
Қарт Қаратау қойнауындағы сырлы Созақ даласында, Шолаққорған ауылының ішіндегі орталық саябақта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті.
Аталған игі шараны «Ауыл» партиясының Созақ аудандық аумақтық ұйымы ұйымдастырып, оған партия белсенділері, аудан тұрғындары және «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық ұйымының аналары белсене қатысты.
Сенбілікке «Ауыл» партиясы атынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Салыбек Қайрат Келесұлы арнайы келіп, қолдау көрсетті.
Іс-шара барысында орталық саябақ аумағы тазаланып, қураған шөптер шабылып, айналаны абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Табиғатты аялау мен туған жердің көркеюіне үлес қосу мақсатындағы бұл сенбілік көпшіліктің бірлігін айқындаған тағылымды шараға айналды.
Сенбілікті ұйымдастыруға Созақ аудандық аумақтық ұйымының төрағасы Бабиев Аманкелді Әбибуллаұлы мен «Ауыл» партиясы атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Сапарбаев Рыскелді Ұнсарыұлы ұйытқы болды.
Шара соңында аналарға құрмет көрсетіліп, партия белсендісі Жартытөбе бастауыш ұйымының төрағасы Әлтеков Рүстем Сарманұлы баян аспабымен әсем ән шашуын тарту етті. Бұл көрініс сенбілікке ерекше рухани жылулық сыйлап, қатысушылардың көңілін көтерді.
Тазалық пен татулықты ту еткен бұл бастама елдік пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.
