Тұрғындар күткен қуаныш

Еліміздің ең ұлық мерекесі Республика күні қарсаңында Шымкентте бірнеше нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда қаланың іргесінде орналасқан Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, Өтеміс тұрғын алаптарында төрт бірдей жаңа мәдениет үйлері салтанатты түрде пайдалануға тапсырылды. 

Screenshot_1.jpg

Осы аталған елді мекендерде тұратын халық қашаннан бері жергілікті әкімдікке бір мәдениет үйін салып беру жөнінде өтініштерін айтып келген болатын. Тұрғындардың осы өтініш-тілегін ескерген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет ошақтарының құрылысын жеделдетіп қолға алуды тапсырады. Міне соның нәтижесінде шаһардың шалғай елді мекендерінде өздерінің заманауи үлгіде салынған мәдениет үйлері пайда болды. Тұрғын алап халқымен осынау қуанышты бөлісу үшін мегаполис басшысы арнайы осы елді мекендерге жұмыс сапарымен барды. Онда әкім жаңа нысандардың ашылуына қатысып, олардың ел мәдениетін асырудағы маңыздылығына тоқталып, барша жиналған қауымды алда келе жатқан ең маңызды мерекенің бірі - Республика күнімен құттықтады.

«Мәдениет – мемлекет дамуының ажырамас бөлігі саналады. Өркениетті елдер қашан да жоғары мәдениетімен өлшенген. Қоғамда тыныштықтың орнауы, азаматтық ұстаным көзқараның қалыптасуы, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бауырмалдығы осы мәдениеттіліктен бастау алады. Сондықтан бұл саланы дамытудан мемлекет тек өзіне пайда келтіреді. Ал халықтың рухани болмысын қолдау үшін оған тиісті жағдай мен инфрақұрылым қажет екені белгілі. Бүгінгі таңда қала іргесіндегі елді мекендер үшін оның бірден-бір қайнар көзі мәдениет ошақтары болып отыр. Сол үшін осы аталған елді мекендерден уақытты кейінге қалдырмай тездетіп мәдениет үйлерін салып беруге шешім қабылдадық. Халықтың мәдениетіне қызмет атқаратын ғимарат болған соң енді бұл жерде бәріміз бұрыннан жақсы білетіндей түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Сонымен бірге, мәдениет ошақтары бос уақытты тиімді өткізуге арналған таптырмас орынға айналады деген сенім мол. Сөзімнің басында айтып кеткенімдей мәдениет саласы – мемлекеттің ұстанып отырған басым бағыттарының бірі екені даусыз. Сол себепті Президент тапсырмасына сәйкес мегаполисте жаңа шығармашылық алаңдар құру, сондай-ақ дарынды жастарды қолдау жұмыстары жалғасын таба береді» деді Ғ.Сыздықбеков.

Мегаполис басшысы жиналған көпшілікке арнаған құттықтау сөзінен соң тұрғындарды, оның ішінде жастарды көп оқуға, өнер-білім қууға, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға, одан бөлек балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлуге шақырды. 

Сонымен бірге әкім: «Балалардың уақытын қазір телефон ұрлап жатыр. Сағаттап ойын ойнау, қала берді әлеуметтік желіден шықпау жалпы қоғамның әдетіне айналып барады. Бұл ретте оқушылардың гаджеттерге құмарлығын шектеу мен олардың спорт, руханият тұрғысынан жан-жақты дамуына жағдай жасау өте маңызды іс. Осы ретте ел игіліне тапсырылған мәдениет ошақтары үлкендер мен жастардың, балалардың ортақ руханият жолында бас қосар шығармашылық ортасы болады деген сенімдеміз. Мәдениеті биік, білімі жоғары ел қашан да озады. Президент алдымызға қойған үлкен мақсаттың бірі адал қоғамды құрамыз, Қазақстанды өркениетті елдердің қатарына қосамыз десек, білім мен мәдениетке көңіл бөлуіміз қажет. Әсіресе сабақтан кейін де үйде балалармен бірге кітап оқып, пікір бөліскеніміз - болашағымыз үшін жасалған игі қадам деп есептеймін» деген пікір айтты.

Өз кезегінде жоғарыда аталған тұрғын алап халқы өтініш-тілектерін орындап, сөздерін жерге қалдырмаған қала басшылығына үлкен алғыстарын жеткізді. Мегаполисте қордаланған өзекті әлеуметтік мәселелердің дер кезінде әрі шетінен шешіліп келе жатқанына, соның ішінде осынау мәдени нысандар құрылысының қолға алынғанына өз аттарынан ризашылықтарын білдірді. 

Айта кету керек, өткен жылдың желтоқсан айында құрылысы басталған бұл мәдениет үйлері жобаға сәйкес екі қабаттан тұратын ғимарат ретінде салынды. Әр тұрғын алаптағы мәдениет ошақтарының аумағы 4 мың шаршы метрге жуық ауданды құрайды. Одан бөлек 100 орынға дейінгі акт залдары бар. Заманауи мәдениет үйлерінде вестибюль, гардероб, құрал-жабдық қоятын, грим жасау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлмелер, жұмыс кабинеттері, кітапхана, оқу мен жаттығу залдары қарастырылған. Ал  жылу мен су жүйесі қаланың орталықтандырылған коммуналдық қызметіне қосылған. Сондай-ақ мұнда хореография бөлімі мен түрлі үйірме сыныптары ашылатын болады. Ал екінші қабатта орналасқан кітапхана елді мекен тұрғындарының рухани қажетін өтеуге қызмет атқарады . Бұдан бөлек осындағы оқу залы, компютерлік бөлме, демалыс жайлары мен қызметкерлер кабинеті барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Республика күні қарсаңында орын алған тағы бір жағымды жаңалықтың бірі мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы жаңадан пәтер алып қонысты болған қуаныштарын атап өтті. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелеріне ақ тілегін арнады. 

Осынау мерекенің алдында пайдалануға берілген Бозарық шағын ауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банк арқылы «2-10-20», «5-10-20» бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеп алған. Өз кезегінде жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар екенін айта кеткен жөн. 

Осы күнде 304 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізілді. Қазіргі таңда азаматтармен сатып алу сату келісім шарты жасалу үстінде. Мұнымен қоса, мемлекеттік бағдарлама аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы 400 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс өткізіліп жатыр. 

Жасырын емес бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың жайлы өмір сүруіне тікелей бағытталып отыр. Сондықтан несиелік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген еді. Осы ретте жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарланып отыр. 

Республика күні мерекесінің алдында Shymkent City шағын ауданында қала әкімі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Айналма өткеліндегі тұрғын үйлердің бірі сүрілуге жататын нысандар тізіміне енгізілген еді. Аталған ғимараттар 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыру талаптарына сәйкес келмейтін. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне ғана емес, айналадағы инфрақұрылымға да қауіп туғызды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді жаңғырту бойынша бірқатар нақты  міндеттер белгілегені белгілі. Сол себепті Президент 2029 жылға дейін республика бойынша апатты жағдайдағы 1500 тұрғын үйді бұзып, иелеріне жаңа пәтер беруді тапсырған болған. Мемлекет басшысының осы міндетіне орындау мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен Шымкент қаласының тұрғын үйлерін жаңарту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта мегаполисте 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар болса, соның 70 пайыздан астамы жарты ғасырдан астам бұрын салынған және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер боп саналады. Ал бүгінде қалада осындай ұайта жаңғыртуды талап ететін 134 тұрғын үй бар. дей тұрғанмен талапқа сәйкес ол тұрғын үйлер толық сүрілмес бұрын тұрғындардың толық келісімін алу керек екен.

Ал жоғарыда аталған бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алуына болады. Сонымен қатар, жаңа пәтер алдыңғысынан орташа есеппен 20 м² үлкенірек боп келеді. Тұрғындар есептегіштерге қосымша ақы төлемейді. Ең бастысы тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген. Соны айтып өткен жөн.  

Сондай-ақ бағдарламаны іске асыру азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жасауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға үлкен мүмкіндіктер сыйлайды.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Республика күні қарсаңында тұрғындармен бірге қалада алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысып, мектеп ұжымына алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Бұл білім ошақтары келсек, Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағысы 1200 орынға есептеліп салынған мектеп. Осы тұста айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан бастап сабақ оқуға кіріседі. 

Өз кезегінде қала әкімі тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтай отырып, мектептер тапшылығы мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болғанын атап өтті. 

Аталған проблеманы шешу мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде елімізде апатты және үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын түпкілікті жою бағытында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын көпшілік жақсы біледі.

Ал «Жайлы мектептердің» ерекшеліктеріне тоқталсақ бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін мұндай жеке блоктары бар заманауи мектептерде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына бүкіл жағдай жасалған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптарымен де жабдықталғанын айтқан жөн. 

Ең бастысы «Жайлы мектепте» қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылып, сандық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Сондай-ақ, хореографиялық және төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкингі бар аймақтар қарастырылған. Мереке қарсаңында қалада 2 «Жайлы мектеп» ашылса, заманауи мұндай мектептер  Шымкентте ұлттық жоба аясында әлі он сегізі салынады. 

Мерекеде орын алған тағы бір үлкен жаңалықтың бірі Шымкентте Республика күніне орай қаладағы ең биік ту тұғырына мемлекеттік ту ілінді. Бұл тутұғырдың биіктігі – 100 метрді құрайды.

Аталған нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, атақты спортшылар, БАҚ өкілдері мен шаһардың белсенді жастары қатысты.

Мегаполис тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтаған шаһар басшысы, “Tulip Hall” кешенінің жанында орналасқан жаңа тутұғырды қаланың мақтанышы мен бірлік нышаны деп атады. Сондай-ақ ол келешекте қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір керемет мәдени көпшілік орынға айналатынына үлкен сенім білдірді. Айта кету керек көлемі 30×15 метрлік үлкен туды тұрғындар қаланың әр нүктесінен көре алады. Осы салтанатты іс-шараға жиналған тұрғындардың айтуынша, көкте желбіреген көк байрақ бірлік нышаны мен мақтаныш сезімін тудырады. Сондықтан іс-шараға қатысушылар бұл жер баршаны бір ту астына жинайтын шаһардың қастерлі орны болатынын жасырмады.



Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Страницы истории шымкентского городского драматического театра
  • Русский драматический театр Шымкента: источник знаний и нравственных ценностей
  • Кошкар ата: целебные родники древнего мавзолея
  • Маршрут по «пушкинским местам» Шымкента
  • Городище Шымкент: частичка древней истории посреди мегаполиса
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер