
Бүгін «Ауыл» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған «Батамен ел көгерер» республикалық батагөйлер байқауының Түркістан облыстық кезеңі қорытындыланды.
Аталған байқау қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бата дәстүрін дамыту және оның қоғамдағы тәрбиелік маңызын арттыру мақсатында өткізілді.
Қатысушылардың жұмыстары «Ауыл» партиясы Түркістан облыстық филиалы тарапынан қабылданып, жинақталды.
Облыстық кезеңге өңірдің 15 қала, ауданынан барлығы 15 қатысушы қатысып, 15 бата ұсынылды.
Байқау жұмыстарын бағалау үшін арнайы қазылар алқасы құрылды:
– Әжіметов Нұржан Нұрмаханбетұлы – қазылар алқасының төрағасы, өңірлік филиал аппаратының басшысы, облыстық мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі;
– Лауланбекова Роза Тәліпбайқызы – филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы;
– Белгібаева Гүлнұр Әбубәкірқызы – PhD докторы;
– Керимбаева Сания Есенгелдіқызы – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор;
– Қалдығозов Нартай Әшірбайұлы – өңірлік филиал кеңесшісі.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды.
Жеңімпаздарды өңірлік филиал төрағасы және Шымкент университетінің ректоры Сейітқұлов Нұрлыбек Ақынұлы марапаттады:
I орын – Сармұханов Сайын Қайыпұлы (Жетісай ауданы) – 100 000 теңге;
II орын – Керімбеков Режепбай Тәшімұлы (Сарыағаш ауданы) – 70 000 теңге;
III орын – Ерментай Тұрғынбекұлы (Төлеби ауданы) – 50 000 теңге.
Сонымен қатар, байқауға белсенді қатысқаны үшін арнайы сыйлықтармен Бабашев Абай Құнанбайұлы (Түркістан қаласы) және Абдалимов Аманбай (Түлкібас ауданы) марапатталды.
Іс-шара аясында келушілер «Ауыл нақыштары» фотокөрмесін тамашалады.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Түркістан облысының Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониясының дәстүрлі әншілерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген халық даналығына сай бұл байқау ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі болды.
