(Мархабат Байғұттың «Оқу залы» шығармасына көркем талдау)
Әдебиет – тек қиял мен көркемдік қана емес, ол өмірдің өзінен алынған үзіктерден тұратын рухани кино іспетті. Әр қаламгер – сол кинодағы режиссер. Бірі драма түсіреді, бірі трагедия, енді бірі – күлкі мен мұңды қатар өріп, жанның ішкі үнін естіртеді. Осы тұрғыдан алғанда, Мархабат Байғұттың «Оқу залы» атты туындысы – жастық шақтың, арман мен шындықтың, ұят пен үміттің терең тоғысын бейнелейтін әдеби жәдігер.
Бұл шығарма – студенттік шақтың сыртқы жарқылынан гөрі, кітапхана оқу залындағы жан тыныштығы мен адамдық қалпы қалай қалыптасатынын шынайы сипаттайтын сырлы туынды. Автор жас адамның жүрегін, ұятын, іштей өсу процесін асқақ пафоссыз, бірақ әсерлі бейнелейді.
Шығарма атауы бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл «оқу залы» – философиялық кеңістік. Ол – студенттік өмірдің айнасы, жас адамның өзін табар орны, тіпті кей сәтте рухани тазару мен сынақ өтетін қасиетті мекен.
Автор бұл кеңістікті жай ғана кітап оқитын бөлме деп қарастырмайды. Оқу залы – өмір сабағы өтетін алаң. Мұнда кітапқа үңілген жүздермен қатар, өз-өзімен арпалысып, ой құшағында отырған бейнелер де қатар жүреді. Бұл залда тек кітап қана емес, адамгершілік ұғымы да оқылады.
«Оқу залы» шығармасындағы кейіпкерлер – жалынды жастар. Олар – ауылдан келген, арманы биік, білім арқылы биікке жетуді мақсат еткен жас буын өкілдері. Бірақ, бұл – жай ғана студенттер туралы жазылған сәттік көрініс емес.
«Оған дейін оқу залында болмаған ба, кітапханаға кірмеген бе деулеріңіз бек мүмкін ғой мына мені. Болғанбыз. Кіргенбіз. Көргенбіз. Бірақ бұл оқу залы басқашатұғын. Мұны маған бұрын бастан кешпеген тосын толқынысым, жүрегімнің атқақтаған дүрсілі сездірген.»
Міне, осындай жолдарда студенттің ішкі арпалысы мен рухани оянуы анық көрінеді.
Мархабат Байғұт осы шағын әңгіме арқылы түпсіз психологиялық тереңдікке бойлайды, жас адамның ішкі әлемін көрсетеді. Бұл – жай ғана студенттік кезең туралы шығарма емес, адам болып қалыптасу, рухани жетілу туралы толғаныс.
Өмір деген – үлкен оқу залы. Онда кітап та көп, кісі де көп. Бірақ ұят пен адамдықты оқу – бәрінен биік.
Дінмұхаммед ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті