Ұрылар неге ұсталмайды әлде полицейлерге әкімнің ғана жоғын жоқтау жүктелген бе?

Screenshot_1.jpg

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың «велосипеді» ұрланды. Ілгеріде. Іздеу салып, дабыл қаққан жоқ. Әкім арызданбаған да болар, бірақ тиісті орындарға құлаққағыс еткен шығар. Бұл жағы бізге беймәлім. Анығы әкімнің белесебетінің табылғаны. Оны Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің сол кездегі бастығы Сейітжомарт Сейітханнан естігенбіз. Жұртқа жария етілмеген бұл оқиғаны еске алуымызға ұрланған тағы бір белесебет себеп болып отыр. Өкініштісі сол әкімнің белесебетін тапқан полиция қызметкерлері қарапайым тұрғынның ұрланған заттарын іздеуге мүлде құлықсыздық танытуда.

Болған оқиғаны басынан баяндайық. Соңғы үш жылда үйімізге үш рет ұры түсіп, жиған-терген біраз дүниеміздің орнын сипап қалдық. Әрине адал еңбекпен, маңдай термен келген дүниенің қолды болғанына ішің ашиды. Табылар деген үміт те алғашқыда тыным таптырмайды. Мұндайда полициядан көмек сұрайтыныңыз анық.  Сенгенбіз біз де, алғашқыда. Ал қазір ұрылардан бұрын соларды есіртіп, тым еркінсітіп жіберген полицейлерге деген өкпе қара қазандай, сенім нөл болып тұр. Алғашқы тонауға 2016 жылы ұшырадық. Ұрылар сыртқы есіктің құлпын бұзып кіріпті. Алтын бұйымдарды, азын-аулақ ақшаны алып кеткен. Бөлмелерді асықпай ақтарып, еркін қимылдағандарына қарағанда кәнігі ұрылар сияқты. Сол жолы полиция шақырғанымызбен, оларды оқиға орнына келтіре алмадық. Соныменен бәрін «садақаға» атап,  «бар жаманат сонымен кетсінге» ырымдап, қазақы сабырлықпен жылы жауып қоя салғанбыз. Келер жылы ұрылар дәлізде тұрған қызымның белесебетін ұрлап кетті. Сол жерде тұрған 3-4 «темір тұлпардың» ішінен қымбатын алып кеткеніне қарағанда шамасы,  ұрылар алатын заттарының бағасын ажырата алатын сауатты болған-ау дедік. Біз тұратын «Сұңқар» тұрғын үй кешенінің маңайында дүкен, мейрамхана сияқты коммерциялық нысан көп. Қазір бақылау камералары дегеніңіз кез-келген дүкенде бар емес пе? Бірақ жекеменшік нысандардың иелері біз сұрағанмен бейнежазбаны бере салмайды. Ұрылар осы камералардың назарына ілігіп қалған шығар деген ойымызды учаскелік инспекторға айттық. Ол бұл ойды құп көргенімен, бәрібір бейнежазбаны алмады. Қолынан келмеді емес, соны қарауға, іздеуге құлық танытпады. Қылмысты ашуда, оның алдын алуда учаскелік инспекторларға жүткелген міндет үлкен. Инспекторлардың белсенділігін күшейту үшін кейінгі жылдары жалақылары көбейді, құзыры күшейді, мемлекет қолдан келген жағдайдың бәрін жасап жатыр. Бірақ соның қайтарымы бар ма?  Полицейлерден қайран болмаған соң Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің сол кездегі бастығы Сейітжомарт Сейітханның қабылдауында болып, мән-жайды баяндадым. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ұрланған велосипедін тауып бергендерін айтқан бастық қолдарынан ұрыны ұстау келетінін білдіргендей болды. «Біз әкім Әбдірахымов емеспіз ғой, таба аласыздар ма?» -деген сауалыма полиция бастығынан «Табамыз», -деген сенімді жауапты естідім. Өкінішке қарай, Ғабидолла Әбдірахымовтың ұрланған белесебетін тауып берген полицейлер қызымдікін таба алмады.   Табуға әрекет те жасамады-ау, шамасы. Осындайда қазақтың «жаман - қорыққанын сыйлайды», «жақсы - сыйлағанының құлы, жаман қорыққанының құлы» деген мақалдары еске түседі.  Әкімнің белесебетін тапқан полиция қызметкерлерін қорыққанының құлы болды дегіміз жоқ, бірақ ұрылардан зәбір көрушілерді алалағандары түрлі ойға жетелейді.

Үшінші рет пәтерімізге ұрлық жуырда жасалды. Бұл жолы ұрылар пәтер есігін кілтпен ашқан. Кілтпен ашты ма, әлде арнайы құрылғылардың көмегіне жүгінді ме, белгісіз, әйтеуір, құлып бұзылмаған. Алтын бұйымдардан бөлек, ұлымның ноутбугін алып кетіпті. Қолды болған дүниелердің ішінде су жаңа аяқ киімдер мен ескі костюм-шалбар да бар. Екі жас жігіт осы заттардың бәрін менің спорттық сумкама салып, әкеткен. Олай дейтінім, үй маңындағы бақылау камераларындағы бейнежазбадан бәрі анық көрініп тұр. Учаскелік инспектор Дінмұхамед Бекболатұлын қанша шақырғанымызбен оқиға орнына келтіре алмадық. Алдыңғы ұрлықтан сабақ алғанбыз, үйдің шыға берісіне, ауласына қойылған камералардағы бейнежазбаны көшіріп,  учаскелік инспекторға «флешкаға» да, арнайы дискіге де жазып бердік. Артық болмас деп ұялы телефонына да жүктеп жіберген болатынмын. Бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ. Тіпті телефон тұтқасын көтермей, жауаптан жалтарып та жүр. Ал оқиға орнына келген полицейлер бөлмені ары-бері қарап, саусақ іздерін алып, істі Мархабат деген тергеушінің жүргізетінін айтты да кетіп қалды. Алайда әжептәуір үміт артқан тергеуші, ешнәрсе тындырмады. Тіпті бейнежазбаның да қылмысты ашуға септігі тимейтінін алға тартты. Қылмысты ашу үшін  полицейлерге ұрының өзін ұстап беру керек немесе  мекен-жайын көрсету ғана қалған сияқты. Әйтпесе тергеушілердің орындарынан қозғалуы өте қиын екеніне көз жеткіздік. Аудандық полиция басшысы Сейітхан Сейітжомарттың (бүгінде ол басқа қызметте.Ғ.Е.) қабылдауына тағы кіріп шықтым. «Табамыз, жұмыс істеп жатырмыз», деген кезекті уәдесімен шығарып салды. Учаскелік инспектор да, тергеуші де, полиция басшысы да осылай деп уәде береді. Уәде беруге әбден еттері өліп кеткен сияқты. Бірақ  не тергеушілерден, не учаскелік инспектордан хабар жоқ. Осындай бір қылмыстың болғанын, ол бойынша арызданушының барын ұмытып та кеткен сияқты. Жергілікті полицейлердің осылайша өз міндетіне жауапсыздықпен қарауы Ішкі істер министрі Қ.Қасымовты алқалы жиындарда жерге қаратып та жүр. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев полицейлерге деген көзқарас өзгеруі, олардың қызметі ең алдымен халыққа көмектесуге бағытталуы керек екенін айтқан да болатын. Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күткен сенімді толық ақтай алмай отырғанын, азаматтардың көңіл толмастығын туғызуда екенін ескертті де. Өкінішке қарай, халықтың сенімі азаймаса, артпады. Өз басымнан өткен жоғарыдағы оқиғалар да, полиция ның жұмысына шағымданып журналистердің көмегіне жүгінушілердің көптігі де осылай бағалауға себеп болып отыр. Полиция қызметінің нашарлығын ұрлықтық көбейе түсуі де аңғартады. Шымкент қаласы жалпы тіркелген  қылмыстардың саны бойынша республикада алғашқы алтылыққа кірсе, мүлікті заңсыз иеленумен байланысты қылмыстар, атап айтқанда қарақшылық, ұрлық, алаяқтық  бойынша да алдыңғы орындарда екен.  

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

"Egemen Qazaqstan"

Шымкент қаласы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Өзбекстанда М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің филиалын ашу жайлы кездесу өтті
  • Үміт үзбе
  • «Ақжар» қосалқы станциясы келесі жылы пайдалануға беріледі
  • Қала әкімі «Көмеш бұлақ» базары аумағындағы автотұрақты көшіруді қолдады
  • Қала әкімі Үндістан Республикасының елшісімен кездесті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер