Премьер-министр Олжас Бектеновтің 2025 жылғы 22 мамырдағы өкімімен ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
— Ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін күшейту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру — делінген құжатта.
Сондай-ақ жұмыс тобына 2025 жылғы 31 қазанға дейін ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды Үкімет Аппаратына ұсыну тапсырылды.
Ал, аталған өкімнің орындалуын бақылау премьер-министрдің орынбасары Ерлан Қошербаевқа жүктелді.
Жұмыс тобының құрамына мына лауазымды тұлғалар енді:
Премьер-министрдің орынбасары — топ жетекшісі;
Мәдениет және ақпарат министрі — жетекшінің орынбасары;
Мәдениет және ақпарат вице-министрі — хатшы;
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісім бойынша);
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары (келісім бойынша);
Сыртқы істер министрінің орынбасары;
Ішкі істер министрінің орынбасары;
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі;
Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының қауіпсіздік мәселелері бөлімі секторының меңгерушісі (келісім бойынша);
Президент әкімшілігінің коммуникациялар бөлімі секторының меңгерушісі (келісім бойынша);
Президент әкімшілігінің цифрландыруды дамыту бөлімі секторының меңгерушісі (келісім бойынша);
Үкімет аппаратының әлеуметтік даму бөлімі меңгерушісі.