Түркістан көшіне Шардара ауданы спорттық жарыстар арнады

39395256_599808600421509_9205626352974168064_n.jpg

Ұлтжанды, сырбаз ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан – екі дүниенің есігі ғой» деп жырлап кеткен болатын. Осы бір өлең жолдарынан әйгілі ақын сол кезде-ақ Түркістан қаласының болашағы зор екенін сезгені аңғарылады. Мінекей, жақында Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласы – облыс орталығы болды. Осыған орай, еліміздегі өзге облыстардан бастап, өз өңіріміздегі аудандарға дейін Түркістан облысына түрлі деңгейде қолдау көрсетіп келеді.

Жақында Шардара ауданында Түркістан облысы әкімдігі мен басқарма қызметкерлерінің Түркістан қаласына қоныс аудару құрметіне спорттың жағажай түрлерінен жарыстар ұйымдастырды. Аудан әкімдігі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткен жарыста қала мен ауылдық округтерден келген спортшылар жағажай волейболынан, жағажай футболынан және балық аулаудан өзара сынға түсті. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, Елбасы Жарлығымен құрылған Түркістан облысының мән-маңызына кеңінен тоқталып өтті.

Қызықты өткен жағажай жарыстарында мықты деген командалар жеңіске жетті. Балық аулау жарысында түске дейін он келіден астам балық аулап үлгерген «Пират» командасы жеңіске жетсе, футбол ойынында аудандық футбол мектебінің ойыншалары жеңіс тұғырына көтерілді. Жағажай волейболы ойынында Шардара қаласының спортшылары жеңімпаз болып танылды. Жеңіске жеткен командалар мен жүлдегерлерге грамоталар мен сый-сияпаттар табыс етілді.


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Түркістан көшіне Шардара ауданы спорттық жарыстар арнады