Түркістанда «Домбыра – дастан» іс-шарасы өтті

image.png

Бүгін Түркістан қаласындағы «Амфитеатр» кешенінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты мерекелік іс-шара өтті  деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның ұлт руханиятындағы маңызына тоқталды.

– Ұлттық мұраны ұлықтайтын бүгінгі іс-шараның руханиятты дамытуға қосар үлесі мол. Домбыра – ұлттық аспап қана емес, елдің болмысын, жан-дүниесін айшықтайтын ұлы мұра. Осы құндылығымызды қастерлеп, жанына серік еткен қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Кеш барысында Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Зейнеп Аласьяның «Ертұғырыл», Құрманғазының «Айжанқыз», «Адай», «Балбырауын» сияқты ұлттық күйлері орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған үйірмелердің шәкірттері өз орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.

Сондай-ақ «Фараб», «Самғау» би ансамбльдерінің билері сахнаның көркін аша түсті. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сынды шығармалар ұлттық мұраның ұлағатын сездірді. Шараның шарықтау шегі ретінде домбырашылар арасындағы күй тартысын атауға болады.

Кеш соңында барлық өнерпаздар мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы домбыра үйірмелерінің оқушылары қалың көрерменмен бірге «Балбырауын» күйін орындады. Көрермендер қол соғып, алғысын білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай бірқатар шара өткізілді.  Атап айтқанда, 30 маусым күні Түркістан қаласында «Тұран даласының күйлері» қалалық күйішілер байқауы, «Достық» үйінде «Үкілі домбыра» фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 1 шілде күні Түркістан қаласы «Фараб» кітапханасында дәстүрлі «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылып, республиканың әр аймағынан келген 25 өнерпаз бақ сынады. Аудан, қалаларда 100-ге тарта мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанда «Домбыра – дастан» іс-шарасы өтті
  • Санжар Тәшкенбай Астанадағы әлем кубогының финалына жолдама алды
  • Жаңа заң: ҚМДБ бетті толық жабуға қатысты мәлімдеме жасады
  • Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
  • Қазақстаннан Қытайға 1500 киікті беру процесі қалай іске асады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер