Әбдірахымов газеттің сынынан кейін белсенділерді қабылдады

Screenshot_2.jpg

«Қадірменді қариялар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Оңтүстік демократия» қоғамдық қорының  президенті Шаруа Пірмат, «Ардагер Оңтүстік» қоғамдық бірлестігінің басшысы Төлебай Қараменов және заңгер Тілеулес Лес  тарифке, қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерге  қатысты Шымкенттің әкімінің қабылдауына кіре алмай жүргендігін «Рейтинг» басылымында мәлімдеген болатын.  «Әбдірахымов пиар жасағанды жақсы көреді. Халыққа көп уәде береді, бірақ оны ешқашан орындамайды,-деген Ш.Пірмат әкімнің маусымда қоғамдық ұйым өкілдерін арнайы қабылдау жөнінде уәде бергенімен, оны әлі күнге орындамағанын айтқан еді.

Дегенмен Әбдірахымов уәдесін ұмытпаған екен. Мақала «Рейтинг» газетінде жарияланған соң Әбдірахымов  бір топ белсендіні арнайы қабылдаған. «Кездесу мейілінше еркін форматта өтті. Оған 13 адам шақырылған екен. Басым бөлігі осындағы қоғамдық ұйымдардың басшылары. Атап айтқанда Жарқынбек Сейтімбет, Жанысбек Өтеген, Төлебай Қараменов, Ибрагим Әлсерке, Лесбек Байжанов және тағы басқалар болды. Әбдірахымовтан бөлек оның бірінші орынбасары Қайрат Нұртай,  «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалындағы бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов те кездесуге қатысты. Кездесуде көп проблемалар көтерілді. Біз әкімнің алдына қоғамдық ұйымдармен арадағы байланыс, қалалық қоғамдық кеңестің жұмысын жолға қою, коммуналдық тарифтерді  қайта қарап шығу жөніндегі мәселелерді қойдық. Монополистердің жұмысына толығымен сараптама жасау қажет. Коммуналдық қызметтерге, жарық, ауыз су, жылу, газды былай қойғанда, тіпті қоқыс, бензинге де баға негізсіз көтерілген. Монополистер қалағанынша баға қоя береді. Антимонополия дұрыс жұмыс істемейді. Бәрі Астанадан шешіледі. Жергілікті жерлерде талқылау өтеді. Бірақ оның ешқандай заңдық күші жоқ. Сонда бұл кім үшін қажет? Біз тарифтердің бағасын түсіруді айтқан кезде әкім коммуналдық қызмет көрсетушілердің де кәсіпкер екендігін, олардың да пайда тапқысы келетінін айтты.  Кейбір мәселелерге әкімдіктің араласа алмайтынын, бәрі еркін бәсекелестік жағдайында шешілуі тиістігін алға тартты. Бірақ коммуналдық кәсіпорынның көретін пайдасының да шегі болуы керек шығар. Тек монополистердің емес, қара халықтың да жағдайын ойлау керек қой.  Баға үздіксіз өсіп жатыр. Әбдірахымов әкім болғалы қалада арзандаған ешнәрсе жоқ. Сондықтан әкімнің бұл ойын өз басым түсіне алмадым. Қоғамдық көлік, жер мәселесі де жақсы айтылды. Автобустар кеш түссе жүрмей қалады. Қалада пәленбай жыл бұрын берілген жер телімдері  әлі күнге пайдаланылмайды. Жер комиссиясының құрамында Жанысбек Өтегеннен басқа ешқандай қоғамдық ұйымның өкілі жоқ. Мектеп директорларын конкурспен тағайындау, конкурспен маман қабылдау сияқты өзекті мәселелер де ортаға салынды.  Ең ақыры Әбдірахымовтың кейбір орынбасарларының жұмысына да сын айтылды.  Олар халықпен дұрыстап жұмыс істей алмайды.

Кездесуде Әбдірахымов қоғамдық ұйым өкілдерін екі ай сайын қабылдап, ақылдасып, кеңесіп тұруға уәде етті. Осы кездесуде қоғамдық ұйым өкілдері көтерген мәселелер бойынша нендей жұмыстардың атқарылып жатқаны жөнінде есеп беріп тұратын болды»,-деді Ш.Пірмат.

Әрине, Әбдірахымовтың қоғамдық белсенділердің газет арқылы жолдаған талап-тілегіне дер кезінде құлақ асып, оларды арнайы қабылдауы құптарлық тірлік. Бірақ егер бұл құрғақ уәдемен шығарып  салу болса, одан не пайда? Уәде орындалғанымен құнды екендігін ұмытпаған жөн.  

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер