
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды деп жазады ҚазАқпарат.
2024 жылғы 12 қарашада халықаралық климаттық COP-29 форумы аясында осы Келісімге қол қойылды. Аталған келісім тұрақты және «жасыл» энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
- Келісімнің мақсаты – ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, энергия өндіру мен жинақтаудың заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу. Құжат аясында жалпы орнатылған қуаты 1,8 ГВт болатын жаңартылатын энергетика саласындағы үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жиынтық қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясын және қуаты 300 МВт болатын бір күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Аталған жобалар мемлекетаралық ынтымақтастық аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан ЖЭК саласындағы ең ауқымды жобалардың қатарына жатады, - деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Жобаларды Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының аумағында іске асыру жоспарланған. Бұл өңірлердің таңдалуы жел және күн ресурстарының жоғары әлеуетімен, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне интеграциялау мүмкіндігінің болуымен негізделген. Барлық жоба қажет энергетикалық инфрақұрылымды құруды, оның ішінде электр желілеріне қосылу объектілерін салуды және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізуді көздейді.
- Жобаларды іске асыруға салынатын инвестициялардың жиынтық көлемі 2,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттары мен банктердің қатысуымен жүзеге асырылатын болады, бұл инвесторлардың Қазақстанның энергетика секторына деген жоғары сенімін көрсетеді. Жобаларды іске асыру айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық әсер береді, оның ішінде шамамен 2 000 уақытша және 204 тұрақты жұмыс орнының құрылуы, сондай-ақ экономиканың сабақтас салаларының дамуы қамтамасыз етіледі. Энергетикалық және экологиялық тұрғыдан алғанда, жобалар жыл сайын 5,7 млрд кВт·сағаттан астам «жасыл» электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді, көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына 4,5 млн тоннаға дейін қысқартуға ықпал етеді. Бұл еліміздің климаттық мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосады. Сонымен қатар «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қосалқы инвестор ретінде қатысуы ұлттық мүдделердің ескерілуін және жаңартылатын энергетика саласындағы отандық мамандардың біліктілігін дамытуды қамтамасыз етеді, - деді министр.
Қазіргі уақытта жобалар жобалық іздестіру жұмыстарынан бастап, негізгі инвестициялық және шарттық құжаттарды дайындау кезеңіне дейінгі әртүрлі іске асыру сатыларында тұр. Осыны ескере отырып, Келісімді ратификациялау ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
