Назарбаев даңғылына көшкелі көрермен аз...

222.jpg

Гүлшат ЕСПАЙ: 

Шанин театрының актрисасы Гүлшат Еспай көрермендерге Толымай, Бәйбіше, Бәбәжі қатын, ал балаларға «Қалқанқұлақ» телесериалындағы Мыстан кемпір рөлімен жақсы таныс. Ол сомдаған бейнелер көрермендердің есінде шынайылығымен, сыршылдығымен есте қалары сөзсіз.    Актриса 1949 жылы 17 шілдеде Жамбыл облысы, Қордай ауданы, бұрынғы Қасық, қазіргі Әлжан ана ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы «Қазақконцерттің» жанынан құрылған эстрада студиясында Надия Шарипованың класында оқыған. 1972 жылы Жамбыл облысының «Алатау» ансамбліне жұмысқа орналасады. Жолдасы Ахмет Өтебаев 1973 жылы Торғай облыстық театрының директор орынбасары, кейіннен театрдың директоры болып тағайындалады. Осыған байланысты Торғайға қоныс аударған Гүлшат Ермекбайқызы 1973 жылдан бастап аталған облыстың театр актрисасы атанады әрі өнерге де алғаш рет аяқ басады. 

– Бүгінге дейін қанша адамның бейнесін сомдадыңыз?

– 1987 жылы Торғай облысы жабылды да, бізді бүкіл ұжыммен Жезқазғанға алып кетті, екі жыл сонда жұмыс істедім. Ал осы Жұмат Шанин атындағы театрда еңбек етіп келе жатқаныма биыл – 29 жыл. 1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп келдік. Қанша рөл ойнағанымды санап айта алмаймын, жүзге жуықтап қалатын шығар. Ең алғаш 1990 жылы Оразбек Бодықовтың «Жан азасы» реквиемінде Махаббатты, «Айша бибі» спектаклінде Бәбәжі қатынды, «Ұрыларды қарақшы тонапты» қойылымында Мақсуданы, Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» драмасында Бәйбішені, «Пай-пай, жас жұбайлар» спектаклінде Ғазизаны сомдадым. Театрға жаңадан келген кезімде С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» спектаклінде Зуһраның бейнесінде көріндім. Осы қойылымды Алматы қаласындағы академиялық театрда да қойдық. Спектакльді Райымбек Сейтметов қойды. Тамашалағандар Алматыдағы әріптестерімізге қарағанда, біздікін «жақсы шықты» деп мақтады.

– Театр актрисасы мен кино актрисасының айырмашылығы неде?

– Айырмашылығы – театрда берілген рольді ойнау қиын. Себебі, басынан аяғына дейін рольді өте шынайы сомдап, соңына дейін алып шығуыңыз керек. Халықтың көзін алдай алмайсың ғой. Кинода бір кадрды қайталап отырып, әр кадрды бөлек-бөлек таңдап, ең жақсы шыққан жерін таңдап қоя салады. Ал театрда рөлді беріліп ойнады ма, шыңына шықты ма, жоқ жай ойнап шыға салды ма, соның бәрі көз алдыңызда тұрады.

– Көрермен сізді көбіне қай рөлмен іздейді?

– «Жеңгетай» спектакліндегі Толымай апаның рөлімен іздейді. Бұл спектакльдің қойылып жатқанына 13 жыл болыпты, оны көрермендер өздері сұрайды. «Түнгі көбелек», «Қарагөз» қойылымы да қазіргі мектеп оқушылары мен студент жастарға керек дүние. Трагедия не комедия болсын, керемет әртістердің арқасында спектакль ұзап кетсе де көрермен жалықпай көреді. Ал кейде қойылымның уақыты бір сағат, 15 минут болса да көрермендер зерігіп кетеді. Қалай десек те, әртістерге залдың лық толы болып отырғаны жақсы әсер етеді. Ондай кезде ерекше шабыттанып ойнайды. Рас, кейде залда көрермен жағы болмай қалады. Жиырма адам келсе де ойнаймыз. Ақша бөлініп жатқаннан кейін ойнауға тура келеді. Адам келмей қалды деп нашар ойнауға қақымыз жоқ, барымызды саламыз.

– Көрермен демекші, қазір театрға келушілер бар ма? Жастың да, кәрінің де қолында гаджет, күн-түні интернет қолжетімді заманда спектакль көретін адам табу қиын шығар?

– Театрымыз Назарбаев даңғылына көшіп келгелі көрермен азайып қалды. Бұрынғы театрдың ғимараты қанша дегенмен халықтың ортасында еді, көліктің келуі оңай болатын. Ал қазіргі театр қаланың шет жағына ауыстырылды. Мұнда қатынайтын маршруттар енді ғана көбейіп жатыр. Жуырда «Гамлет» қойылымының премьерасы болып өтті. Оған Астанадағы Жастар театрының қоюшы режиссері Бекболат Құрманғожаевты шақырды. Бірінші, екінші күні де зал лық толы аншлаг болды. Кейбір жерде адамдар түрегеп тұрды, далада қаншама адам кіре алмай қайтып кетті. Осы спектакльді театрымыздың өңшең жас әртістері ойнады. Айтпақшы, тағы бір айта кететін жайт, сахнаның іші мен көрермендер отыратын зал өте суық. Киімімізді жамылып жүреміз, тек сахнаға шыққан кезде ғана шешеміз. Биыл ішін жөндеп, жылу жүргіземіз деп уәде берді, көреміз. Интернет дамыды екен деп қол қусырып отырмастан жастарды өнерге баулып, дайындап жатырмыз. Өнерге деген құштарлық жойылса, оның соңын ойлаудың өзі қорқынышты. Театрға өз бетімен қызығып келетіндер де бар. Мен сізге айтайын, өмірінде театр көрмеген адамдар бар. Солардың өзі «спектакль деген жақсы екен ғой, тірі әртістерді көріп бір рахаттанып демалып қалдық» деп айтып жатты. Театр қандай кезең болса да қажет. Ол – өнердің шыңы. Өнерді сүйген адам ешқандай сылтау-себепке қарамайды деп ойлаймын. Жас кезімізде, теледидардың да аз кезі, театр десе балаша шапқылап, жағдайымыз жоқ болса да келіп көруге тырысатынбыз. Содан да шығар, әлі күнге дейін өнерге құштармыз.

– Өнер саласында жүрсіз, мемлекет театр әртістеріне қаншалықты көңіл бөліп жатыр деп ойлайсыз?

– Театрға аса көп мән берілмейді. Осы салада 40 жылдан аса еңбек етіп, бүкіл ғұмырын бергендерге атақ беріліп жатқан жоқ. Шанин театрында тек Айша Абдуллина «Халық әртісі», ал Құпия Рахымбердиева «ҚР еңбегі сіңірген әртісі» деген атағын алды, осы екі кісі ғана. Фатима Айнақұлова, Раушан Досжанова, Хадиша Сазантаева, тағы басқа кісілер атақ алмай өмірден өтіп кетті. Қанша ғұмырын театрға сарп етсе де «зейнеткер жасына жеттіңіздер» деп жұмыстан шығарып жіберді. Сол кісілер құсадан қайтыс болды.

– Зейнет жасына жетсе заңды демалысы емес пе?

– Өнер саласында кішкене жеңілдік бар ғой. Өнер адамдары әсіресе театр әртістері сәби сияқты жараланғыш болып келеді. Бойында күш-қуаты болып тұрса, әлі де адамдарға берері көп болса, кейінгі жастар тәлім-тәрбие алады. «Мынаны былай істе» деп жастарға ақылымызды айтып отырамыз, олар соны сахнаға шығарады. Сол жаман ба? Осынша жасқа келгенде әртістерді шығарып тастауды дұрыс емес деп санаймын. Олар онсыз да ары қарай көп жасамайды ғой. Өнер адамы театрда жүрсе осы жерден күш-қуат, энергия алады. Бір ғана адамның образына кіру үшін қаншама жүйкең кетеді. Әртіс деген жанын, жүрегін береді. Өнер адамдарының ерте дүниеден өтіп кететіні содан. Ошат Рахимов «Үлкен үй» фильміне түсті. Сол фильмнен кейін жүрегі шыдамай, 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ол кісі бүкіл өмірін өнерге берумен өтіп кетті. Алтын Айнабалаева, Ұлжалғас Сапарәлиева, Әнипа Қарабекова, Айжан Жұмабекова, Раушан Салова, тағы басқалардың осында еңбек етіп жатқандарына 40 жылдан асты. Мәдениет қайраткері дегеннен басқа ешқандай атақтары жоқ.

– Атақты сонда қандай нормативке сүйеніп береді?

– Еңбегі үшін, рөлдері үшін, қалай ойнады, соған қарайды. Екі-үш рөлді керемет қылып шығарса, сол адамға лайықты бағасын беру керек.

– Ұжымда 45 адам бар дедіңіз. Режиссер бір спектакльде соның бәрін қамтуға тырыса ма? Жалпы, қойылымды қалай бөледі?

– Пъесада қанша адам бар, сонша адамға беріледі. Десе де, режиссер көреген, психолог болу керек. Ол осы әртістің қолынан келеді, осы лайықты деп береді. Негізі бір спектакльде екі-үш құрам болады. Бір рөлді үш адамға береді. Қойылымды бір ғана құраммен ойнауға болмайды. Міне, осы кезде қай әртістің жақсы ойнағаны көрінеді.

– Шанин театрында әртіс үшін жазылған пъеса, драмалар бар ма?

– С.Балғабаев «Ең әдемі келіншек» спектаклін Лидия Кәденоваға арнап жазды деп естідім. Сахнаға да сол бейнені алғаш алып шыққан сол кісі. Шанинде ондай әртіс болмады. Ал егер арнап жазам десе, бізде де бар ғой ондай өнер адамдары. Мысалы, мен Раушан Салованы, Әнипа Қарабекованы айтар едім. Бұл кісілер трагедиялық рөлдерді керемет алып шығар еді. Бірде Бибігүл Төлегенова Кәукен Кенжетаев туралы естелік хабарында тура менің ойымда жүрген сөзді айтты. «Қазір операның әншілері бір орында тапжылмай тұрып алады да айта береді» деді. Расында кейде «Абай» операсын көремін, театр актрисалары сияқты жанын беріп ойнау жоқ, жансыз образ жасап жатқандай. Егер театр әртістері опера айтатын болса, образға кіріп айтар еді. Мен Шабал Бейсекова, Роза Жаманова, Байғали Досымжанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтің орындаған операларын көрдім. Кәукен Кенжетаев та образға жанын салып тұрып кіретін. Операда әнмен жеткізсе, біздікі сөзбен жеткізеді. 

Сұхбаттасқан 

Жансая СЫДЫҚБАЙ


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Фильм арқауы – шекарасыз махаббат
  • «Mecenat.kz» әдеби байқауының III маусымы ашық
  • Tashenev Unіversіty жастарға үміт сыйлайды
  • Шымкентте "Жоғалған жұрпақ" қойылымының премьерасы өтті
  • «Тәуелсіздік ұрпағы» және «Жас волонтер» жобалары аясында марапаттау кеші өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер