Шымкент қаласында автомобиль көлігі саласының қызметкерлері – автобус жүргізушілерінен бастап тасымалдаушы компаниялардың директорлары мен диспетчерлеріне дейін – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған ашық қоғамдық жиынға қатысты.

Кездесу барысында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жан-жақты қаралып, қатысушылар пікір алмасты. «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов реформалардың негізгі мақсаты – мемлекеттің адамға бағдарлануын күшейту екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция қоғам сұранысына сай құндылықтар мен қағидаттарды айқындап, саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған. «Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына басты басымдық берілген», – деді ол.
Шымкент қаласындағы «Ауыл» партиясының өкілі Әл-Фараби Мынбай жаңа редакциядағы Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалғанын жеткізді. Сонымен қатар егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық секілді іргелі құндылықтар өзгеріссіз сақталады. Конституциялық деңгейде әділдік, заң мен тәртіп қағидаттары, табиғатқа ұқыпты қарау ұстанымы бекітілуі – жаңа құжаттың маңызды ерекшеліктерінің бірі екені атап өтілді.
Жиын барысында жаңа Негізгі заңның стратегиялық басымдықтары да сөз болды. Спикерлер білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамыту мемлекет болашағының негізі екенін айтты. Дархан Қаюповтың пікірінше, бұл – ел дамуының бағытын табиғи ресурстардан адам капиталына қарай бұратын маңызды қадам.
Сондай-ақ цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасының енгізілуі қазіргі заман талаптарына берілген нақты жауап ретінде бағаланды.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның елдің тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.
