"Жәннатқа асығыңдар деді": Сириядан қайтқан әйел сұмдық жайттың бетін ашты

Картинки по запросу в рабстве женщина

Осы жылдың мамыр айында "Жусан" операциясымен Сириядан оралған қазақстандық келіншек соғыс алаңындағы сұмдықтың бетін ашты. "Жәннатты" аңсап, адасқан әйел көрген қиындықтары жайлы баяндады деп жазады "Замана" басылымы.

Аты-жөні көрсетілмеген келіншектің намаз оқып, Сирияға кетуіне күйеуі себепкер болған екен.

2009 жылы 11 сыныпты бітірген ол Қарағандыға оқуға түсіп, болашақ жарымен кездескен көрінеді.

"Төртінші курстың дипломын жазып жатқан уақытта үйге екі азамат келді. Күйеуім солармен бірге бірден Сирияға барамын деп шешіп, ілесіп кетіп қалды. 2014 жылдың шілде айында мен де сол жаққа кеттім.

Басында бәрі жақсы еді. Соғыс жүріп жатқанымен жеңістің артынан жеңіс келіп жатты. Біз шариғат жерінде тұрып жатырмыз деп ойладық.

Соғыс бізден алыс жерде жүрді, біз әйелдер бала-шағамызбен қалада тұрдық", - деп бастады ол әңгімесін.

Қазақстандықтар Сирияның шын мәнінде қандай екенін 2017 жылы аңғарыпты. Сонда ғана биліктің қарапайым халыққа деген көзқарасы белгілі болған екен.

"Сол жылдың желтоқсан айында қонақта отырған жолдасымның үстіне бомба түсіп, көз жұмды. Себебі бомбалау қаланың ішінде, біз тұрып жатқан жерде басталған еді.

Біз соғыстың дәл ортасында жүрдік, жанымыздан оқтар ұшып, жарылыстар болып жататын. Сол кезден бастап әр жерге бір көшіп жүрдік, аштыққа ұшырадық. Жергіліктілер бай тұрды, қарындары тоқ еді.

Ал басқа елден келгендер ешкімге керек болмады. Біз жесірлер бір үйде тұратынбыз. Қайыршы секілді жан-жақтан тамақ сұрай бас­тадық. Елге оралуға жол іздегенімізбен Қазақстанға қайту өте қауіпті еді",- деді ол.

Келіншектің сөзінше, соғыс алаңында адамдар "жәннатқа бару" үшін өздерінің жанын құрбан еткен екен.

"Ол жақта көп адамдар жәннатқа барамыз деп өз-өздерін жарып жіберіп жатты. Себебі, "жәннатқа баруға асығыңдар" деп адамдарды осыған шақырды. Кейіннен лагерьлерге шықтық.

Ол жерде жарылыстың кесірінен аяғы не қолы жоқ, тағы да басқалай жарақаттанған адамдар көп болды. Оларға ешқандай медициналық жәрдем берілмеді, дәрі-дәрмек те жоқ, ешкім қарамайды, тіпті аяқтары құрттап, шіріп, сасып жатқандар да кездесетін. Мұсылмандар қатты қиналып жатты",- дейді келіншек.

Сирияға екі баласымен барған әйелдің бір бүлдіршіні жарылыстан көз жұмған.

Келіншектің сөзінше, онда балалар мектепке бармаған. Себебі, 12-13 жасынан бастап жеткіншектер қолдарына қару алып, соғысқа дайындалыпты.

"Еркектерінде екі-үш әйелден болады. Мен екінші, үшінші әйел болғым келмегендіктен отбасымен бомбаның астында қалып, әйел, бала-шағасынан айырылған мүгедек адамға тұрмысқа шықтым. Бірақ ол күйеуіммен аз уақыт тұрдым",- деп баяндады ол.

Қазақстандық әйел отанға 2019 жылдың мамыр айында "Жусан" операциясымен оралған.

Ал басқалары елге қайтып бара жатқан келіншектерге қызыға да, қызғана да қараған көрінеді.

"Себебі лагерьде түн ішінде келіп зорлап немесе өзіңді алып кетуі мүмкін, ақшаңды, тамағыңды тартып алады, базарға шығармайды, ұрып-соғады. Ол жерден шыға алмай жылап отырған адамдар көп", - дейді ол.

Жұмақты аңсаған әйел адасып кеткені үшін жақындарынан кешірім де сұрады.

"Мен ата-анамнан кешірім сұраймын. Мен оларға ислам дінін жаман жағынан көрсетіп алдым. Олар қазір менің намазымнан, орамалымнан, діннен қорқады. Ислам – мейірімділіктің діні. Мен оларға исламды жақсы жағынан көрсеткім келеді. Тек біздер адасып кеттік",- деді келіншек.