Махажанов Шөкеевті мойындамай ма?

«Бұл өте маңызды мәселе. Жүйелілігі жоқ жұмыстың шикілігі шығады. Оған жол берген жауаптылардың кінәсін нақты фактімен дәлелдеп, жазалайтын боламыз». 

Screenshot_7.jpg

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс активімен өткен жиында осылай деді. Байқасаңыздар, облыс басшысы соңғы кездері қарамағындағы қызметкерлерін қатаң жазалауға көшті. Бұған дейін бір топ атқамінерлердің бюджет қаржысын игермеуге байланысты тәртіптік жазаға тартылып жатқанын біз өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған едік. Міне осы аптада Шөкеев тағы да шенеуніктерге шүйлікті. Облыстық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, бұл жолғысы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға қатысты. Арнайы жиында осы саладағы көптеген кемшіліктер ортаға салынған. Облыс әкімі осы кемшіліктер үшін нақты тапсырмалар беріп,  тапсырманы осы жолы орындаудан тайқығандар кресломен біржолата қоштасатынын қатаң ескерткен. Әлеуметтік шиеленістердің болуына жол берген, тиісті жұмыспен қамту жұмыстарын жүргізбеген жұмыспен қамту орталықтарының басшылары жұмыстан босатылады. Сонымен бірге ауыл әкімдерінің, жұмыспен қамту орталықтары мен бөлім мамандарының біліктілігін анықтау мақсатында желтоқсан-қаңтар айларында тестілеу жұмыстары жүргізіледі. Айтпақшы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда кемшілікті көп жіберген өңір Кентау қаласы болып шықты.   

Жалпы Кентау қаласындағы жүйелі кемшіліктер туралы біздің газетімізде биыл бірнеше мақала жарияланды. Соның бірінде біз  қалада атаулы әлеуметтік көмектердің дұрыс тағайындалмағаны, осы салаға бөлінген қаржылардың тиімсіз игерілмегені, ал кентаулық көпбалалы аналардың облыс әкімдігінің ғимаратына барып, наразылық білдіргені, ақыр аяғында осы және басқа да  заңсыздықтары үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рита Қожабекованың жұмыстан кеткенін жазған едік. Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда жіберген заңсыздықтары үшін қалалық халықты жұмыспен қамту  орталығының бөлім басшысы С.Досов та орнынан босатылғаны белгілі болып отыр. Ал Шөкеевтің жиынынан кейін Кентаудың әкімі, соңғы кездері онсыз да жиі сынға ілігіп жүрген Дәурен Махажановқа қандай тәртіптік жазаның бұйыратынын уақыт көрсете жатар. Айтпақшы, сын демекші, Д.Махажанов кемшілікті жазғанды оншалықты жақтыра бермейтін әкім екендігін байқатып алған сияқты. «Рейтинг» газетінде жарияланған мақаланы («Махажанов Елбасының тапсырмасын да елемей ме? «Рейтинг» газеті №47, 5 желтоқсан 2019 жыл) «Ойнет» порталы көшіріп басқан екен. Осы материалдың астына кентаулық тұрғындар үн қосып, әкімдерін құрғақ мақтауға көшті. Осындай «ақпараттық шабуылдан» кейін Кентаудың әкімі Дәурен Махажановты «жаптым жала, жақтым күйемен» сынаған сияқты күй кешіп қалғанымыз да рас. Бірақ шын мәнінде солай ма еді? Сондықтан оқырманның назарына бірқатар мәселелерді айта кеткенді жөн санап отырмыз.  

Біріншіден, облыстық бюджетте 3,4 миллиард теңге қаржының игерілмей қалуы жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында арнайы қаралған болатын. Сол жиында Кентауды биыл газбен қамтамасыз ету жүйесіне бөлінген 144 миллион теңгенің игерілмей қалғаны айтылған. Оны біздің қолымыздағы облыстық Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы берген ресми мәлімет те растайды. 

Екіншіден, өткен аптада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жиынында 10 көрсеткіш бойынша Кентау қалалық филиалы жұмысының ең соңғы орын алғаны, облыс әкімі, облыстық филиалдың төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің осыған байланысты Дәурен Махажановқа ескерту жасағаны белгілі. Сонда қалай, «тырнақ астынын кір іздеп» жүрген немесе мақалаға тапсырыс берген облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев болғаны ма? Сонда бұл әкімге «адвокат» болу ма әлде Махажанов пен Шөкеевтің арасын шиеленістіру ме? Махажанов Шөкеевтің айтқан сынын мойындамай ма? Бұл «Шөкеев қателеседі» дегенді аңғарту ма? 

Осы мақалаға “Nur Otan “ партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағынбек Асылбеков «қазан айының қорытындысы бойынша филиал төрағасы емес бірінші орынбасар ретінде менің жіберген кемшілігім екендігін назарларыңызға жеткіземін» деген пікірі басшының алдындағы ақталу ма әлде Кентаудағы мыңдаған «нұротандықтардың» алдындағы ақталу ма? Қандай жағдай болса да филиалдың жұмысына бірінші басшысы жауап береді емес пе? Егер оны филиалдың жұмысынан бөліп алсаңыз, онда оның несі төраға? Әлде бұл Махажановтың партияның шаруасымен мүлдем айналыспай, бәрін бірінші орынбасардың мойнына арта салатынын мойындау ма? 

Үшіншіден, біз Махажановтың жұмысын түгел ақтарып,  бастан-аяқ баға беруден аулақпыз. Махажанов Кентау қаласының әкімі болып келгелі көп жұмыстар атқарылған шығар. Жақсы жұмысты ешкім бір жаққа көтеріп кетпейді ғой. Біздің бұл мақаланы жазудағы мақсат — біреуді жаманатты ету емес, орын алған кемшіліктерді көрсету. Кентаулық шенеуніктер бұдан жақсы қорытынды шығарып жатса, нұр үстіне нұр. Айтпақшы, осындай у-шудан кейін Кентау қаласы әкімі Дәурен Махажановтың баспасөз қызметіндегілер хабарласып, осы мақала бойынша газетімізге өздерінің уәждерін жазбаша түрде жіберетінін айтқан еді. Кешегі күнге дейін күттік. Келмеді.

Бақытжан Әбдірашұлы,

"Рейтинг" газеті, №48-49, 2019 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер