Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу талабы қатаңдатылады

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу талабы қатаңдатылады. Сәуірден бастап шотта қалуы тиіс жеткіліктілік шегін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, бұл шешім жинақтарды пайдалану көлемінің, әсіресе жастар арасында күрт артуымен байланысты болып отыр. Министрдің дерегінше, бүгінге дейін халық 5 триллион теңгеге жуық жинағын алған болса, соның бестен бірі – 20 мен 35 жас аралығындағы азаматтардың еншісінде. Сондықтан Министрлік жинақтау жүйесін дамыту үшін талаптарды қайта қарауды жөн деп санайды.

– Жалпы 5 трлн теңгеге жуық қаражат алынды. Біз санаттар бойынша талдау жасадық, соның 1 трлн теңгеге жуығын жастарымыз, яғни 20 мен 35 жас аралығындағы адамдар алған. Осы тенденцияны ескере отырып, Еңбек министрлігі ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеру қажет деп есептейді. Бүгінде елде 9,7 млн жұмыс күші болса, соның 2,9 млн-ы ешқандай аударым жасамайды. Ертең бұл азаматтар зейнетке шыққанда ең төменгі базалық зейнетақы – 35 мыңнан 80 мың теңгеге дейін ғана алады. Мұндай ақшамен өмір сүру қиын. Сондықтан шекті деңгейді ұлғайтуымыз керек, – деді Асқарбек Ертаев.

Қазіргі таңда министрлік жаңа шектерді есептеу бойынша Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен жұмыс жүргізіп жатыр.  Бұл ретте министр жаңа есептеу формуласының жобасын да түсіндіре кетті.

– Бұл шамамен сәуір айының ішінде қарастырылады. Егер өткен жылы менің зейнетақы шотымда 2 млн теңге жиналса, биылғы ең төменгі жеткіліктілік шегі «2 млн + 8% + 2%» болады. Шамамен 10 пайызға артады да, осы сомадан асқан бөлігін ғана алуға болады. Бұл барлық азаматқа ортақ формула болмақ, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Министр зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі толық жойылмайтынын атап өтті. Жинағы жеткілікті азаматтар бұрынғыша емделуге немесе несиесін өтеуге пайдалана алады, бірақ талаптар бұрынғыдан қатаңдатылады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түйе үстінде жамбы атудан қазақ қызы әлемдік рекорд орнатты
  • КазАТИУ им.С.Сейфуллина впервые вошел в международный предметный рейтинг
  • С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ алғаш рет халықаралық пәндік рейтингіне енді
  • Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу талабы қатаңдатылады
  • Қазақстан мен БАӘ Cыртқы істер министрлері өңірдегі жағдайды талқылады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер