Әлем таныған бүркітші қыз Түркістанның туризмін дамытуға өз үлесін қоспақ деп жазады ҚазАқпарат.
Айшолпан Нұрғайып өңірде құсбегілік мұражайын ашып, жастарды атадан мирас болып келе жатқан бекзада өнерге баулитын болды. 13 жасында есімі алты қырдан асқан қазақ қызының бастамасымен тілшіміз танысып келді.
Айшолпанның атын әйгілеген — америкалық режиссер Отто Белл түсірген кинотуынды. Әлемнің 30 елінде көрсетілген. Осы фильмнен кейін Моңғолияда дүниеге келген бүркітші қыздың өмірі адам танымастай өзгерді. Нью-Йоркте Айшолпан «Азияның батыр қызы» деген марапатқа ие болды.
Айтуынша, құсбегілік — қаннан дарыған өнер.
— Кішкентай кезімнен, дүниеге келгеннен бастап, бүркітті көріп өстім, қызықтым. Ағам бүркітші болды. Ол кісі әскерге кеткен соң бүркітін маған қалдырып кетті. Сегіз жасымнан бастап құсбегілікпен айналыстым. Кином арқылы әлемнің 32 мемлекетінде болдым. Сол жерде киномды көрсеттім. Қазақ еліне келгенде басқаша сезім биледі. Қатты қуаныштан, қобалжудан жыладым. Өйткені, Отанымызды көріп, сағынышымды кішкене болса да бастым, — дейді Айшолпан Нұрғайып.
Әлемге танымал құсбегі қыз өткен жылы атажұрты — Қазақстанға отбасымен қоныс аударған.
Шетелдің үздік университеттері грант ұсынып, шақырса да, бүркітші қыз отандық университетті таңдапты. Сөйтіп, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алған.
Қазір құсбегілікпен қатар, ұстаздық қызметті де қатар алып жүр.
— Айшолпанның ерекшелігі — оның жаны тап-таза. Мен ойлаймын, табиғатпен етене жүрген адам ғой. Табиғат ешқашан да жалған сөйлемейді. Табиғат — тазалық. Тауда жүрген адам биік болады. Айшолпанның басқа қыздардан айырмашылғы осы — тап-таза, мөп-мөлдір табиғаттың өзі сияқты, — дейді құсбегінің ұстазы Баян Керімбекова.
Айшолпан ұлттық болмысымызбен біте қайнасқан құндылықтарды дамыту арманым еді дейді. Түркістанға келу себебі де осы.
Қазір ол этноауыл кешенінде арнайы музей ашып, құсбегілік өнерді дәріптемек.
Музейден бөлек, мұнда ұлттық киім киіп, атқа, түйеге мініп, бүркітті қолға алып, тазыны ертіп, суретке түсуге болады.