Шымкент қаласында жаңа Конституцияның мазмұнын түсіндіруге бағытталған кездесулер жалғасуда. Осындай жиындардың бірі алюминий банкілері мен қақпақтарын өндіретін QazalPack ЖШС базасында өтті.

Бүгінде аталған кәсіпорында 500-ден астам қызметкер еңбек етеді. Кездесу барысында ұжымға жаңартылған Ата Заңның негізгі қағидаттары кеңінен таныстырылып, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен маңызы түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, бұл құжат елдің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық негіз болмақ.
Жиынға шақырылған заңгер сарапшы Қуаныш Серікбай сөз сөйлеп, жаңа құқықтық тетіктерді енгізу уақыт талабынан туындап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 1995 жылы қабылданған Конституция өз кезеңінде тарихи миссиясын абыроймен атқарды. Алайда бүгінгі қоғам сұранысы мен елдің даму қарқыны құқықтық жүйені одан әрі жетілдіруді қажет етеді.
– Жаңа Конституция азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Онда халық үшін маңызды бірқатар жаңашыл нормалар көзделген. Мәселен, 14-баптың 1-тармағына сәйкес, шетелде жүрген Қазақстан азаматының қауіпсіздігін мемлекет қамтамасыз етеді. Басты мақсатымыз – әр азаматтың өзгерістерден толық хабардар болуы, – деді Қуаныш Серікбай.
Спикердің айтуынша, жаңа редакцияда әрбір қазақстандықтың құқығы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған әлеуметтік және құқықтық кепілдіктер күшейтілген. Сонымен қатар, түпкілікті шешім халықтың тікелей ерік білдіруі арқылы қабылданатыны атап өтілді.
– 15 наурызға дейін барлық баптармен мұқият танысуға мүмкіндік бар. Өзгерістердің мәнін терең түсініп барып таңдау жасау маңызды. Алдағы референдумда әрбір дауыс шешуші рөл атқарады, – деді ол.
Мұндай кездесулер еңбек ұжымдарымен ашық пікір алмасуға мүмкіндік беріп, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жұмыс орындарында жауап беруге жол ашады. Жиын қорытындысы бойынша қатьысушылар жаңа Ата заңға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
