Әкім жарнамалаған велосипедке жұрт міне ме?

Screenshot_2.jpg

«Қыс біткен соң велосипедке ауысып, жұмысқа велосипедпен қатынаймын деп отырмын. Осылайша Шымкентті велосипедшілер қаласына айналдырып, студенттер, жалпы, барлық жастар велосипедке мінсе дейміз. Біздегі күн райы қолайлы, қыс ары кетсе екі айға созылады. Соның өзінде 0-5 градус. Болашақта велосипед Шымкенттегі негізгі қозғалыс көлігіне айналады деп ойлаймын» деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өткен жылдың қарашасында Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде. 

Қыстың бітуіне бір ай қалды. Веложолдың жоқтығы кедергі болмаса әкім сөзінде тұруы мүмкін. Велосипед – көлік кептелісін азайту мен экологияның тазаруына ғана емес, денсаулыққа да пайдалы. Сондықтан қала әкімінің идеясы жақсы-ақ, тек қазынаның қаржысына алынған дүниені пайдаланатын жолын салған соң насихаттағанда болар еді. Ал үш қаладағы жобаға жетекшілік ететін «Velocity» қоғамдық қорының атқарушы директоры Алмагүл Қасымова болса:

 «Веложолдар салынбай тұрып, жүйені неге іске қостыңыздар» деп реніш білдіретіндер бар. «AstanaBike» нарыққа келмегенде, веложолдар да салынбас еді» дейді журналистерге берген жауабында. Шымкентте «Shymkent City Bike» жобасының велостанциясы ашылғалы екі жылдан асқан. Қонаев, Бәйдібек би даңғылы мен Желтоқсан көшесіндегі веложолдарды қосқанда 12 шақырымды құрайды. Онда да жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардағы велосипед жолы деп көрсетілген қызыл түсті жолақты айтамыз. Қыстың басында ашылған Арбат демалыс аймағына да веложолақ көрсетілген.  «Қысы-жазы тұрғандықтан бұзылмай ма екен? Біреулер сындырып, ұрламай ма?» деген сынды сауал шымқалалықтарда болуы мүмкін. Велосипедтің негізгі темірі Португалияда авиация саласында қолданылатын хромдалған болаттан жасалған. Оңайлықпен сынбайды. Жоғалған жағдайда жылдам табылу үшін велосипедтерге GPS-сигналдар орнатылған. Шымкенттің жыл бойғы ауа-райына шыдамды Франциядан әкелген 200 велосипед 39 велобекетте тұр. Велобекеттер күн энергиясымен қуаттандырылады. Бір велосипедтің салмағы 25 келіге жететіндіктен 16 жасқа толмағандарға тебуге рұқсат жоқ. 150 станциясы мен 1500 велосипеді бар Астанадағы веложол 56 шақырымға ұзарды. Әрине, ол үшін бас қаланың мерейтойында бірнеше облыс веложолдың салынуына қаржы құйған. 1730 велосипеді, 200 велобекеті бар Алматыда 2011 жылдан бері сатылап қолға алынған веложол бүгінде 70 шақырымды құраған. 

– Студенттер, жұмысқа қатынайтындар, зейнеткерлер кешкі серуенде жиі қолданады. Жасөспірімдер арасында алыстан белгі беріп тұратын шамдарын, пластмассасын бұзып әкеледі. Арнайы веложолдың жоқтығынан қысымы төмен дөңгелек тікенек, шиша жататын жолдарға шыдас бермей тесіледі. Бірінші жылмен салыстырғанда қалалықтар пайдалану тәртібін меңгеріп алды. Ұрлық түскенде тез анықтау үшін велостанцияны мүмкіндігінше бейнебақылауы жақындау тұрған нысанның қасына орнатамыз. 

Алғашында «осының не қажеті бар?» дегендер болды. Қазір «Шығыс», «Теріскей» мөлтек аудандарының тұрғындары өз аумағында велостанциялар қойылуын сұрап жатыр. Алматыда екі бағыттағы жолдарды бір бағытқа айналдырып, босаған оң жолақтан екі метр жолды арнайы веложолға арнаған. Қалған үш жолақта көлік қатынаса, төртіншісіндегі екі метр жол велосипедшілерге арналады. Адамдар жүретін жолда велосипедпен жүру бірде болмаса бірде қауіпті. Қаламызға веложол міндетті түрде керек. Тежегіштерін жиі тексеріп, майлап, балонның желін үрлеп тұрамыз. Күн суытқалы қыстық балон салдық. Велосипедті айдап жүру жүрек соғысына, өкпенің тыныс алуына, табанға массаж ретінде пайдалы. Қалта телефонға тұрған жеріңізге қай велостанция жақын екенін, бос тұрған велосипедтер жайлы мәлімет көрсететін ұсынымды енгізіп алуға болады,- дейді «Shymkent City Bike» шеберханасының механигі Мақсат Айдар.

«Велосипед айдау үшін көлік қақпай, жолдарда еркін бұрылуы үшін жағдай жасалуы керек. 2019 жылдағы негізгі жұмыстардың біразы велосипедке арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Егер мен велосипедке ауыссам, қаладағы қалған қызметкерлер де велосипедпен жүре  бастайтыны түсінікті болар. Дегенмен, ешқайсысын қинау жоқ, жай ғана үндеп жүремін» деген шаһар басшысы жақында қаладағы жолдарды кеңейту жоспарымен танысты. Онда Адырбеков көшесіне 4 жолақты, 2 шетінен жаяу жүргіншілерге тротуар, веложол салынатыны айтылған. Байтұрсынов көшесі де кеңейіп, веложолға орын бөлінбек. Бұл әзірге сөз жүзінде.    

