
Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтығожа Ізмұхамбетов жаңа Конституция жобасында егде жастағы азаматтарға қатысты бірқатар маңызды нормалар көзделгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, құжатта әрбір азаматқа жалақы мен зейнетақының ең төменгі мөлшеріне, сондай-ақ жасына, науқастануына немесе мүгедектігіне байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға тікелей кепілдік беріледі. Сонымен қатар мемлекет әлеуметтік қамсыздандыру мен қайырымдылықтың әртүрлі нысандарын дамытуға жәрдемдесуге міндеттенеді. Бұл егде жастағы адамдар үшін қосымша әлеуметтік қорғаныс тетіктерін қалыптастырады.
Конституцияның жаңа жобасында Преамбулаға тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаларының бірі ретінде енгізілген. Осы арқылы ел болашағын қалыптастыруда аға буынның жинақталған білімі мен тәжірибесінің маңызы айқындалып отыр.
Сондай-ақ бұрынғы консультативтік құрылымдардың орнына «Қазақстанның Халық Кеңесін» құру көзделген. Кеңес құрамына барлық өңірдің өкілдері еніп, оның ішінде аға буын өкілдері де маңызды мемлекеттік шешімдер мен заң жобаларын талқылауға қатыса алады.
Жоба аясында кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндетін Конституцияда бекіту ұсынылады. Бұл ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
Бұдан бөлек, жаңа Конституция жобасы азаматтардың жеке қаражаты мен өмірін қорғау кепілдіктерін күшейтеді. Мемлекет банк салымдары мен жинақтардың сақталуына, сондай-ақ қаржылық операциялардың құпиялығына кепілдік береді. Жеке деректерді, оның ішінде интернет-кеңістікте заңсыз пайдаланудан қорғау жеке норма ретінде бекітіледі. Бұл цифрлық технологияларды пайдалану кезінде қиындыққа жиі тап болатын егде жастағы адамдар үшін ерекше маңызды.
Сонымен қатар 3-бапта жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа ұқыпты қарау қағидатының алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілуі де ардагерлер тарапынан қолдау тапқан.
Сөз соңында Бақтығожа Ізмұхамбетов ардагерлер қауымы әзірленген жаңа Конституция жобасын толық қолдайтынын атап өтті.
