Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қою бойынша кезекті мәлімдемесін жасады. Онда ел аумағында жарияланған төтенше жағдайдың 11 мамырда аяқталатынын айтты. Осы қиын жағдайда Қазақстан халқына көрсетілген көмектерді баяндап, пандемияға қарсы күрсете қарқынды жұмыс атқарып жатқан барлық қызметкерлерге алғысын жеткізді. Карантин талаптары жеңілдегенмен тұрғындарды аса сақ болуға шақырып, дағдарыспен күресудің кешенді жоспарлары әзірленіп жатқандығын баса айтты.
Осыған орай, Түркістан облысындағы әр саланың мамандары Президент мәлімдемесінің ұтымды тұстарына тоқталып, ел болып қолдау білдіруге шақырды.
Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт.
«Қысқартып айтқанда, барлық қиындықтарды жанкешті жауапкершілік, темірдей тәртіп жеңеді. Карантиннен шаршадық деп үстірттікке жол беруге мүлде болмайды. Төзімділік, тәртіп, тазалық керек. 11 мамырға дейін де кейбір кәсіпорындар,халыққа қызмет орындары, тағы басқалары біртіндеп жұмысқа кіріспекші. Әрине, талаптарды қатаң сақтай отырып. Балалар алаңдарын ашу да ойластырылады. Алайда, аулаларды ашамыз деп, ауа жайылуға да болмайды» , - деп қиын кезеңде халықтың тұрмысын тұрақты ұстауда бұл шешімдердің маңызы зор екендігін айтты.
«Амангелді» ЖШС бас директоры Нұрлан Құралов:
«Әсіресе, ел экономикасының басты драйвері саналатын – ауыл шаруашылығы саласына аса ден қойғаны көңіл қуантты. Көктемгі егіс науқаны мәселелеріне ешқандай кедергі туындамайтынын айтып, өнімдерді алдын-ала сатып алу үшін бюджеттен 200 миллиард теңге бөлініп, оның 70 миллиардын тұқым өндірісіне бағыттауды тапсырды. Осындай қиын кезеңге қарамастан өз ісін табысты жалғастырып жатқан кәсіп иелеріне бұл таптырмас мүмкіндік болып тұр», - деп қандай жағдайда да ел экономикасының ілгерілеуіне күш салатындықтарын жеткізді.
Ордабасы аудандық орталық ауруханасы инфекция бөлімінің меңгерушісі Ақтолқын Ержанова:
«Төтенше жағдай жарияланған күннен бері әріптестерім тіпті күні-түні жұмыс істеді. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ел ішінде «Сіз үшін біз жұмыстамыз, біз үшін үйде қалыңыз» деген сөзді жиі насихаттадық. Нәтиже көп күттірмеді. Облыс бойынша жаман індеттен жазылып шыққандар қатары көбейді. Осылайша түсіністік танытып, ауызбіршілік көрсетіп жатқан еліміз бұл ауыртпалықтарды да жеңетініне сенемін. Президент еліне, халқы басшысына сенген жерде ауру тұрмайды», - деп ақ халаттыларға артылған сенім мен қолдау үшін алғысын білдірді.