600 бала пойызбен Қазақстанды аралады


Бүгін «Туған елге саяхат» туристік балалар пойызының соңғы маусым қатысушылары Нұр-Сұлтан қаласына келді.

Балалар 9 күнде Нұр-Сұлтан, Тараз, Байқоңыр, Алматы қалаларында болып, Балқаш көлінің сұлулығын тамашалады. Олар әр қаланың тарихымен танысып қана қоймай, дос тауып, пойызда түрлі үйірме мен мастер-класстарға қатысу арқылы уақыттарын қызықты өткізді. 

Елордадағы «Жетісу» саябағында биылғы маусымның салтанатты жабылу рәсімі өтіп, жоба қатысушылары мен тәлімгерлері концерттік бағдарлама қойды. Алдымен балалар флешмоб жасап, бірнеше әуенге биледі. Содан соң сапардан алған әсерлерімен бөлісіп, саяхаттаған қалалары туралы айтты.

0Z9A2229.JPG

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев жыл санап жоба ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

0Z9A2204.JPG

«Сіздерге ұнады деген ойдамын. Серіктестерге, ұйымдастыушыларға, жоба бойы жұмыс істеген тәлімгерлер, аспаздар, пойыз командирі, PR мамандарына алғыс білдіремін. «Туған елге саяхат» 2016 жылы бастау алды. Сол кезде мен де осы пойызбен жүрдім. Балалар мен пойыздағы атмосфера өте қатты ұнады. Әр жыл сайын пойыз бағыты өзгереді. Биыл Нұр-Сұлтан, Байқоңыр, Тараз, Алматы, Балқаш қалаларын аралады. Жыл сайын жоба ауқымы кеңейіп келеді. Алғашында 90 бала саяхаттаса, қазір 600 бала саяхаттады. Жоба жалғасады деген ойдамын. Қазақстан тарихын білуге ғана емес, сіздердің шығармашылық потенциалдарыңызды ашатын жоба деп білемін. Үйлеріңізге аман-есен жетіп, оқу жылын сәтті бастауларыңызды тілеймін», - деді «Samruk-Kazyna Trust» өкілі.

Жоба қатысушысы Әсем Күренбай қалалардың ішінде қазақ халқының өткен өмірінен сыр шертетін көне қала Тараз бен әсем қала Алматы қатты ұнағанын айтты.

«Біз Тараз қаласында Айша-Бибі, Қарахан кесенелерін аралап, әсем қала Алматыға жол тарттық. Алматыда хайуанаттар бағы, қызықты дельфинария күтіп тұрған еді. Сонымен қатар, көптеген ойын-сауық орталығына бардық. Бізге үлкен мүмкіндік сыйлаған «Туған елге саяхат» жобасына рақмет», - деді қатысушы.

0Z9A2342.JPG

Бұдан бөлек, шетелде тұратын қазақ диаспорасының балалары өздерінің тарихи Отанымен жақынырақ танысты. Орынбордан келген 11 жасар Әлихан алғаш рет осындай лагерьге келіп отырғанын, Қазақстанды көруге мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Омбыдан келген Дильназ Дүйсенбаева мен Әлия Тұрлыбаеваға лагерь туралы сол жердегі қазақ ұйымы айтқан. Олар «Қазақстан – ата-бабамның отаны» тақырыбында шығарма жазып, жобаға жолдама алған.

«Мұнда туыстарым көп болған соң бірнеше рет келдім. Бірақ Байқоңыр мен Таразды алғаш рет көрдім. Қатты ұнады. Тәлімгерлер өте мейірімді, бізге жақсы қарады, қолдады. Болашақта осы лагерьде тәлімгер болғым келеді», - деді Дильназ.

0Z9A2186.JPG

Жоба қатысушылары мен тәлімгерлеріне қатты бауыр басып қалған Әлия лагерьден қайтқысы келмейтінін айтты.

«Алматы таулары өте керемет. Таразда көне және қызықты орындарға бардық. Байқоңыр бұрын көрмеген соң қызық болды. Тәлімгерлер өте жақсы. Балалармен жақсы тіл табысып кеттік. Астанада бала кезімде болдым. Қайта айналып бірінші күнге оралғым келеді. Қайтқым келмейді. Мұндағы балалар қазақша, орысша сөйлейді. Біз қазақша түсінбегенде аударып жүрді», - дейді Әлия.

Шара соңында бұған дейін өткен екі кезеңде қалыптасқан дәстүр бойынша балаларға естелік сыйлықтар берілді. Концерттік бағдарлама соңында балалар көздеріне жас алып, қимастық сезімін білдірді. Бір-бірін құшақтап, тәлімгерлеріне алғыстарын жаудырды. 9 күн бойы балалардың жанынан бір елі қалмаған тәлімгерлердің де көз жастарына ерік бергенін байқадық.

0Z9A2715.jpg

Биыл жоба Халықаралық балаларды қорғау күні – 1 маусымда басталған болатын. Тура екі ай бұрын «Туған елге саяхат» туристік пойызы жобасының алғашқы қатысушылары «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан Қазақстанның тарихи және заманауи қалаларын аралауға аттанды. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады. 

Жоба – балалардың жан-жақты дамуына, қоршаған әлемге қызығушылықтарын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. 

0Z9A2289.JPG

Биыл жоба арқылы шалғай өңірлерде орналасқан көпбалалы және толық емес отбасыда тәрбиеленіп жатқан, оқу үлгерімі жақсы өндірістік кәсіпорындары мен зауыт жұмысшыларының 500 баласы мен шет мемлекеттерден келген қазақ диаспорасының 50 өкілі, шығармашылық байқау қорытындысы негізінде анықталған жеңімпаз 50 бала саяхаттады.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Елге келген қандастардың неше пайызы еңбекке жарамсыз
  • Қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтердің жаңа түрлері қолжетімді
  • Мемлекет басшысы Қазақстанның шет елдердегі бірқатар Елшісін тағайындады
  • Ресей: Теракт болған күні Крокустан 5 мыңнан астам адам эвакуацияланған
  • Президент терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер