Әкімдеріміз әдепті ме?

Бүгінде аудан, қала әкімдері тұрғындар алдында есеп беруде. Негізінен коммуналдық, яғни қарапайым тұрмыстық мәселелерге байланысты  жыл сайын көтерілетін жиналыстар жөнінде пікір көп. Сұрақ-жауап алдын ала дайындалатынын айтушылар да, есептің шынайы өтетінін мәлімдеушілер де аз емес. Тұрғындарға уақыттың аз берілетінін, тіпті арызын жеткізе алмай кететіндердің көп екенін айтушылар да баршылық. Әрине көпшіліктің көкейінде жүрген, әкімнің алдында ашық көтерілген мәселелер біртіндеп шешімін табады. Бізді ойландырып отырған сол есептік жиындардағы мәдениет, әкімдердің әдептілігі. Алдына келген мемлекеттік қызметшіге көптен бері толғандырып жүрген мәселесін айтып қалғысы келетіндер ойын еркін және толық жеткізгісі келеді, кейде эмоцияға ерік береді. Ал әкімдер тұрғындар алдында өзін қалай ұстайды?

Screenshot_1.jpg

Жапонша жиналыс

«Жапонияда жиналыс болса,  көп уақыт жоғалтпайды екен. Олар осындай жиында әр елді мекеннен бір-бір адамнан сөйлеп, сол жердегі мәселелерді қамтиды. Бүгінгі жиынды да сол жапондарша өткізу қажет». Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкімі Бахытбек Танагөзов Бөген ауылдық округінде өткен есеп беру жиналысында тұрғындарды  Жапония, Корея, Қытай сияқты елдерден үлгі алуға шақырып, осылай деді. 

Сөйтіп «Жапонша жиында» жарыссөз тез аяқталды. Сарқырама мен Екпіндінің ақса­қалдарына сөз сөйлеу, ауылдың мұң-мұқтажын айту мүмкіндігі бұйырмай қалды. Ауылдық ок­ругтің орталығы Шалдар ауылындағы Мәдениет үйіне 50-60 адам қатысқан есеп беру жиы­нында әкім үлгі еткен елдерге барып, жиналыстарына қатыс­қан жан болмады-ау шамасы. Өйткені ел алдында есеп беруге жылына бір келетін әкімге қарсы уәж айтып, тұрғындар талап-тілегін тыңдауға шақырар жан табылмады. 

Әйтпесе әулиелі, киелі жер­лері­мен, әншілерімен, қала берді жоғары лауазымды жер­лес­тері­мен мақтанатын Бәйдібек ауда­нында шешімін күткен мәсе­лелерді әкімнің назарына салғысы келетіндер аз емес еді. Дегенмен елдің арасынан ебін тапқан екі ақсақал ғана есептік баяндамадан соң «жапондарша» сөйлеп үлгерді. Соның бірі Аманжол Заманхан деген азамат Шалдар ауылында жарықтың нашарлығына, электр желілерінің өрмекшінің торындай қалай болса солай тартылғанына тоқталды. Көшелерді жарықтандыруға, асфаль­ттауға қатысты сын айтты. Ал жиенқұмдықтардың аты­нан сөз алған асқақал Мақұл­бек Тілеубердиев ауылда сонау «ильич шамы» келген 1967 жыл­дан бері бағаналардың ауыс­ты­рыЛ­­мағанына қынжылыс біл­дір­ді. Сол себепті жарық жиі сөне­ді. Шақпақ, Жүзімдік ауылдарын­да ағын су мәселесі өзекті. «Egemen Qazaqstan» газетінде көтерілген «көгіл­дір отын» мәселесі, аудан­ға келіп тұрған газдың тұрғын­дар­ға қолжетімсіз болуы да шеші­мін күткен шаруа. Ауыл тұр­ғын­­­дарының айтуынша, құбыр тар­­тылғанымен, газ әлі беріл­м­е­ген. Кейбір көшелерде газ қон­д­ыр­­­­ғы­лары ұрланған, ертең кім­нің есе­бінен қайта орнатылары белгісіз.

«Шаян» индустриалды айма­ғының құрылысы аяқталғанымен, онда осы уақытқа дейін бірде-бір жоба іске асырылмаған. Жиында аудан әкімі өнеркәсіптік жобалар жөнінде ауыз ашпады. Бәйдібек ауданы мемлекеттен бөлінген қаржыны игеруді ғана білетін, өнеркәсіпті өркендете, өзіндік кірісті көбейте алмайтын аудан ретінде қалып отырған сияқты. Был­тыр күзде өткен Бәйдібек ауда­ны­ның 90 жылдық тойында бір­қатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға беріл­ген болатын. Соның негізгісі жүзу бассейні мен жабық теннис корты. Бұл екі нысанды араб инвесторлары салып берген-ді. Жұмсалған қаржының көлемі – 1,3 миллиард теңге. Мұндай нысанды шаяндықтар бұған дейін көрмеген. Жүзу бассейнінің те­рең­дігі 25 метр екендігін, судың температурасы арнайы қон­­дыр­ғылардың көмегімен авто­­мат­ты түрде реттелетінін ақ­па­­рат құралдары жарыса жазды да. Облыс әкімі Жансейіт Түй­ме­баев сол жолы шаяндық ше­неу­­нік­терге ауыл балалары­ның ұда­йы жаттығып, спорттық ке­шен қаңырап бос тұрмауын қадағалауды тапсырған болатын. Алайда тұрғындардың айтуынша, қос нысан осы уақытқа дейін жұмыс істемейді. Яғни облыс әкі­мі­нің тапсырмасы орындалмай отыр. Шалдарда өткен жиын­да жарыссөзге шыға алмаған жұрт осындай мәселелерді айтып, әкім­нің пікірін білгісі келген еді. Сұ­рақ­ты жазбаша түрде беріп жат­қандар да болды. Алайда олар­ға аудан әкімі жауап берген жоқ. Көп мәселе айтылмай қал­ды. Жиынға келгендердің кө­ке­йінде жиналысты «жапондар­ша» өткізетін Танагөзов пен оның командасы сол жапондар­ша жұмыс істесе екен деген ойдың туындағаны кәміл. Жапонияға бара алмаған, бару­ға жағдайларының жоқты­ғына ұялғандай болған жұрт үй­леріне жетуге асықты. Жыл­дар бойы еңбек етіп, ұл-қыз тәр­биелеп, ел дамуына өз мүмкін­дігін­ше еңбек сіңірген ауыл адам­дары шетелдерге шыға алма­ға­нына намыстанып, өзін қор сезінгендей болды. Бірі жаяу, бірі есегіне, енді бірі әлгі әкім айт­қан жапондардан қалған ескі «тойотасына» қарай аяңдады. Ел көрген, жер көргенін қарапайым ауыл адамдарының алдында мәр­­тебе санап, өзін жұрттан биік қойған әкімнің сөзінен кейін көңілі пәсейген көпшілік ара­сында жиынға келгеніне өкін­ген­дер де бар шығар. Осы ара­да әкім­дерді қарапайым болу­ға, жал­пы қабылданған мораль­дық-әдептілік нормаларын сақ­тау­­ға, азаматтармен және әріп­тес­терімен қарым-қатынаста сы­­па­­­йылық пен әдептілік таны­ту­ға шақыратын мемлекеттік қыз­мет­шілерінің Әдеп кодексі бар еке­ні еске түседі. Оны аудан әкімі жақсы білетін шығар, бі­рақ төрт ауылдан жиналған 50-60 тұр­­ғынмен ашық әңгімелесіп, мұң-мұқ­та­жын тыңдауға уақы­тын қи­мады. Ауылдағылар мұ­ны Жа­по­ния көрген әкімнің менсін­беу­ші­­лі­гімен байланыстырып бара жатты... 

Screenshot_3.jpg

Шөп оратын әкімдер

Жалпы әдептің көркем мінез­дің ең биік шыңы, мораль­дық кате­гория, адамдар қарым-қаты­на­сында ізгілік нормаларын мүл­тіксіз орындауды білдіретін ұғым екенін әкімдер біледі. Бірақ кей­де ұмытып кететін сияқты. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің есебінде Нұртас шағын ауданындағы Ақсұңқар көшесінің тұрғыны Роза Әмір­бекова жол мәселесін көтер­ді. Оның айтуынша, жолға асфальт сапасыз төселген. Соның салдарынан тротуар мен жолдағы асфальтқа бір жылдан кейін шөп өсіп кеткен. Тұрғынның сөзін бөл­ген қала әкімі Ғабидолла Әбді­рахымов: «Сіздің мәселеңіз не? Ай­ты­ңызшы. Асфальтқа шөп шық­пасын ба?», деді. Осы ке­з­де залда отырған көпшілік ду күл­ді. Аяқ астынан күлкіге ұшы­ра­­ға­нына түсініңкіремей қал­ған Р.Әмірбекова: «Асфальтқа шөп шықпау керек қой. Сапасы тө­мен...», деді мәселе көтергеніне өкінген­дей болып. Көше төрайы­мы жолдар өте сапасыз салынаты­нын, жол үгітіліп, шөп-шалам өсіп кететінін, сондықтан атқа­рылған жұмысты қабылдап алар­да бақылауды күшейту керектігін айтып шағымданған еді. Бірақ оны қала әкімі түсінбеді ме, әй­теуір «асфальтқа шөп шық­пасын ба?» деп тұрғынды мазақ қылғандай болды. Қала әкімі­нің сөзін қостағандай болған Қара­тау ауданының әкімі Исами­дин Қантөреев: «Сапасын тек­се­реміз. Шөп болса орамыз», деп жиналыста отырған көпші­лікті тағы бір күлдірді. Өзінің көпшілік алдында мазақ болып, күлкіге ұшырағанына қатты кү­йін­ген Р.Әмірбекова: «Бұл күле­тін мәселе емес. Сіздер ол жерде тұрмайсыздар, мәселені білмейсіздер», деді жыларман болып. Көпшілік алдында күлкіге қалған тұрғынның ішкі әлемі қандай күйде болғаны өзіне ғана мәлім еді. Жеке мәселесі, яғни ауласындағы емес, ауданға ортақ проблеманы көтергеніне өкінген де болар. Төрде отырғандардың «асфальтқа шөп шықпасын ба?», «шөп болса орамыз» деген сөздері төбеден ұрғандай, қорлағандай болды. Өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы тиіс әкімдерден жеңілтек сөз күтпеген де еді. Көпшілікті бір сәт арзан күлкіге қалдырған осы бір сәтті ұсақ-түйек нәрсе деуге болмайтын шығар. Өйт­кені Президент Жарлығымен бекітіл­ген әдеп кодексінде мемлекеттік қызмет­шілер мемлекеттік қызмет­тің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс екені айтылған.

Screenshot_4.jpg

Фото Kungei.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Көше жөнделер, шөп те шық­пас, бірақ көпке ортақ мәселені көтере­мін деп күлкіге қалған тұрғында әкімдердің әдептілігі­не қатысты теріс пікір қалыпта­сары анық. Өкінішке қарай сол сәт­­те жүй­кесіне кері әсер еткен жа­ғым­­сыз әрекетті ұмыта алмас. Көп­шілік алдына көбірек шыға­тын, ел назарындағы мемлекеттік қызметші, оның ішінде әкімдер ойланып сөйлесе, жалпақ тілмен жеткізсек аузына абай болса екен, айтайын дегеніміз осы болатын.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»

07.02.19

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Өзбекстанда М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің филиалын ашу жайлы кездесу өтті
  • Үміт үзбе
  • «Ақжар» қосалқы станциясы келесі жылы пайдалануға беріледі
  • Қала әкімі «Көмеш бұлақ» базары аумағындағы автотұрақты көшіруді қолдады
  • Қала әкімі Үндістан Республикасының елшісімен кездесті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер