Болатбек Әлиев елді тағы шулата бастады

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев алқалы жиында  бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекеттік - жекеменшік әріптестік тетігін тиімді әрі белсендірек қолдану қажет екенін атап өтті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұрғаны да осы жиында айтылды. Бірақ осы бағыттағы жобалар қаншалықты тиімді жүргізіліп жатыр? Егер ол тиімді болса, кімге тиімді? Жекеменшікке ме, әлде мемлекетке ме? Өкінішке қарай, бұл сауалдың жауабына келгенде екіұдай күйде қалатыныңыз рас.   

Screenshot_8.jpg

Орта арнаулы  оқу орындарында мамандарды даярлау және оларды жұмыспен қамту қай кезде де өзекті мәселе. Соңғы жылдары бұл тақырып жиі қозғалып жүр. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда колледждердің жұмысына сын айтылады. Алайда «бес саусақтың бірдей еместігі» де рас. Заман ағымына ілесе алмай, жұмысын ширата алмай жатқан колледждер жоқ емес. Сонымен бірге білікті басшылардың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жақсы нәтиже көрсетіп, тасы өрге домалап тұрған оқу орындарының бар екендігін де баса айту керек шығар.  Қазір орта арнаулы оқу орындарына қатысты түрлі бастамалар да бар. Осы бастаманың бірі - колледждерді жекеменшік кәсіпорындарға сенімді басқаруға беру. Мұның ақырының немен аяқталарын кім білсін. Бірақ облыста колледждерді жекелеген компаниялардың қанжығасына байлап беру науқаны басталып кеткен сияқты. «Экс-шенеунік, кейінгі жылдары ауыл шаруашылығымен айналысушы кәсіпкер ретінде танылып жүрген Болатбек Әлиев облыстағы екі бірдей іргелі колледжді сенімді басқаруға алмақ» деген әңгіменің де шыққанына біраз болып еді. Бізге мәлім болған ақпараттарға қарағанда, жуырда ол нақты жүзеге асатын сияқты. Алайда маман даярлаудың басы-қасында жүрген білікті педагогтар мұның соңының орта арнаулы оқу орындарының жаппай күйреуіне алып баратынын айтып, дабыл қағуда.   

Осы жөнінде жуырда Болатбек Әлиевтің өзі де «фейсбуктегі» парақшасында пост жариялапты. Ол колледждерді сенімді басқаруға беру бастамасын қолдайтынын,  тіпті осы іспен айналысуды қолға алғанын да мойындапты. Бірақ соған қарамастан кешегі шенеунік, бүгінгі кәсіпкер колледждерді сенімді басқаруға алудың оның компаниясына экономикалық тұрғыдан ешқандай пайда бермейтінін де алға тартады. Сонда бұл неғылған қисынсыздық?  

Себебі Б.Әлиев қазіргі маман даярлау ісін түбегейлі өзгерткісі келеді екен.  Өйткені ол бүгінгі заман талабына жауап бере алмайды-мыс.  

Колледждер даярлайтын мамандардың біліктілігі ешқандай да сынға шыдас бермейтінге ұқсайды. Оның үстіне колледждердің материалдық техникалық базасы ескіріпті. Оқытушылар біліктілігі төмен, өз ісінің мамандары емес көрінеді. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Маман даярлау ісін шенеунік пен бизнестен басқа тәжірибесі жоқ,  өмірінде ұстаздық етіп көрмеген, колледждердің жұмысынан бейхабар адам түбегейлі өзгертпек. Сонда Әлиев заманынан асып туған көреген, данышпан, ал мына жақта колледждердің отынымен кіріп, күлімен шыққан ұстаздардың бәрі ақымақ болғаны ма?  Мұның ең қиыспайтын жері осы болып тұр.  

Қазірдің өзінде бастамаға қарсы дау айтушылар көбейіп келеді. Болатбек Әлиев күні кешеге дейін мемлекеттік қызметте істеген. Әйтеуір түрлі жағдайлармен шенеуніктік карьерасынан қол үзіп қалды. Қазір шаруашылықпен, алма бауын егіп, жеміс шырынын шығарумен айналысады. Осыдан екі-үш жыл бұрын Әлиевтің Сайрам ауданындағы алма бауына Елбасының өзі арнайы барып қайтқан болатын. Алайда Әлиевтің компаниясы үлкен шаруашылық емес. Мұндай орта деңгейдегі шаруашылыққа әрқайсысында 1 миллиард теңгелік бюджеті бар екі бірдей колледжді бере салғаннан кім ұтады, кім ұтылады? Әлиев  ешқандай пайда көрмейтінін өзі мойындап отыр. Ал бизнес дегеніңіздің пайда табу қағидасымен жұмыс істейтіні бесенеден белгілі ғой. «Осы алыс-берістің арғы жағында бір гәп бар ма?» деген күдіктің қылаң беріп тұрғаны да рас. Егер Әлиев шынында да ел дегенде ет жүрегі елжірейтін, халық үшін қызмет істегенде пайда қуаламайтын  нағыз патриот болса, неге тірлігі тұралап тұрған колледждерді сенімді басқаруға алмайды? Оның материалдық-техникалық базасы мықты колледждердің жалына жабысқаны қаншалықты рас? Мұның астарында да ойланатын біраз мәселе бар сияқты.    

Жалпы Болатбек Әлиев өткен-кеткенінде ақтаңдақтар көп азамат. Оның екі  мыңыншы жылдардың басында кеденде жүріп, істі болып, сотталғаны, кейін рақымшылыққа іліккені, мемлекеттік қызметке келер кезде оған қатысты үкімнің күші жойылғаны республикалық ақпарат құралдарында талай жазылды. Шенеуніктік еңбек жолында Болатбек Әлиевтің  соңынан осы бір қырсық қалмай-ақ қойды. Облыстық әкімдікте көлік басқармасының басшысы, одан кейін облыс әкімінің орынбасары болған жылдары оның бұрын сотты болғанын «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов те қайта-қайта айтумен болды.  2013 жылдың мамырында Әлиевтің өзі тәрбиелеген кадры - сол кездегі облыстық көлік басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілігіп, қамауға алынды (рас, бір жылдан кейін ол сотта ақталып шықты). Артынша Әлиевке тікелей бағынатын құрылыс басқармасының басшысы Альмира Орманшинаның үстінен жемқорлық қылмысы бойынша іс қозғалды.  Бұл Әлиевтің (осы жылдары ол Нәжметдинұлы деп жазылып жүретін) карьерасына қатты соққы болып тиді. Ақыр осындай у-шулардан кейін отставкіге кеткен Әлиев еді... Енді елді қайтадан шулата бастады.   

Сонымен бұл сенімді басқаруға беру ме, әлде сенімсіз басқаруға беру ме? Әліптің артын бағып көрелік. 

Бақытжан Әбдірашұлы,

"Рейтинг" газеті, №48-49, 2019 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер