Биыл, 2025 жылы, Қазақстан Республикасының Конституциясына – 30 жыл толып отыр. Бұл – еліміз үшін ерекше тарихи кезең.
1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды.
Күні бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар: суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.
Осы отыз жыл ішінде Конституция өзінің өміршеңдігін және заман талабына сай екендігін дәлелдеді. Оның негізінде мемлекеттік басқару жүйесі құрылып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық тетіктері қалыптасып, заң үстемдігі қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында алдымызға нақты міндеттер жүктеді. Соның бірі «Заң мен тәртіп» қағидатын енгізу арқылы қоғамда заң үстемдігін орнатуды міндеттеп отыр.Бүгінде өңірдегі әділет органдары құқықтық жүйенің ажырамас бөлігі ретінде конституциялық қағидаттарды нығайтуға өз үлестерін қосып келеді.Біздің жұмысымыз негізінен заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге, сот актілерін орындау және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ, біз азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге ерекше назар аударамыз, өткені, Ата Заңға бағынуды, оны құрметтеуді әрбір қазақстандық ең басты міндетім, паразым деп білу керек. Конституция күні құтты болсын! Ата Заң аясында – жарқын болашаққа бірге қадам басайық!
Түркістан облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Н.Х.Ербекешов