2025 жылдың 16-30 тамызы аралығында Шымкент қаласындағы "Shymkent Shooting Plaza" базасында халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шара – нысана көздеуден ашық чемпионат өткізіліп жатыр.
Ауқымды жарысқа әлемнің 27 елінен 800-ге жуық кәсіби спортшы қатысуда.
Чемпионат бағдарламасына "тапанша", "мылтық", "қозғалмалы нысана", "стендтік ату", "трап", "скит" және "скит-микс" тәрізді бағыттар енгізілген. Жарыс аясында 700-ден астам медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Аталған турнирдің ерекшелігі – оның екі бірдей олимпиадалық спорт түрі бойынша өтіп жатқаны. Бұл – нысана көздеу және стенд ату. Мұндай деңгейдегі бәсекелер спортшылардың халықаралық аренада өнер көрсетуіне жол ашады және Олимпиада ойындарына іріктеу процесінің бір бөлігіне айналуда.
Чемпионаттың басты мақсаты – атқыштар спортын кеңінен насихаттау, спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, халықаралық рейтингтік көрсеткіштерін анықтау. Сонымен қатар жаттықтырушылар мен төрешілер құрамының кәсіби деңгейін арттыруға да ерекше мән берілуде.
Іс-шара Шымкенттің спорттық инфрақұрылымының әлеуетін көрсетіп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға, халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге елеулі үлес қосып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.