Қазіргі Әнұран – халықтың қалауы

cfecb970-1e52-4f59-9960-f1200952c216.jpg

Әнұран – елдікті танытып, рухты көтеретін қайталанбас туынды. Оның сөзі мен әуені тарих беттерінде орын алған белгілі бір оқиғадан сыр шертеді.   Еліміздің Мемлекеттік Әнұраны «Менің Қазақстаным» әнінің мақсат-мүддесі де сол. Шәмші Қалдаяқов үлкен толғаныспен шығарған туындының  арқалаған тарихи жүгі ауыр. Себебі, Әнұран, қазақ даласының жат жұрттың еншісінде кетпеуіне себепкер болған. Кеңестік үкімет ұлан байтақ қазақ жерінің солтүстік аймағындағы бірнеше  облыстарды қазақ жерінен бөліп әкетуге әрекеттенеді. Осы тұста Шәмші Қалдаяқов қазақтың даласын өзгенің қолына бермейміз деп, рухани қарсылығын білдіріп, «Менің Қазақстаным» әнін дүниеге әкелген екен. Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің жарты ғасырдан астам уақыт бұрын шығарған әні халықтың қалауымен 2006 жылдың қаңтарында дүйім қазақ елінің Әнұранына айналды. Өлең жолдарына тәуелсіздік талабына сай өзгеріс енгізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оны мемлекеттік Әнұран ретінде қолдаған болатын. 

«Шәмші Қалдаяқовтың -  «Менің Қазақстаным» әнін еліміздің әнұраны етуіміз керек шығар, сірә... Әйтпесе болмас... Біз әнұран етіп басқа әнді бекітеміз, ал халқымыз мүмкін болған жердің бәрінде осы «Менің Қазақстанымды» шырқайды. Халықтың қалауы осы екен, ендеше, неге осы әннің өзін әнұран етіп бекітпейміз?!

Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны осы жылдар ішінде барлық қазақстандықтардың жүрегінде жатталып қалды деу қиын.

Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та, аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» әнұран есебінде шырқағанының талай куәсі болдым. Бұл мен ғана емес, қазақстандықтардың сан буыны әлдеқашан білетін шындық. Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп ойлаймын», - деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

«Менің Қазақстаным» әні, қазақ халқы басынан өткерген Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманын көрсететін «Елім-ай» сияқты халық көкейіндегі ойды тұншықтырмау мақсатында шығарылған тарихи ән. Бұл туралы Шәмші шығармашылығын зерттеуші, жазушы Оразбек Бодықов: «1986 жылғы 17 желтоқсанда бостандықты аңсаған қазақ жастары Алматыда Республика алаңына «Елім-аймен» бірге «Менің Қазақстаным» әнін айтып шықты. «Менің Қазақстаным» деп шырқаған айналайын жастардың арманы орындалып, Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Қазақ халқының үш жүз жылға созылған бодандықтан босануына Шәмшінің осы әні осылайша септігін тигізген еді», - дейді.

Елдің санасында жаңғырып жатқан тұңғиық ойын жарыққа шығарған саз өнерінің ұмытылмас тұлғасы Шәмші Қалдаяқов талай даналарды, тарихтағы өзіндік орны бар дараларды тудырған Отырар ауданында 1930 жылы 15 тамызда дүниеге келген. Әкесі он саусағынан өнер тамған ұста, зергер болғанымен, әншілікпен әуестігі жоқ болған. Сондықтан бұл қасиет сазгердің бойына нағашыларынан дарыса керек. Ерекше сарынды әндері қазақ даласының қай өңірінде болсын жиі айтылып, өнерсүйер қауым арасында барынша кең тараған Шәмшіні лирикалық әндеріне қарай «Қазақ вальсінің королі» деп атаған. Ол кезде вальс ырғағымен жазылған әндер аз болса, өнердің осы түріне ерекше ден қойған да Шәмші ағамыз болған. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер. Ол бұдан бөлек пианиноны да, домбыраны да жосылта тартқан. Оның шығарған әуендері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген махаббат – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы.  Қазақтың кең - байтақ жерін жырға қосатын сазгердің «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен» әндері жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленген. Шаттықпен шырқалатын «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» әндері де халық арасына кеңінен тараған туындыларының қатарында.  Қазақ елінің жадында ән әлемінің сардары ретінде қалған Шәмші Қалдаяқов туралы естеліктер де көп. 

5c0ae6df-e0ac-4e7d-822a-f1e8159d6e55.jpg

- «Қазақ өнерін білгісі келетіндер Қастеевтің суреттерін, Қалдаяқовтың әндерін зерттеулері керек», - деген екен қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов. 

- «Шәмші Қалдаяқов асқан дарын иесі. Оның бауырмалдығы, шектен тыс қарапайымдылығы, биязылығы, барға қанағат ететін тоқпейілділігі оны өзгелерден биік етіп көрсететін», - деген болатын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы этнограф Өзбекәлі Жәнібеков. 

Шәмші әндері тек қазақ даласында ғана емес, түркі халықтары мен Орта Азияда, тіпті бүкіл әлемде жаңғырық болып қалған ерекше, сырлы туынды. Рим Ветховенмен, Франция Фредерих Шопенмен мақтанса, қазақ халқы вальстің королі Шәмшіні әлемдік ән шеберлерімен қатар қоя алады. Қалдаяқовтың әуендеріне тұтас ұлт өкілдері де ерекше құрметпен қарайды. Оған қырғыз халқының көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың мына сөздері куә бола алады: 

- «Менің өмірімде екі Мұхтар болды. Бірі – әкемдей болған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, екіншісі – үлкен ақын, айтулы тұлға, менің інім Мұхтар Шаханов. Ал, Шәмші Қалдаяқов – ән падишасы, ол бір қазаққа емес, бүкіл адамзатқа ән салдырған талант иесі». 

Screenshot_5.jpg

Сонымен қатар, ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлерде таңданысын білдіріп:

-  «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300 - ге жуық ән шығару деген - ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек»,- деген екен.

«Жақсының аты өлмейді» дегендей, бүгінде саз өнерінің сардарына көрсетілетін құрмет ерекше. Өлшеулі ғұмырында өшпестей ізгі істер мен қайталанбас туындыларды, мәңгілік өлмейтұғын әнді қалдырған Шәмші Қалдаяқов қазақ тарихындағы қайталанбас ірі тұлға. 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқаулар мен фестивальдер дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Сонымен қатар, туған жері Шәуілдірге, Шымкент қаласына ескерткіштері қойылған. 2010 жылдың тамыз айында қазақ вальсінің королі Шәмшінің 80 жылдығына орай шырайлы шаһарда «Шәмші әлемі» ескерткіш кешені ашылған болатын. Қала орталығында орналасқан гүлзарда орналасқан кешенде атақты сазгердің ескерткіші қойылған. Оның авторы мүсінші Әбдікерім Ахметов. Қоладан құйылып, тұғыры граниттен қашалған өнер туындысының биіктігі – 7 метр. Ал, алдыңғы жағында орналасқан жұлдыздар аллеясында осы қаладан шыққан өнер майталмандарының есімдері тасқа басылған.  Сондай-ақ, үлкен көшелерге, кезінде өзі жұмыс істеген қалалық филармонияға есімі беріліп, ескерткіші орнатылған. Арыстың жағасында дүниеге келіп, өмірдің өзенімен ән әлеміне енген Шәмші өзінің мәңгі өшпес туындыларымен, «Ана туралы жырын» толғап, жүрекке сезім ұялатар, сүйіспеншілікке толы әндерімен ерекшеленеді. Айрықша талант, әннен саз құйып, өлеңнен әуен шығарған тұлғаға деген құрмет белгілі бір таразымен өлшенбейді. Шәмші халықтың жадында - Ән аға есімімен мәңгілік қалады. 

Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ, 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Өзбекстанда М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің филиалын ашу жайлы кездесу өтті
  • Үміт үзбе
  • «Ақжар» қосалқы станциясы келесі жылы пайдалануға беріледі
  • Қала әкімі «Көмеш бұлақ» базары аумағындағы автотұрақты көшіруді қолдады
  • Қала әкімі Үндістан Республикасының елшісімен кездесті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер