Жетекші кәсіпорынның жетістігі көп

Screenshot_9.jpg

Жыл басында Шымкент қаласына Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері жұмыс сапарымен келген еді. Жүрген ортасында жаңа мүмкіндіктер іздейтін еуропалықтар осы сапарда шаһардың экономикалық жұмақ мекен, кәсіпкерлікке келісті кент екеніне көз жеткізіп қайтты.

Еуроодаққа кіретін 12 мемлекеттің елшілері әуелі қаладағы дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» АҚ зауытының жұмысымен танысты. Адам капиталын басты құндылық санайтын Еуропа үшін денсаулық сақтау саласының алар орны өзгеше. Елшілер де осыны ескеріп, қазақстандық медицинаның даму ерекшелігін көзбен көріп, фармацевтика өндірісінің перспективалары жайлы ой бөлісті.

Иә, 7,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан «Химфарм» аты айтып тұр­ғандай, отандық фармацевтиканың басында тұрған жетекші кәсіпорын. Онда пероральды, парентеральды, стерильді және стерильді емес дәрілік препараттар шығарылады. Дәрі-дәрмектер төрт өндірістік желіде өндіріледі. Зауытта 251 адам ауысыммен аптасына 40 сағат, ал зиян­ды аймақта істейтіндері 36 сағат еңбек етеді. Осылайша өндірістің үзіліссіз жүруін қамтамасыз етуде.

«Химфарм» тек ТМД аумағында ғана емес, еуропалық жаңа технологияны да өндірісте кәдеге жарата білді. Мәселен, дәрі-дәрмектерді залалсыздандыру үшін таза бу және суды тазалайтын еуропалық заманауи қондырғылар қойылған.

Орташа есеппен әр екі қондырғы сағатына төрт мың литр су тазалап, сонымен бірге сағатына 2,5 мың кило таза бу өндіре алады. Таза су мен бу өндірістік желілерді, арнайы киімдерді, дайын өнімдерді стерилизациялау үшін пайдаланылады. Шетелдік қондырғылардың тетігін тауып, кәдеге жарату үшін 30 маманды арнайы оқытыпты. Тіпті жаб­дықтардың сапасын алты ай сайын тексеруден өткізіп тұрады екен.

Жұмыс бар жерде қатаң тәртіп болуы керек деп есептейді өндірістік меке­менің жауапты өкілдері. Сондықтан цехта өндірілген барлық дәрі-дәрмектің және оның ішіндегі жарамсыз болып шыққандарының түгелінің есебі қатаң жүргізіледі. Өйткені зауытта құрамында есірткілік зат бар морфин, промидол, фентанил сынды анальгетиктер де шығарылады. Дәрілік препараттар қорапқа салынып, қоймаға жіберілмес бұрын мамандардың жіті бақылауынан өтеді. Қызметкерлер арнайы бөлмеде сағаттап отырып әрбір дәріні көзбен тексереді. Осылайша препараттардың зауыттан кем-кетіксіз шығуына көп ретте осы бөлімнің мамандары жауапты болады.

«Шымкент қаласындағы біз көрген кәсіпорын бәрімізге де үлкен әсер қал­дырды. Қазақстанда осындай заманауи өндіріс орындарының болуы экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылған саяси өзгерістердің нәтижесі деп білеміз. Иә, қазақ елі табиғи қаз­ба байлықтарға өте бай мемлекет. Сон­дықтан болар, Қазақстан өндіріс саласында үлкен жетістіктерге жетуде. Экономикалық өсім мен тұрақтылық шетелдік инвесторларды да осы елге инвестиция салуға қызықтырып отыр. Әсіресе Қазақстанда балама қуат көз­дерінің өндірісінде біраз табыстар бар. Біздің ойымызша, инвесторларға бұл салада да мүмкіндіктер өте көп», дейді Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Халықтық бақылау – түбіртекті талап ет!
  • Нұротандықтар балаларға қуаныш сыйлады
  • В Шымкенте стали меньше разводиться благодаря семейному совету
  • Конный патруль появится в Шымкенте
  • ​В Шымкенте женщина, инфицированная коронавирусом, родила здорового ребенка
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер