысқа дайын