Президент Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

ҚазҰУ ректоры — басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына Инновациялық өнімдер орталығының және Farabi Hub-тың жоғары технологиялық жобаларын көрсетті.

— Хаб экономиканың нақты секторына инновациялық әзірлемелер енгізуді көздейтін заманауи платформа ретінде құрылған. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды, — делінген хабарламада.

Орталықта ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорацияларының, сондай-ақ басқа да шетелдік жетекші ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді.

Президентке университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесе әзірленген микроспутник макеті көрсетілді.

Жоғары оқу орындарының ғалымдары NKSAT спутнигін жасап жатыр. Ол Жердің тартылыс аумағы мен радиация деңгейін өлшеуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған.

— Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы» зертханасының қызметі таныстырылды. Бұл кешен ҚХР Ғылым академиясымен бірлесе ашылды. Зертханада жасанды жер серіктерінің деректері негізінде Орталық Азиядағы климат және экология өзгерістері зерделенеді, — деп хабарлады Ақордадан.

Мемлекет басшысы «Цифрлық технологиялар мен роботты техника» халықаралық институтын және Роботты техника орталығын, сондай-ақ Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығын аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған. 

Кластер күрделі есептеулерді орындау мерзімін айтарлықтай қысқартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырады. Сондай-ақ ІТ және жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға кеңінен жол ашады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жаңа Конституция: Түркістанда әлеуметтік саясат пен отбасы құндылықтары талқыланды
  • Президент Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты
  • Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді
  • Қазақстанда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталды
  • Бала 1,5 жасқа толғаннан кейін жұмыссыздық төлемін алу туралы ақпарат жалған
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер