Мақтааралда аудандық деңгейде сенбілік өтті

Screenshot_3.jpg

Қарашаның 16,17,18 күндері өтетін Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, бүгін аудан әкімінің бастамасымен аудан көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, мерейтой өтетін Мырзакент кентінің орталық алаңы мен Атакент кентінің орталық стадионын көріктендіру жұмыстары атқарылды. Бұл жөнінде аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Өңір басшысы Б.Асанов тазалық жұмысының барысымен танысу үшін аудан орталығы Мырзакент кенті мен Атакент кенттерін аралап көрді. Сенбілік барысында орталық көшелердегі тозған билбордтарды дереу жаңартып, кәсіпкерлер тарапынан бейресми ілінген жарнамалық баннерлерді алып тастау үшін тиіс мекемелерге тапсырма берді. 

–Ауданның кіреберісінен бастап Мырзакент кентіне дейінгі республикалық жолдардың бойында 90 жылдық мерейтойға байланысты билбордтар орнатылуы тиіс. Тұрғындар мерекелік көңіл-күйде болуы үшін Мырзакент пен Атакент кенттерінің орталық көшелеріне ленталар ілініп, тазалық барлық жерде сақталуы керек, – деді Бақыт Нәсірханұлы. 

Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлерден бастап, білім, спорт, денсаулық сақтау мекемелерінің, жекеменшік мекемелердің қызметкерлері белсене қатысты. Аудан көлемінде өткен тазалық іс-шарасына 2 кент, 9 ауылдық округтен 2 мыңнан аса адам және 30-дан аса техника қатысып, 410 тонна ретсіз күл-қоқыс шығарылды. 48 шақырым көшенің бойлары, 12 шақырым аяқжолдар тазаланып, ретке келтірілді. Одан бөлек, көпқабатты үйлердің аумақтары мен кіреберістері, 1431 шаршы метр үй іргелік аулалар, 903 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер қоқыстан арылды.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Мақтааралда аудандық деңгейде сенбілік өтті