Түркістанның өндірістік әлеуеті Үндістанда таныстырылды

1.jpg 

Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған іскерлік форумда Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен өндірістік әлеуеті таныстырылды. Үндістанның Тамиланд штатындағы Ченнай қаласында өткен «Қазақстан – Үндістан» іскерлік, сауда және инвестициялық форумына еліміздің мемлекеттік органдары, ұлттық компаниялары, бизнес қауымдастығы мен өңірлерінің өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков бастап барды.

Түркістан облысының атынан форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек қатысты. Ол өңірдің инвестиция тарту бағытындағы басымдықтарын таныстырып, Үндістан кәсіпкерлерін бірлескен өндірістік жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Форумның негізгі өзегі – екі мемлекет арасындағы сауда көлемін ұлғайту ғана емес, капитал мен технология тартуға, бірлескен өндірістер ашуға және дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді іскерлік байланыстар қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысының үндістандық бизнес үшін ұсынатын мүмкіндіктері аз емес.

Форум барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек сөз сөйлеп, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің алғысы мен сәлемін жеткізді. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар мен іскерлік орта өкілдеріне өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстырды.

– Үндістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар өзара құрметке, сенімге және берік тарихи-мәдени байланыстарға негізделген. Бүгінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты даму қарқынына ие. Өзара ынтымақтастықтың арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 923 млн АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде, Түркістан облысының үлесі 3 млн АҚШ долларына жетті. Биыл Астана қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді қолдап, осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенімдімін. Түркістан – Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ғана емес, сонымен қатар инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптасып отырған қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз үшін ең маңыздысы – қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыру. Түркістан облысы үндістандық инвесторлармен ашық және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайын, – деді ол.

Түркістан облысы үшін шетелдік инвестор тартудың мәні тек қаржы көлемін ұлғайтумен шектелмейді. Өңірдің қазіргі экономикалық саясатында өндірістің технологиялық деңгейін көтеру, жергілікті шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару және импортты алмастыратын кәсіпорындар санын арттыру мәселесіне басымдық беріліп отыр.

Бұл бағыт елімізде қалыптасып келе жатқан жаңа өнеркәсіптік саясатпен де сабақтас. Қазақстанның берік өнеркәсіптік қалқанын қалыптастыру үшін өндірістік қуатты ұлғайтып қана қоймай, негізгі тауарлар мен технологияларды өз ішінде өндіретін кәсіпорындар желісін дамыту қажет. Сондықтан Түркістан облысында өңдеуші өнеркәсіпті жедел дамытуға, өндірістерді әртараптандыруға және оқшаулау үлесі жоғары жобаларды іске қосуға ерекше мән берілуде.

Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі және басқа да бағыттарда жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар. Мұндай өндірістердің пайда болуы өңірдің ішкі нарығын өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті кәсіпорындардың ірі жобаларға қатысуына, қосалқы өндірістердің қалыптасуына және экспорттық әлеуеттің артуына жол ашады.

Облыстың өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов форум қатысушыларына өңірдің экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Бүгінде облыста индустриялық-инновациялық дамудың негізгі тетіктерінің бірі – инвесторға дайын инфрақұрылым ұсыну. Өңірдегі индустриялық аймақтарда электр энергиясы, газ, су, жол сияқты инженерлік желілер тартылған өндірістік алаңдар қарастырылған. Бұл кәсіпкерлердің өндірісті орналастыруға кететін бастапқы шығынын азайтып, жобаларды іске қосу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге шағын өнеркәсіптік парктер арқылы кәсіпкерлерге дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе кейін сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағы терең өңдеуге бағытталған инвестициялық жобаларды орналастыруға арналған маңызды өндірістік алаң ретінде қалыптасып келеді. Мұнда инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.

Түркістан облысының өнеркәсіптік картасында шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға көшу үрдісі де байқалады. Қазақстан әлемдік уран өндірісінде жетекші орындардың бірін иеленсе, Түркістан облысы елдегі уран өндіру және өңдеу саласының негізгі орталықтарының бірі саналады. Бұл өңірдің минералдық-шикізаттық базасының ғана емес, өнеркәсіптік тәжірибесі мен өндірістік инфрақұрылымының да қалыптасқанын көрсетеді.

Алайда жаңа индустриялық кезең үшін шикізаттық әлеуеттің өзі жеткіліксіз. Өңір үшін маңызды міндет – сол ресурстарды барынша жоғары деңгейде өңдеп, қосылған құны мол өнімге айналдыру. Осы себепті инвестициялық саясатта өңдеуші кәсіпорындарға, технология трансфертіне және жергілікті өндірістің оқшаулау үлесін арттыратын жобаларға басымдық беру өзекті.

Түркістанның географиялық орналасуы да инвестор үшін маңызды фактор. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңірдің транзиттік мүмкіндігін арттырып отыр. Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының елеулі бөлігі осы бағыт арқылы өтеді. Ал Түркістан халықаралық әуежайының жылына 3 миллионға дейін жолаушы қабылдауға мүмкіндігі өңірдің іскерлік және туристік байланыстарын дамытуға жағдай жасайды.

Бұл инфрақұрылым өндіріс үшін жаңа логистикалық мүмкіндіктер қалыптастырады. Өйткені қазіргі инвестор үшін кәсіпорын салатын жердің болуы ғана емес, шикізатты жеткізу, дайын өнімді ішкі және сыртқы нарыққа шығару, қажетті инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі де шешуші факторға айналып отыр.

Үндістандағы форумға Түркістан облысының бірнеше кәсіпорнының қатысуы да осы өндірістік әлеуеттің нақты көрінісі болды. Сайрам ауданындағы «UMIR.KZ» ЖШС күнбағыс майын өндірумен айналысса, Ордабасы ауданындағы «Kazkioti» ЖШС ауыл шаруашылығы тракторларын құрастырады. Сауран ауданындағы «ORZAX» және «WANLIN» компаниялары да өңірдің өндірістік кәсіпкерлік бағыттарының бірі ретінде шетелдік бизнес өкілдеріне таныстырылды.

Қазақстан делегациясының Ченнайдағы сапары форуммен ғана шектелмеді. Делегация жүк және жолаушылар көлігіне, құрылыс пен тау-кен салаларына, сондай-ақ арнайы техникаға арналған автоматты трансмиссиялар шығаратын «Allison Transmission India Private Limited» компаниясының өндірістік қызметімен танысты. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек өндіру және жеткізу саласында жұмыс істейтін «Caplin Point Laboratories Limited» фармацевтикалық кәсіпорнының тәжірибесі зерделенді.

Мұндай кездесулердің Түркістан үшін маңызы – дайын технологиялар мен өндірістік тәжірибені өңірге тарту мүмкіндігінде. Әсіресе машина жасау, фармацевтика және жоғары технологиялық өндіріс салаларындағы үндістандық компаниялармен кооперациялық байланыс орнату жергілікті кәсіпорындардың жаңа өндірістік тізбектерге қосылуына мүмкіндік береді.

Форумға Қазақстан тарапынан 110-нан астам өкіл қатысты. Түркістан облысының кәсіпкерлері үшін бұл алаң шетелдік әріптестермен тікелей байланыс орнатып, экспорттық нарықтарды кеңейтуге және жаңа инвестициялық жобаларды талқылауға мүмкіндік берді.

Ендігі мәселе – форумда таныстырылған мүмкіндіктерді нақты келісімдер мен өндірістік жобаларға айналдыру. Өйткені индустриялық саясаттың нәтижесі өткізілген кездесулердің санымен емес, іске қосылған кәсіпорындармен, өндірілген өніммен, жаңа технологиямен, жергілікті қамту көлемімен және экспортқа шыққан тауармен өлшенеді.

Түркістан облысының Үндістан нарығына шығуы да осы тұрғыдан қарастырылуы тиіс. Өңірге жаңа инвестиция тартумен қатар, жергілікті кәсіпорындардың үндістандық компаниялармен өндірістік кооперация орнатуы, технология алмасуы және дайын өнім экспортын ұлғайтуы маңызды. Бұл облыстың индустриялық-инновациялық даму бағытын күшейтіп, өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлыбританиялық инвестор Түркістанға қызығушылық танытты
  • «Орталық Азия» кооперациясы—маңызды мүмкіндік
  • Биыл Түркістан облысында 80 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды
  • Түркістан: Мақтадан дайын матаға дейін
  • Жетісайда жаңа тұрғын үйлер салынуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер