
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай атақ пен марапаттардың заңсыз таратылуына қатысты мәселе көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, соңғы жылдары қоғамда атаққа құмарлық күшейіп, марапаттардың қадірі кеткен.
Депутаттың сөзінше, бүгінде кейбір беймәлім қоғамдық ұйымдар орден мен медальдарды еш негізсіз таратып, оларды табыс көзіне айналдырған. «Марапаттар базардағы тауарға ұқсап қалды. Бұған қашан тосқауыл қойылады?» – деп сауал тастады ол.
Мақсат Толықбай бұл проблема бұрын да бірнеше рет көтерілгенін, тіпті арнайы заңдар мен нормалар қабылданғанын еске салды. Алайда соған қарамастан, заңсыз марапат тарату үрдісі азаймай, керісінше өршіп бара жатқанын атап өтті.
Депутаттың мәліметінше, «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Ұлт ұстазы» сынды атақтар 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі сомаға ашық немесе жасырын түрде сатылуы мүмкін. Кейбір ұйымдар салтанатты рәсімдер өткізіп, жалға алынған ғимараттарда марапат иелерін қызыл кілеммен қарсы алады.
Оның айтуынша, марапат алған адамдардың көпшілігі қандай атаққа ие болғанын да жете түсінбейді. Олар бұл оқиғаны әлеуметтік желіде жариялап, уақытша мақтанышпен шектеледі. Ал басты мәселе марапаттың берілу жолы мен заңдылығында.
Сондай-ақ депутат соңғы уақытта «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» секілді жаңа атақтардың пайда болғанын атап өтті. Белгілі бір қаражат төлеген адам медаль, орден, куәлік және салтанатты марапаттау рәсімін қамтитын толық «пакетке» бірден ие бола алатынын айтты.
Мақсат Толықбай дамыған елдерде мемлекеттік марапаттардың заңмен қатаң қорғалатынын, оларды беру талаптары нақты белгіленіп, рәсімдер ашық жүргізілетінін жеткізді. Ал Қазақстанда кез келген адам қоғамдық ұйым құрып, атақ таратумен айналыса алатынын сынға алды.
Депутаттың айтуынша, ең қауіпті тұсы — бұл үрдістің білім саласына енуі. Қазір кейбір мұғалімдердің кәсіби деңгейі білім сапасымен емес, алған марапаттарының санымен бағаланып отыр.
«Мұғалімдер білім беруде емес, марапат жинауда жарысатын жағдайға жетті. Бұл – білім жүйесіне төнген үлкен қауіп», – деді ол.
Осыған байланысты депутат Үкіметке нақты ұсыныстарын жолдады. Атап айтқанда, 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, марапат туралы заңдардың сақталуына тұрақты бақылау орнатуды ұсынды. Сонымен қатар заңсыз марапат таратқандарға қатысты жауапкершілікті күшейтіп, мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тізілімін енгізу қажеттігін айтты.
Сауалын қорытындылай келе, Мақсат Толықбай атақ пен марапаттың құнсыздануы заңның әлсіздігінен емес, оның орындалмауынан туындап отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл мәселеге қазірден тосқауыл қойылмаса, кейін кеш болуы мүмкін.
