Қырғызстан Алтай Республикасындағы «Қар барысы» орталығына үш барысты табыстады, деп хабарлайды КАБАР-ға сілтеме жасаған ҚазАқпарат.
— Бұл сирек кездесетін аң түрін реинтродукциялау және Алтай-Саян аймағындағы популяциясын күшейту жолында маңызды қадам болды, — деді Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы — Президент әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев халықаралық экологиялық форум барысында.
Оның айтуынша, барыстарды табыстау тек символдық қадам емес, сонымен қатар тау экожүйелерінің тұрақтылығына нақты үлес болып саналады. Ол Қырғызстан мен Алтай Республикасының қар барысын және табиғатты қорғау саласында табысты ынтымақтастығы бар екенін атап өтті.
— 2019 жылдан бері биоәртүрлілікті сақтау, экологиялық соқпақтар ашу және ғылыми экспедициялар өткізуге бағытталған 10-нан астам бірлескен жоба жүзеге асырылды. Қар барыстарын табыстау — біздің ортақ миссиямыздың жалғасы, — деді Касымалиев.
Сондай-ақ ол 2024 жылы Қырғызстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 қазанды Халықаралық қар барысы күні деп жариялағанын еске салды. Елде барысты ұлттық символ ретінде тану туралы президенттің жарлығы бар және оны қорғауға арналған мемлекеттік стратегия жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Қырғызстанда қар барысының популяциясы 500-ден асады.
Касымалиев көршілес елдердің аумақтарын қамтитын трансшекаралық экологиялық дәліздер құру арқылы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге шақырды.