Өмірзақ Шөкеев: Жолдаудағы тапсырмалар жүйелі түрде орындалатын болады

Түркістан облысы экономикасының басты тірегі – ауыл шаруашылығында 235,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7% болды. Әлемде орын алған карантиндік режимге қарамастан, өңірде жалпы 654 мың тонна өнім экспортталып, табыс көлемі 70,0 млн АҚШ долларын құрады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті елу екінші сессиясында аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті. 

5cd9593d2b418-800x445.jpg

ЖӨӨ көлемі 6 пайызға артқан 

Облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, мемлекеттік орган басшылары мен қала, аудан әкімдері және мәслихат хатшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2020 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстары баяндалды. 

«Жыл басынан бері облысымыз күрделі жағдайда дамып келеді. Оған қарамастан, биылғы жылдың 7 айында облыстың маңызды әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң сипатқа ие болып отыр. Экономиканың басты көрсеткіші саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі былтырғы жылмен  салыстырғанда 6 пайызға артқан. Өсім қарқыны осы деңгейде сақталады деп жоспарлануда», - деді Өмірзақ Естайұлы. 

Өңірде 3000-нан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 53 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 33 жоба іске асырылып, қазіргі таңда 750 жұмыс орны ашылған. Өнеркәсіп өнімі де артып келеді. Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында, облыста сондай-ақ, 9 индустриалдық аймақ құрылған. Оның ішінде  7 индустриалдық аймаққа инфрақұрылым тартылған. Облыс әкімі барлық бағыттағы даму қарқынына жеке-жеке тоқталып, кәсіпкерліктің де өте жақсы дамып келе жатқандығын атап өтті. Бүгінде облыста 142 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектілері бар. Кәсіпкерліктің дамуы жағынан Түркістан облысы республика көлемінде бірінші орынға ие. Бұл орайда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы үлкен септігін тигізіп отыр. Өңірде 447 әлеуетті жобалар дайындалып, республикалық комиссия қарауына жолданған. Оның ішінен 26 миллиардтан астам теңгені құрайтын 221 жоба қаржы институттарымен қаржыландырылуда.   

«Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Осы орайда, бүгінгі таңда Үкімет тарапынан бекітілген Жалпыұлттық іс-шара жоспары басшылыққа алына отырып, Түркістан облысында іс-шара жоспары әзірленуде. Жолдауда көрсетілген барлық тапсырмалар жүйелі түрде орындалатын болады», – деді облыс әкімі.

Облыс, сондай-ақ ірі қара мал етін экспорттау бойынша республикада 1- орынға ие. Экспорт табысын жыл соңына дейін 97,2 млн АҚШ долларына жеткізу жоспарлануда.  Ет өндіруге өңірдің аудандары қомақты үлес қосуда. Бірер ғана мысал, Шардара ауданының орталығында орналасқан «Ақарыс» шаруа қожалығы жылына 150 мың тоннаға жуық ет өндіреді. Қазіргі таңда қожалықта 80 бас ірі қара бар. Мал бордақылап, ет өндіру бағытында жұмыс істейді. Отбасылық кәсіпте 4 адам жұмыспен қамтылып отыр. Орташа жалақы – 70 мың теңге көлемінде. Ет ауданның ішкі нарығы мен облыстағы өзге аудандарға жөнелтіледі. Шаруа қожалықта жеке мал сою орны мен жем-шөп дайындайтын арнайы цех бар. Алдағы уақытта қожалық аумағын үлкейтіп, мал басын арттыру көзделіп отыр. Өйткені, ет өніміне сұраныс артып отыр. Ал Сайрам ауданында биыл 84 тонна қой еті мен 1638 тонна ірі қара еті экспортқа шығарылды. Жыл соңына дейін сайрамдықтар тағы да 500 тонна қой еті мен 2 мың тонна ірі қара етін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек ауданда соңғы алты айда жалпы 14833 тонна ет, 73095 тонна сүт, 8950 мың дана жұмыртқа өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда ет бағыты бойынша 107,9, сүт 112,7, жұмыртқа 105,5 пайызға артық. Сондай-ақ, ауданда төрт түлік саны да көбейіп келеді. Бұл өңірде бүгінгі таңда 263353 уақ және ірі қара мал, 82075 жылқы, 165 713 бас қой-ешкі, 132 456 құс бар.

Жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

 Сессияда жасалған баяндамаға оралсақ, егіс көлемі 846,1 мың гектарға жеткізіліп, 17,0 мың гектарға артқан. Қарқынды баулардың көлемі 3,7 мың гектарға жеткен, жүзімнен 100,0 мың тонна өнім алынды. Осы арада жүзім жөнінде бір ғана дерек келтіре кетелік. Жетісай ауданы Жылысу ауыл округінде орналасқан «Ер-Те Агро» ЖШС-і 33 гектар аумаққа жүзімнің 9 сортын еккен. Атап айтқанда, «Ливия», «Аркадия», «Кодрянка», «Велес» және «Сәулелі кишмиш», «Анюта», «Байқоңыр», «Женеев», «Преображение» сынды түрлері егілген. Серіктестік биыл жүзімнің әр гектарынан 20 тонна өнім жинаған. Сатылу бағасы – 300-400 теңге аралығында. Шығындарды есептегенде серіктестік жылына орта есеппен 150 млн теңге таза табыс тауып отыр. Маусымдық кезде 20 адам жұмыспен қамтылады. Өнім негізінен Қазақстан аумағына жөнелтілуде. Серіктестік өнімге сұраныс артқан жағдайда жүзім аумағын ұлғайтуды көздеп отыр. Жалпы Жетісай ауданы бойынша 1183 гектар аумаққа жеміс жидек және жүзім дақылдары егілген. Оның ішінде қарқынды бау 255 гектарды құрайды. Жалпы өңірде қарқынды бауларда жүзім мен алманың итальяндық, белорустық, украиндық сорттары егілген. Жаңадан 2,4 мың гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, жалпы көлемі 20,0 мың гектарға жетті. Диқандар тамшылатып суару жүйесінің тиімділігі арқасында өнім көлемін арттырып отыр. Облыста сонымен қатар инвестициялық субсидия бағдарламасы жаңа бағыттағы жобаларға ірі инвесторлар тартуға оңды ықпалын тигізуде. Өткен жылы 1 524 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілсе, биылғы 7 айда 6,0 млрд теңгеге 1433 жобаға қолдау көрсетілген. Облыста ауыл шаруашылығы саласында үш басым бағыт қолға алынғаны мәлім.  Әсіресе, жаңбырлатып суғару әдісі мен азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы және үй іргелік шаруа қожалықтарын дамытуға ден қойылып отыр. Облыс орталығы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы аясында 31,7 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Алдағы уақытта қала аумағында 1458 шаруа қожалығын 9 кооперативке біріктіру арқылы 11,0 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суғару машиналарын орнату жоспарлануда. Бұл алқаптардан алынған жоғары сапалы мал азықтық өнімдермен (бидай, жүгері, жоңышқа) белдеудегі келесі ірі инвестициялық жобалардың сұранысы қанағаттандырылып, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылады. Күрделі кезеңде облысты дамытып, көркейту жұмыстары тоқтамақ емес. Мәслихат сессиясында өңірде алдағы уақытта атқарылуы тиіс ауқымды шаралар барысы айтылып, тың серпін берер шешімдер қабылданды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Елге келген қандастардың неше пайызы еңбекке жарамсыз
  • Қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтердің жаңа түрлері қолжетімді
  • Мемлекет басшысы Қазақстанның шет елдердегі бірқатар Елшісін тағайындады
  • Ресей: Теракт болған күні Крокустан 5 мыңнан астам адам эвакуацияланған
  • Президент терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер