Әбдірахымов мешітте берген уәдесін ұмытқан жоқ па?

Screenshot_1.jpg

Жасыратыны жоқ, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы халқының үштен бірі тұрған Шымкенттің дамуына облыс әкімдері өте қатты көңіл бөлді. Бердібек Сапарбаев, одан кейінгі Болат Жылқышиев әкімдік еткен қиын замандарда да қалада біраз көрікті нысандар бой көтерді. Облыстың тізгінін бар-жоғы 11 ай ұстаған Өмірзақ Шөкеевтің кезінде қала көшелері мен базарлары тәртіпке келтірілді. Одан кейінгі облыс әкімдерінің ішінде  Асқар Мырзахметовтың еңбегін айтпай кету әділетсізідк болар еді. Мырзахметов Шымкенттің жаңа бас жоспарын әзірлетіп, қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын салдырды (сөйткен бас жоспарды Әбдірахымов бюджеттен қыруар ақша бөлдіртіп,  қайта жасатып жатқаны өз алдына бөлек тақырып). Оңтүстік Қазақстан облысына бір жарым жылдан астам уақыт әкім болған Түймебаев та Шымкенттің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Соның бірі - «Шатқал» бағдарламасы бойынша қаланың әр жерінде саябақтардың негізі қаланды. Бұл туралы сәл кейінірек(3-бетте). 

Әлі есімізде, 2016 жылдың мамыр айында Ғабидолла Әбдірахымов Каттани атындағы орталық мешітте жамағатпен бірге жұма намазын оқып, «2018 жылы қаланың барлық негізгі проблемаларын шешуге сөз беремін» деген еді. Алланың үйінде тұрып берген уәде қаншалықты орындалды? Содан бергі аралықтағы екі жарым жылда Шымкентте қандай өзекті проблема шешілді? Әй қайдам, анау айтқандай, дәлірегі Әбдірахымов уәде еткендей жапырылып істелген жұмыс жоқ сияқты. Қайта Әбдірахымовтың былтыр жыл соңында ойда жоқта қызметінен алынып, Астанаға кетіп, араға сегіз ай салып қайта оралғаны абырой болған сияқты. Берілген көл-көсір уәделер ертеңгі күні орындалмай қалса,  бәрін сол аз уақыттық үзіліспен жуып, шаятын шығар. Әбдірахымов алғашқы мерзімінде әкім болудың оңай еместігін мықтап түсінген тәрізді. Әсіресе миллион халқы, миллион проблемасы бар Шымкентке әкім болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа ғой.

Жалпы байқасаңыздар, Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұмысын халықтан арыз-шағым жинаудан бастап, уәде берумен аяқтайды. Алғашқы әкімдік дәуірінде солай істеген еді, екінші әкімдік қызметін де арыз шағым жинаудан бастап жатыр.  Ғабидолла Рахматоллаұлы халықтың құрғақ сөзден шаршағанын, уәде орындалғанымен құнды екендігін ұмытып кеткен сияқты. Бұл шамасы «зың әкімнің» ең осал тұсы болса керек. 

Әбдірахымовтың елге берген уәдесін түгелдей тізіп шыққымыз келіп тұрған жоқ. Жолаушы тасымалдау көліктеріне электрондық билет енгіземін деген. Әзірге ол арман болып тұр. Байтұрсынов көшесін тақтай теп-тегіс қылып, шетіне велосипед жүретін жол саламын деген. Қайта Байтұрсынов көшесі былтыр болған «күрделі жөндеуден» кейін талқаны шығып жатыр. Биыл мұнда ешқандай құрылыс жұмыстары басталған жоқ. Былтыр шенеунік біткеннің бәрін қоғамдық көлікке отырғызып, автобустардың қызмет көрсету сапасын жақсартамыз деген Әбдірахымовтың әйдік жобасы да бос даңғаза болып шықты. Шымкентте қоғамдық көліктің сапасы бұдан түк те жақсарған жоқ. (сенбесеңіздер, мұны сол қоғамдық көліктің қызметін пайдаланатын қарапайым тұрғындардан сұрап көріңіздер). 2015 жылы қабылданған, талай жанның аузын аштырып, көзін жұмдырған  Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қазір күн тәртібінде айтылмауға айналды.  Әбдірахымов оны тіпті алғашқы әкімдік дәуірінде-ақ ұмытып үлгерген сияқты... 

2015 жылы Шымкентке алғаш әкім болып келген жылы халықтан арыз-шағымды WhatsApp жүйесі арқылы жинаған Әбдірахымов бұл жолы әдеттегіше тың әрекетке көшті. Жуырда қалалық әкімдік «Біздің жұмысымызға шағым жасаңыз» деген ұранмен қалалықтарды  Шымкент қаласы әкімдігінің жұмысын бағалауға шақырды. Әкімдік азаматтардан қала әкімдігінің жұмысында көрініс беріп отырған олқылықтар жөнінде толық ақпар беруді сұранды. Мұндай ақпараттарды ғаламтор арқылы беруге болады екен. Әйтеуір, Әбдірахымовтың бұл жолғы жұмысын олқылық іздеуден бастағаны қаншалықты нәтижелі боларын уақыт көрсете жатар.

Дереккөз: Рейтинг газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Биыл қар әдеттегі нормадан 2 есеге көп түскен
  • Көшпелі форматтағы қоғамдық қабылдаулар көбейіп келеді
  • Қарағандылық уланған балалардан ішек инфекциясы табылмады – Министр Ажар Ғиният
  • Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді
  • Қазақстанның бірнеше аймағында жанармай тапшылығы туындады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер