Төрттаған

Халық тілеуқор ғой, таудан қар барысы түсіпті деп қаңтардан бері бірнеше рет айтты. Кие тұтқаны, қастерлегені. Енді ел еңсесі көтеріледі, қасиет қонады, айбатымыз артады дегені. Киелі, текті аңның тегеурініне сүйінгені. Толғақты кезеңнің түйіні тарқатылар деп топшылағаны. Соның жерге түсуінен елге ырыс келеді деп түйсінгені.

Screenshot_5.jpg

Арғы бабалардың аң стилі атан­ған айшығы мен өрнегінен де, алтын киімді сақ жауын­герінің өне бойынан да, темір дәуіріндегі ескерткіштерден де барыс бейнесін көреміз. Барыс айбаттылық пен қайраттың, тектілік пен мықтылықтың, өжеттік пен өміршеңдіктің, елдік пен ерліктің, тыныштық пен жайлылықтың символы бол­ғанын байқаймыз. Осы­дан екі мүшел бұрын, 1986 жыл­дың желтоқсанында отаршыл жүйенің озбырлығына қар­сы атылған жастардың отты көзі­нен де осы барыстың рухын көр­ген жоқ па едік?!. Сол жыл да Барыс жылы болатын. «Барыс жы­лы – намыс жылы» деген сөз де со­дан бері артықша мән алған. Өз­ге­рісті талап еткен өрімдей өске­лең жастардың өжеттігін де барысқа балағанбыз.

Бізден ілгеріде өткендер Барыс жылын бірлік жылы деген екен. Бірлік, Абайға сүйен­ген­де, ақылға бірлік. Ар мен на­мыс­тағы бірлік, адам­дық пен адал­дықтағы бірлік, сенім мен сертке бірлік, мақ­сат пен мұраттағы бірлік, мүд­деге бірлік. Бір бай­рақтың астын­дағы біртұтас бай­тақ елдің бірлігі. Ұлан-ғайыр қазақ даласы Ұлыстың ұлы кү­нін қарсы алғанда біз осы бір­лікті көрдік.

Қаңтар қасіретінен қамкөңіл болған елдің қайта серпілгенін сезіндік. Күн мен түн теңелер қастерлі мезеттің қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматын ұсынды.

Ұлыстың ұлы күнінің мәнін арттырып, мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Әдетте жыл соңында берілер марапаттардың жыл басында берілуі де Наурыз мерекесінің нақышына нақыш қосты. Алаш баласының ардақты құн­ды­лықтарының ақ бесігі – Алматы шаһа­рына арнайы барды. Алакөңіл болған ал­матылық қауымның ортасына барып, ор­далы жиын өткізді. Ел құшағында емін-еркін, қатарласып, қапталдасып жүр­ді, етене араласты, елдіктің, бірліктің сөзін айтты. Қорғанған жоқ, қолдасты, бөлек­тенген жоқ, біріге түсті. Осы арқылы Мемлекет басшысы өзінің шынайы халықтық Президент екенін көрсетті.

«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаң­ғыру жолы» атты 16 наурызда жасаған Жол­­дауында да елді үлкен өзгерістер күтіп тұр­ғанын меңзеген еді. Сол өзгеріс­тердің рухын сезіне бастадық. «Ассалаумағалейкүм» деп басталған Алматыдағы сөзді тыңдаған сәт­те елдің де, ел басшысының да нар емес, ар ғана көтеретін үш жылды артқа тастап, ал­дағы Жаңа Қазақстанға жан-тәнімен ұм­ты­лып тұрғанын аңғармау мүмкін емес еді.

Сол сәттен үш жыл бұрын, 2019 жылдың 20 наурызы күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Респуб­ликасы Президенті міндетін атқарушы болып тағайындалған еді. Ойлы да сойлы, қиындығы мен қауіп-қатері, азабы мен мехнаты қатар келген осы үш жыл ел жадында ерекше қалары белгілі. Осы уақыт елге де, ел басшысына да жеңіл тиген жоқ. Қиын күндердің қамытын шешіп, күрделі кезеңнің күрмеуін тарқатып, ел қалаған ерен күндерге деген ұмтылыс – ұлттың мұраты. Абдыратқан Арыстағы жарылыс, қордаланған Қордай мәселесі, торықтырған Тараздағы жарылыс, үш жылға созылған пандемия, қасіретті Қаңтар оқиғасы бәрімізді әрі-сәрі күйге түсіріп, әбден титықтатқан, өзекке от салған жай еді.

Осының ішінде ең қауіптісі – Қаңтар қасіреті болды. Әуелі бейбіт басталған шеруде ел талабын айтты, ер мұратын айтты. Әлеуметтің арзуы ескерілді. Ал одан кейінгі астаң-кестеңнің астарын­да әскери төңкеріс болғанын ашық айтуы­мыз керек. Ол жағдай ешқашан да ел тол­қуының тасасында, көптің көтерілісінің көлеңкесінде қала алмайды.

Қара күшке сенген сыбайлас топ­тың билікті күшпен басып алуға деген тал­­пынысын әуелде тап басып тани ал­мағаны­мыз рас. Тіпті әлі де осы оқиғаның ақ-қарасын ажыра­тып, оның зардабы мен залалын толық сезініп үлгерген жоқ­пыз. Оның қандай қор­қынышты құбы­лыс еке­нін уақыт өте келе білерміз. Шын­дық­тың беті ашыл­ғанда күйзелерміз, күйерміз, түр­ші­герміз. Әскери төңкеріс жасауға ұм­тыл­ғандар Президентке көпе-көрнеу жал­ған ақ­параттар берді. Шындығы қайсы, шыл­ғи өтірігі қайсы екені белгісіз осы шым-шы­ты­рық ақпараттар ағыны бізді де шыр­ға­лаңға салды. Ал оның теріс пиғылын танып, табанды қарсы тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік пен тұтастықты сақтап қалды.

Құдай бетін әрі қылсын, егер әскери төң­керісшілердің түпкі ойы жүзеге ас­қанда не болар еді? Ойлаудың өзі қорқы­нышты. Бірақ ойлау керек, ойлану керек.

Ең әуелі белгілі бір топтарға ұнама­ған реформалар топтамасы тоқтар еді, мемлекеттің дамуы тежеліп, артқа шегі­нер еді, әлемдік қауымдастық төңкері­ліп жатқан жұрттың ауылын алысқа қон­дырар еді. Халықаралық беделден айы­рыл­ған мемлекетіміз арық бойлаған қағаз қайықтай қаңғалақтар еді. Ең сұмдығы, төңкеріс – елдің тағдырын талқы мен тәлкекке салып, созылмалы дертке ұласар еді. Оның мысалын алыс-жақын мемлекеттерден де анық көріп отырмыз.

Зорлық-зомбылық арқылы билікке келген төңкеріс ешбір елді ұшпаққа шы­ғарған емес. Ұйығына тартып, ұйқы-тұй­қы күйге түсіреді. Демократияға деген барлық талпыныс басып-жанышта­лып, дүлей диктатура билік құрар еді. Оның сыртында ел бүлініп, тозған бөз­дей сетінер едік. Бетін аулақ қылсын.  Құдай­шы­лығын айтқанда, біз осындай бір сұмдықтан, алапат зауалдан аман қалдық.

Өткенге саламат. Өшкенімізді жағар­мыз, өртелгенімізді жаңартармыз, өлгені­міз­дің өмірін ел мұратының жолында жал­ғастырармыз. Осы қиындық пен қауіп-қатерге толы үш жылда, әсіресе Қаңтар қасіретіне дейін және кейін біз Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аза­маттық болмысының жаңа қырлары ашыл­ғанын көрдік. Бұл сипаттар бір ғана адам­ның бойында емес, тұтас халықтың, әсі­ресе біз үкілеп үміт күтіп отырған жас­тар­дың бо­йында болуы керек. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда осы төрт­таған – төрт қасиетті, төрт тіректі алуымыз қажет-ақ.

Санамаласақ, біріншісі, тазалық. Ары да, қолы да таза адамның жолы да таза болады. Билікке таза қалпында келген Тоқаев сенімге серт беріп, сол таза­лығын сақтап отыр. Оған бір ғана мысал, наурыздағы Жолдауында айтыл­ған  Президенттің жақын туыстары­на саяси мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы басшылық қызмет атқаруға заң жүзінде тиым салу туралы бастамасы.

Екіншісі, туралық. Атамыз қазақ «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Әділдік, әділеттілік принциптеріне негіз­делген құқықтық мемлекет құру – Президенттің бас­ты ұстанымы болғанын білеміз. Біз мұ­­ның көрінісін оның мериократиялық при­нцип­терінен, жемқорлыққа қарсы күресі­нен, эконо­микалық реформаларынан, сая­си трансформациясынан көріп отырмыз.

Үшіншісі, тереңдік. Өзін өзі қазған адам ғана жүрегінің түкпіріндегі жауһар­ды таба алады. Ал өзіңді қазу үшін білім керек. Президенттің бірнеше тілге жетік болуы, әлемді жақсы тануы, қан­дай өзгеріске де стра­тегиялық әзірлігі, халықаралық ұйым­­дар­дағы іс-тәжірибесі, адам тануы, ел қалауын ерте сезінуі осы тереңдіктің белгісі.

Төртіншісі, табандылық. Қаңтар қасі­ретінің алғашқы күндерінде ел көңі­лін үрей мен қорқыныш билеген мезет­те «Ешқайда кетпеймін. Мемлекет құламайды» деген Пре­зиденттің бір ауыз сөзі есімізді жиғы­зып, еңсемізді көтерген еді. Осы табан­дылық қасиеті осы уақыт бойындағы күрескер­лігінен, қауіп-қатерлермен бетпе-бет келуінен, түбегейлі өзгерістер жасауға деген бетбұрысынан-ақ анық көрінді.

Осы төрттаған – тазалық, тура­лық, тереңдік, табандылық сынды төрт қа­сиет төр­дегі­­ден төмендегіге дейін тұмар бол­са, төрт құ­бы­ласы тең ел болудың да ауылы алыс болмас еді. Сол арқылы жаңа Қазақ­­­стан­ның жаңа құндылықтарының, шы­найы құндылықтарының қатарын толық­тыра отырып, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырарымыз анық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Елге келген қандастардың неше пайызы еңбекке жарамсыз
  • Қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтердің жаңа түрлері қолжетімді
  • Мемлекет басшысы Қазақстанның шет елдердегі бірқатар Елшісін тағайындады
  • Ресей: Теракт болған күні Крокустан 5 мыңнан астам адам эвакуацияланған
  • Президент терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер