Жасы үлкен студенттер саны бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр

image.png

2025-2026 оқу жылының басында Қазақстанның жоғары оқу орындарында жасы 60-тан асқан 96 адам білім алып жүр. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда екі есе көп, деп хабарлайды Data Hub Telegram-арнасы.

Мәліметте атап өтілгендей, бұл санатқа магистратура, докторантура, резидентура бағдарламаларында оқитындар кірмейді. Яғни, тек бакалавриат деңгейінде білім алып жатқан студенттер.

Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, 60 жастан асқан студенттер саны 2009 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткен. Дәл сол жылы бұл жас санаты алғаш рет ресми статистикада жеке көрсеткіш ретінде тіркеле бастаған.

Қазіргі 96 студенттің үштен екісі, яғни 63 адам Шымкент қаласындағы жекеменшік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олардың басым бөлігі – әйелдер, атап айтқанда 41 студент. Алматы қаласында осы жас санатындағы 14 студент тіркелген, олардың 12-сі әйел адам.

Сонымен қатар жасы 60-тан асқан студенттердің үлесі жалпы студенттер санының небәрі 0,01 пайызын ғана құрайды. Алайда жасы 35-тен асқан студенттер әлдеқайда көп. Ел бойынша бұл санатта 22,8 мың адам оқиды, бұл жоғары оқу орындарындағы барлық студенттердің 3,4 пайызына тең.

Жасы 35-тен асқан студенттер саны бойынша да Шымкент қаласы алда тұр. Мұнда 3,8 мың адам немесе қаладағы барлық студенттердің 4,1 пайызы осы жас санатына жатады. Одан кейін Алматы қаласы – 3,4 мың студент (1,6 пайыз), ал Батыс Қазақстан облысында жасы 35-тен асқан студенттер саны 3,3 мыңға жуықтап, өңірдегі барлық студенттердің 12,3 пайызын құрап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс өмір бойы білім алу тұжырымдамасының біртіндеп қалыптасып келе жатқанын және ересек жаста да жаңа мамандық меңгеруге деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Парманов Шымкент қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы болып тағайындалды
  • Жасы үлкен студенттер саны бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр
  • В Шымкенте запущена подстанция «Ақжар»
  • «АҚЖАР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
  • ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ЖӘНЕ БАСЫМДЫҚТАР: ЗАҢ, ТӘРТІП ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер