Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен мегаполистегі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына Марат Пашимов тағайындалды. Ол бұған дейін «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Марат Орынбасарұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «жалпы медицина» мамандығы бойынша, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Кардиология орталығында мейіргер болып бастады. Одан кейін Облыстық клиникалық ауруханада анестезиолог-реаниматолог, реанимация бөлімшесінің меңгерушісі болып жалғастырды. 2008-2009 жылдары Телемедицина орталығының меңгерушісі, 2009-2015 жылдар аралығында Облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары, 2015-2017 жылдары Шымкент қалалық №3 емхананың бас дәрігері, 2017-2020 жылдары аралығында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған. 2020-2023 жылдары Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы еңбек етті.
Жоғары біліктілік санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі Марат Пашимов коронавирус пандемиясы белең алған кезде Түркістан облысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды. Нәтижесінде Түркістан облысы пандемия аяқталғанға дейін қызыл аймаққа енбеген еліміздегі жалғыз өңір болды.
3 жылда облыстың медицина ұйымдары 12 дана компьютерлік томографпен, 12 дана жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етілді. Ал, өңірдің медициналық жедел жәрдем қызметі 133 автокөлікпен қамтамасыз етіліп, бұл автокөліктер жедел жәрдем қызметі паркін 96 пайызға жаңартуға мүмкіндік берді.
Өңірдің емдеу мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтау үшін 2020-2022 жылдары жалпы сипаттагы трансферттер есебінен 1724 дана медициналық құрал жабдық сатып алынды. Тарқатып айтсақ, 2020 жылы – 205 дана, 2021 жылы – 525 дана, 2022 жылы – 994 дана. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде медициналық техникамен жабдықтау көрсеткіші 84,77 пайызға жетті.
2021 жылы Түркістан қаласындағы 200 төсек-орынға арналған тез құрылатын модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, пайдалануға берілді. Құрылыс, инфрақұрылымды дамыту бойынша 2020-2021 жылдары 15 денсаулық сақтау нысаны салынса, 2022 жылы 31 денсаулық нысанның құрылысы жүргізілді. Тарқатып айтқанда 1 емхана, 1 жедел медициналық көмек станциясы, 5 дәрігерлік амбулатория, 13 ФАП, 11 медициналық пункт 29 ауылда пайдалануға берілді.
Ана мен бала денсаулығын сақтау облыста акушер-гинекологтармен 93 пайыз, босандыру ұйымдары неонатологтармен 88 пайыз, анестезиолог-реаниматологтармен 89 пайыз, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары және ауруханалар педиатр мамандарымен 94 пайыз қамтамасыз етілді.
Жоғары технологиялық медициналық көмек жоғары мамандандырылған көмектің 18 түрі жүргізілді. Оның ішінде кардиохирургия, нейрохирургия – 111, травматология – 12, урология – 31, хирургия – 5 және т.б.
2022 жылы Түркістанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің 35 отырысы өтті. Бұл отырыс 2022 жылы Қазақстан Республикасының ТМД-ға төрағалығы шеңберінде ұйымдастырылды. ТМД-ның 11 елінен барлығы 70-ке жуық қатысушы және ДДСҰ өкілдері келді. Солай Түркістан әлем назарын аудартқан дәрігерлердің ғылыми практикалық алаңына айналды.
Одан басқа 2022 жылы Түркістанда травматология және ортопедия медицина саласын дамытуға арналған «Заманауи травматология және ортопедия көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Психикалық денсаулық. Заманымыздың жаңа сын-қатерлері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция және т.б. конференциялар өтті.
Сонымен қатар, облыс дәрігерлері Ұлыбритания мен Ресей профессорларынан тәжірибе алды. Облыстық клиникалық ауруханада, облыстық балалар ауруханасында, облыстық тері-венерологиялық диспансерінде, Сайрам аудандық ауруханасында мультидициплинарлық мастер-класттар өткізілді.