Депутаттар мен кәсіпкерлер марапатталды


Бәйдібек аудандық мәслихатының алтыншы шақырылым депутаттары мен ауданнан шыққан, облыс көлемінде есімдері елге танымал, барлық істе депутаттармен тығыз жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып келе жатқан бірқатар кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 25 жыл мерекелік медалімен марапатталды. Мерекелік медальдар иегерлеріне аудандық мәслихат депутаттарының ел алдындағы қызметі мен елге сіңірген еңбектерін көрсету, кейінгі ұрпаққа аманаттау әрі өнеге ету мақсатында шығарылған «Ширек ғасыр шежіресі» кітабының тұсаукесерінде табысталды.
Жиын алдында аудандық мәслихаттың 25 жылдығына арналып арнайы дайындалған бейнебаян көрсетілді. Мұнан соң аталған кітаптың лентасын аудан әкімі Бақытбек Танагөзов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, депутат Тұрсынәлі Дүйсенбеков, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, депутат Бағдат Қалаубай, Қазақстанның құрметті журналисі Серікбай Тұржан қиды.
Мерекелік медальдармен марапатталған кәсіпкерлер қатарында «Бәйдібек-Несие» НС» ЖШС-нің басқарма төрағасы Жазылбек Әбілдабекұлы, «Асқар тау» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Кенехан, «Желтимес» шаруа қожалығының төрағасы Гаухарбек Мейірманқұлов, «Ерсұлтан Агро» ЖШС-інің директоры Ерболат Мырзабеков сынды азаматтар бар.
Түрлі-түсті суреттермен безендірілген «Ширек ғасыр шежіресі» кітабына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, аудан әкімі Бақытбек Танагөзов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Мұқадас Нақыпбековтің алғы сөздері берілген.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Депутаттар мен кәсіпкерлер марапатталды