
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік жиынында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің дамуына айрықша үлес қосқан бір топ азаматқа Президент Жарлығымен берілген марапаттарды табыс етті. Сол құрметке ие болғандардың арасында елге еңбегі сіңген азамат Жамантай Бесенбаев та бар. Оған «Құрмет» ордені табысталды.
Жамантай Қанайұлының дәл ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесінде марапатталуы — оның өмір жолының мәнімен тікелей байланысты. Себебі ол саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап келеді. Еңбек баспалдағына қарапайым агроном болып қадам басқан Жамантай Бейсенбаев «ақ алтын» өсетін Мақтаарал мен Жетісай өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесінің арқасында жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды. Ол екі рет Жетісай қаласының, екі рет Мақтаарал ауданының әкімі болды. 2018 жылы іріленген Мақтаарал ауданы екіге бөлінген кезде Жетісай ауданының әкімі қызметін атқарды.
Зейнетке шыққаннан кейін де елден қол үзген жоқ. Шаруашылықпен айналысып, мақта саласына озық технологияларды енгізу бағытындағы еңбегін жалғастырып келеді.

