Халықаралық Түркі Академиясының орталығы ашылады

whatsapp_image_2018-11-19_at_13.58.52.jpeg 

Түркістан қаласында өткен «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференциясында Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту бағытында Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Халықаралық Түркі Академиясы мен Өзбекстан республикасы арасында да келісім жасалды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында осы академияның ғылыми орталығы бой көтереді. Түркістан төріндегі конференция «Түркі әлемінің қасиетті жерлері», «Түркі әлемінің атақты тұлғалары»  және  «Түркі тілдері мен жазуы»  деп аталатын 3 секциядан тұрды. Секцияларда Халил Акынджы (Түркия),  Виктор Бутанаев (Ресей), Мекемтас Мырзахметов (Қазақстан), Әбсаттар қажы Дербісәлі, Кюршад Зорлу (Түркия), Қаныбек Иманалиев (Қырғыз Республикасы), Рамиз Аскеров (Әзірбайжан), Өмірзақ Айтбаев (Қазақстан), Бахтиер Каримов (Өзбекстан), Рахмоил Сафаров (Тәжікстан), Александр Васильев (Ресей) және тағы басқа тарихшылар мен ғалымдар, профессорлар мен туркологтар білгендерін ортаға салды. «Түркі әлемінің  киелі  жерлері» деп аталатын  секциясында Түркі дүниесінің  киелі жерлерін анықтау  жобасын әзірлеу,  оның критерилерін белгілеу, жобаны іске асыру  мерізімі мен  кезеңдері,  жүзеге асыру тәртібі және  өзге де мәселелер талқыланды.

«Түркі дүниесінің атақты тұлғалары»  секциясында тұлғаларды анықтау критерилері  мен осы жобаны жүзеге асырудың тетіктері сөз болса, «Түркі тілдері мен  жазуы» тақырыбындағы  үшінші  секцияда түркі тілі, түркі әдебиеті, түркі тілдес елдердің латын графикасына  көшуі туралы мәселелер көтерілді.


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Халықаралық Түркі Академиясының орталығы ашылады