Қытайдың Таншань қаласында Астана қаласына арналған LRT вагондарының алғашқы екі құрамы жіберілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан тарапынан шараға «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев қатысты. Қытай тарапынан «CRRC Tangshan Co., Ltd» жылжымалы құрамды өндіруші зауыттың Басқарма төрағасы Чжоу Цюннянь және бас мердігер CRAEC компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй қатысты.
Таншань қаласындағы зауытта жоба аясында барлығы 19 бірлік жылжымалы құрам өндіріледі. Заманауи, төрт секциялы, жүргізушісіз жүретін, автоматтандырудың төртінші деңгейіндегі вагондардың әрқайсысы 650 жолаушыға арналған.
Өндіріс 1881 жылы құрылған Қытайдың теміржол саласындағы ең ірі әрі көне кәсіпорындарының бірі — «CRRC Tangshan» зауытында жүзеге асырылады.
- Астанаға алғашқы екі құрамды жеткізу маусым айына жоспарланған. Қалған 17 құрам осы жыл соңына дейін жеткізіледі. Желіні сынақтан өткізуді бастау қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қазір Астанадағы LRT жобасы аясында құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Жол төсеу, станциялар қасбетін монтаждау, эстакаданың тіректері мен арқалықтарын сырлау, сыртқы инженерлік желілерді қосу, эстакада асты аймағын абаттандыру және депо құрылысы жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды «City Transportation Systems» ЖШС.
Айта кетсек, елордадағы LRT рельсінің 25 пайызы төселді.
LRT биыл күзде тестілік режимде іске қосылады.