
Мақтаарал ауданында биылғы көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізіліп, мақта егу науқаны жалғасуда.Аудандық мәслихаттың депутаты Молдабеков Сәбит Сейдуллаұлының күн парағынан.
Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі дақыл саналатын мақтаны егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аудан бойынша егістік алқаптарының шамамен 75 пайызына мақта шиті себіліп үлгерді.
Жалпы Мақтаарал ауданында 60 мың гектардан астам егістік жер бар. Оның басым бөлігі дәстүрлі түрде мақта дақылына тиесілі. Биылғы науқанда диқандар заманауи агротехнологияларды қолдана отырып, сапалы тұқым себуге және өнімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Осыған орай “AIIG KAZAKHSTAN” мақта өңдеу зауытының техникалық базасы мен жаңа маусымға дайындығын пысықтау мақсатында арнайы жиын өткізілді. Кездесу барысында зауыттың қабылдау мүмкіндігі, техникамен жабдықталуы, логистикалық жұмыстар мен диқандармен өзара байланыс мәселелері жан-жақты талқыланды.
Диқандардың еңбегі – ел экономикасының тірегі. Сондықтан олардың өнімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасау басты назарда. Биылғы ауа райы қолайлы болып, мол өнім алуға мүмкіндік береді деген сенім бар.
Барша диқандарға табыс пен береке тілейміз!
