Білім мен спорт - егіз

спорт.jpg

Леңгір қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған, бір мезетте 210 адам жаттыға алатын заманауи үлгідегі спорттық сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Төлеби ауданына іссапармен барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған спорт кешенінің лентасын қиып, 2003-2004 жылы туылған мектеп оқушылар арасында баскетболдан облыстық турнирдің қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Бүгінде, Түркістан халқы қайта жаңғырып жатыр. Оның ішінде әлеуметтік салаларға ерекше көңіл бөлінуде. Бірінші кезекте спорт нысандары бой көтеруде. Түркістанда үлкен футбол стадионы, оқушылар сарайы, 50 метрлік бассейн салынып жатыр. Спорт ойындары волейбол, баскетбол, гандбол залдары салынып жатыр. Осының бәрі жасөспірімдерге арнайы жасалынып жатқан тарту. Сонымен қатар, барлық аудандарда осы секілді спорт орталықтары, заманауи сауықтыру кешендері ашылуда. Ал, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқасында осы спорт кешені салынды. Бұл кешен спорттың барлық түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Жасөспірімдердің жетіліп, өсуінде спорттың маңызы өте зор. Бірінші, әрине білім. Мен қашан да болса жасөспірімдерден «сабағың қалай?» деп сұраймын. Оның ішінде «есеп сабақтары қалай?». Екінші сұрағым «спортпен айналысасыңдар ма»? Осы екі нәрсені міндетті түрде бірге алып жүру керек. Адамның денсаулығында медицинаның үлесі 10-15 пайыз ғана екенін ғалымдар дәлелдеген. Қалған бөлігінде адам өз денсаулығын қалыптастыруы тиіс. Оның ішінде салауатты өмір салты, одан кейін спорт. Спортпен айналысып, денені шынықтыру қажет. Міне, сондықтан да біз бұл салаға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Осында барлық жағдайы жасалған кешенде шыныққан жастарымыз спорттық бәсекелерде жеңімпаз атанып, байрағымызды биіктетеді деп ойлаймыз, деді облыс басшысы.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынған жобаның құны  434,6 млн. теңгені құрайды. Негізгі құрылысын «Аслай» ЖШС-і жүргізген спорттық кешенде 1400-ден астам жасөспірім спорттың футбол, волейбол, баскетбол, күрес, бокс, самбо, каратэ, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, грек-рим сынды түрлерімен айналысуда.

– Бұл нысан мемлекет пен жекеменшік серіктестіктің арасындағы ынтымақтастықтың арқасында салынып отыр. Жасөспірімдерді спорттың он бір түріне баулиды. Спорттық-сауықтыру кешеніне жасөспірімдер мен еңкейген қартқа дейін келіп жаттығуына болады. Ересектерге арналған арнайы жаттығу залы да бар. Спорттық нысан іші арнайы құралдармен жабдықталып, келушілерге жағдай жасалған. Алдағы уақытта осы спорт кешенінен болашақ олимпиада чемпиондарының шығатынына сенемін, – дейді «Алтай» ЖШС директоры Абзал Тағайұлы.

Жоғарыда атап айтқанымыздай, Адами әлеуметті дамыту басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған 2003-2004 жылы туылған мектеп оқушылары арасындағы баскетболдан облыстық жарысқа барлық аудандар командалары қатысуда. 

– Бұл турнирдің ерекшелігі тек қана ойыншылар ғана емес, оларды қолдап келген, чирлидинг би жарысына қатысушы қыздардың биші командалары мен жанкүйерлері. Демек, басты мақсатымыз – топпен жүру мен ұйымдастыру қабілетін дамыту және топтың ішкі мәдениетін қалыптастыру. Аймақта өздерінің бар екендігін білдіріп,, жастарға үлгі көрсету. Жастар арасындағы келеңсіз жайттардың алдын алып, оған қарсы тұру. Сол арқылы әлеуметтік саланы дамыту. Мұндай спорт кешендері облысқа қарасты барлық аудандарда жүзеге асып жатыр. Түркістандағы спорт кешені үлгі ретінде алынып, бүкіл аудандарға осы форматта спорт нысандарын құру тапсырылды, – дейді Адами әлеуметтік дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев.

Бүгінде Төле би ауданының дене шынықтыру және спорт саласындағы материалдық-техникалық базасы біршама нығайған. Оған тұрғындардың спортпен тұрақты түрде айналысуын қамту мақсатында салынған 357 спорттық нысан куә бола алады. Одан бөлек,  биыл Қасқасу ауылынан жеке кәсіпкер М.Қозыбақовтың демеушілігімен құны 150 млн теңгелік спорттық сауықтыру кешенінің құрлысы жүргізілуде. Оған күні кеше Бірінші Мамыр ауылдық округі Бейнеткеш ауылында жеке кәсіпкер Бағила Әшірбаеваның демеушілігімен «Байтерек» жабық кіші футбол алаңшасы ашылғанын қосыңыз. Мұның барлығы да білікті басшы, аудан әкімі Бауыржан Омарбековтың ұйымдастырумен жүзеге асып жатқан үйлесімді тірліктер екенін айту да парыз.

Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Білім мен спорт - егіз