Шымкентте 25 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Қиял әлемі» саябағын бұзылуда. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес демалыс орны бастапқы қалпына келтірілмек деп хабарлайды rgmedia.kz тілшісі. Сот орындаушылары ауыр техникамен саябақтағы заңсыз орналасқан нысандар мен аттракциондарды сүре бастады. Алайда мұнда нәпақасын тауып жүрген кәсіпкерлер техниканың алдына көлденең тұрып, жұмыстарына кедергі жасады. Саябақтағы оқиғаға полицияның араласуына тура келді. Жұмыссыз қалған кәсіпкерлер қала әкімдігіне басқа жақтан жер беруін талап етті. Алайда салаға жауаптылардың айтуынша, кәсіп иелеріне 3 ай бұрын құрылыс нысандарын өз есебінен бұзуға хабар берілген. Алайда талап орындалмағандықтан, мәжбүрлі түрде бұзу туралы шешім қабылданды.
Саябақ 15 жылдан бері жекенің басқаруында болған. Осы уақыт аралығында түрлі аттракциондар орнатылып, тұрғындарға ақылы негізде қызмет көрсетілген. Былтыр ойын-сауық алаңына жүргізілген тексеріс нәтижесінде жер учаскесі мақсатты пайдаланылмағаны анықталды. Бірнеше рет қауіпсіздік ережесінің сақталмауынан адам өлімі де тіркелген.
Оқиға орнына келген қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжановтың айтуынша, саябақ әу баста жалға дұрыс берілмеген.
Саябақ аумағы 4 гектардан асады. Оны мемлекет 49 жылға жалға берген. Жалға беру уақыты әлі бітпесе де, қала әкімдігі былтыр жерді кері қайтарып алу үшін сотқа жүгінген. Сот әкімдіктің есебіне шешім шығарған.