«Қазақстанның велосипед спорты федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкенттегі филиалының директоры Сәулет Бәйтеновтен білгеніміздей, Алматыда велосипедті қолданатындар көп. Веложол жоқ кезде 10 жыл бойы тротуардың жартысындағы көрсетілген жолмен жүріпті.

– Автоматтандырылған велосипед келгелі Шымкентте веложол сұрағы көтерілуде. Жаяу жүргіншілер жолында біздің кәсіби велосипедшілер жүре алмайды. Сондықтан көлік жүретін жолды қолданады. Тротуарда тек әуесқой велосипедшілер жүреді, - дейді велошабандоз. 

Бұл жүйені кім қаржыландырады деген сауалға келсек, Алмагүл Қасымованың айтуынша, негізгі табыс көзі – абоненттік төлемде.  

Баланстан ешқандай пайда түспейді.  

«Құралдарды пайдалануға бес жылға кепілдік берілген. Біз серіктес болған Францияның Smoove компаниясының өнімдері Канада, Ресей, Франция, Финляндия, Марокко елдерінде қолданылады. Биыл «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қоры біздің жүйені қаржыландырудан бас тартты.Сондықтан паркті ұлғайту жоспары жоқ. Ендігі жерде «Velocity» қоғамдық қоры өзін-өзі қамтамасыз етуі керектігі міндеттелді. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, қосымша демеушілер іздестірудеміз. Құралдарға жарнамасын орналастырғысы келетін компаниялар бар. Тарифтер қымбаттамайды. Үш жобадан да мол табыс тауып отырған жоқпыз. Пайданың бәрі жүйені қолдауға бағытталуда. Қызметкерлердің еңбекақысына, станциялардағы интернетке, СМС-хабарламаларға жұмсалуда. Мәселен, 2017 жылы «Astana Bike»-тың табысы 50 млн теңгені құрады. Ал «Аlmaty Вike»-тың табысы 25 млн теңгеге тең болды. «Shymkent City Bike»-тан түсетін пайда мардымсыз. Табыстың көп бөлігі құрал-жабдықтарға, жөндеу жұмыстарына кетеді» дейді.  

 Велосипедті пайдалану үшін төлем картаңыз болу керек. Ол үшін «Имран» сауда үйі  алдындағы «Shymkent City Bike» абоненттік сату бөліміне келесіз. Менеджері Назым Сәбидің айтуынша, бірінші айға 2500 теңге. Оның 1000 теңгесі картаның ақшасы ретінде есептелгенмен қайтарылады. 1000 теңге абоненттік төлемге, 500 теңге балансқа кетеді. Қосымша ай сайын абоненттік төлемге 1000 теңге саласыз.  Бір станциядан шығып жарты сағаттан соң келесі станцияға қойсаңыз тегін. Осылай жарты сағат сайын әр станцияға қойып, күніне бірнеше рет тегін жүре аласыз. 30 минуттан асса баланстағы 500 теңгенің 100, екінші сағатқа 250, үшінші сағатқа 500, үш сағаттан кейін 1000 теңгесі алынады. Бір жылға 11500 теңге. 10 мыңы жылдық абономенттік төлемге кетеді. Жоғарыдағыдай 1000 теңге картаныкі, 500 теңге баланс үшін. Велосипед орнатылғалы 2,5 жылдан бері Шымкентте 2000-нан аса тұрғын қолдану картасын сатып алған. Менеджер бір үйде бір адам карта алғанмен оны басқа туыстары, достары  пайдалануы мүмкіндігін айтады. Өзі де қолданады. Әсіресе студенттерге тиімдірек. Өйткені, олар айына автобусқа 3000 теңге жұмсаса, велосипедке 1000 теңге төлейді. 

Автоматтандырылған велосипед жүйесі әлемнің 21 қаласында орнатылған.   Бұл қалалардың көшбасында тұрған Парижде 2007 жылдан бастап велосипед кеңінен қолданыста. Сол жылы 750 велотұрақ ашылса, бүгінде 2000-нан асады. Әр 300 метр сайын жалға берілетін орындары бар. Ал веложолақ ұзындығы – 700 шақырым. Лондонда автоматтандырылған жүйе  2010 жылы орнатыла бастаған. 8 миллион тұрғыны бар, жыл сайын миллион турист келетін қалада велосипедтке арналған 750 станциясы мен жалға алатын 6000 велосипеді бар. Бұзып алсаңыз, немесе кез-келген орынға қоя салсаңыз 300 фунт айыппұл төлейсіз. Бір тәуліктен аса бір ғана велосипедті қолдансаңыз 150 фунт айыппұлы тағы бар. Әр жарты сағат сайын келесі станцияға қойып отырсаңыз біздікіндей тегін. Веложолдары дамығандықтан, тротуармен жүруге тиым салынған. Велосипед кәдімді автокөлік сияқты қоғамдық көліктің түріне жататындықтан, өз ережесі мен заңы бар. Бір тәулік 2, бір аптаға 7, 1 жыл 90 еуро. Бұл баға картасы бар арнайы тіркелгендер үшін. Әр велостанцияның арасы 300-400 метрді құрайтындықтан, жиі ауыстыра алады.  

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ,

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Өзбекстанда М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің филиалын ашу жайлы кездесу өтті
  • Үміт үзбе
  • «Ақжар» қосалқы станциясы келесі жылы пайдалануға беріледі
  • Қала әкімі «Көмеш бұлақ» базары аумағындағы автотұрақты көшіруді қолдады
  • Қала әкімі Үндістан Республикасының елшісімен кездесті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер